• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Наурыз, 2020

ПРЕМЬЕРА: «Ханзада» (Hamlet) көрерменін несімен таңғалдырмақ?

1543 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театрында премьера! 5 наурыз күні сағат 19.00-де театр сахнасында ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы өзгеше үнде көрерменге жол тартады. Елорданың елеулі жаңалықтарын қалт жібермейтін «Егемен Қазақстанның» тілшілері Жастар театрына арнайы барып, шығармашылық ұжымның премьераалды жаңалықтарымен танысып қайтқан болатын.

«Шекспир шығармасын қою – әрбір өнер иесінің бұғанасы бекіп, есеюіндегі ұлы емтихан» деген болатын кезінде драматургия дүлдүлі Қалтай Мұхамеджанов. «Гамлетке» тәуекел ету елордалық Жастар театры үшін де сыры мен сыны көп өнердің айтулы сынағы іспеттес. Сондықтан болса керек, театр ішіне енгеннен-ақ тынымсыз қарбаласқа кезіктік. Өйткені ертең кешке дәл осы сахнада Уильям Шекспир шығармасы қазақша сөйлейді.

Сахнада қызу дайындық жүріп жатыр. Әртістердің бізге тіпті назар бұрып қарауға да шамалары жоқ. Бірі – Гамлет, келесісі – Офелия, Клавдий, Гертруда, Полоний, Лаэрт тағысын тағы боп жасанған актерлер өз ойынына өздері әбден сеніп алғандай. Үстілеріне құйыла кеткен сахналық костюмдері де ақсүйектер әлемінің сәні мен салтанатын паш етіп тұр.

Костюм демекші, спектакльге арнайы 50-ге жуық костюм тігіліпті. Сахналық киімдердің дизайны толығымен талантты дизайнер, хореограф Алтынбек Ермұханның қиялынан туған. Ал қағазға түскен көркем жұмысты (эскиз) костюмге айналдырған тігіншілер жұмысының да салмағы есепсіз. Үш айдан аса уақыт тәулік бойы ине-жібі қолынан түспеген тігіншілер еңбегінің еш кетпегені сахнадағы сәнді киімдер салтанатынан айқын көрінеді.

«Гамлеттегі» образдардың эскиздерін еуропалық стильде сыздық. Бірақ режиссердің ойында сақ дәуіріндегі киім үлгісі болғандықтан қайта жасауға тура келді. Бұл қойылымдағы киім үлгілерінің ерекшелігі – көк түсті әшекейлерді  көп  қолдануымыз», дейді Тігін цехының меңгерушісі Марина Сейдалиева.

Костюмдерден бөлек, сахнада біздің назарымызды аударып, ерекше көңіл бұрғызған жұмыс – ол, әрине спектакльдің сценографиясы болды. Қойылым суретшісі – Ерлан Тұяқов. Әр жұмысы жандылығымен, жаңашылдығымен, көркем өрнек, ойлы астарымен ерекшеленіп тұратын талантты қылқалам иесінің қиял жемісі бұған дейінгі жұмыстарына ұқсамайды.

– Жастар театрының қойылымдарына жиі келіп тұратын көрермен жақсы біледі, біз спектакльдерімізде сықиған мүлік, таудай қамалдарға жүгінгеннен гөрі, қозғалмалы, актер қимылымен бірге сөйлеп тұратын декорацияға басымдық бергенді құп көреміз. Ол – режиссер Нұрқанат Жақыпбаймен шығармашылық тандеміміздің бір ерекшелігі десем болады. Бұл спектакльде де солай. Мүлік аз, деталь, символика көбірек сөйлейді. Спектакльде шартты шешімдер өте көп. Көрермен жасырған жұмбағымызды шешіп, қойылым ішінен өзіне керегін тауып алады деп сенеміз, – деді Жастар театрының бас суретшісі, «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының иегері Ерлан Тұяқов.   

Иә, бұл «Гамлет» бұрынғылардан өзгерек. Жарнамалық афишадан менмұндалап шақырған «Ханзада» деген атауының өзі Шекспир шығармаларын жастана оқыған кез-келген көзі қарақты оқырман һәм көрерменді елең еткізері сөзсіз. «Гамлеттің» қалайша «Ханзадаға» айналғанын білгіміз келіп режиссерді аз-кем әңгімеге тарттық.

– «Гамлет» – У. Шекспирдің әлем бойынша ең көп қойылған шығармаларының бірі. Ширақ әрекет пен шымыр диалогқа құрылған трагедия әлем жауһарларының танымал төлқұжаты іспеттес. Шекспир драматургиясы шаң баспайтын, ескіріп қалмайтын өміршең әлем екендігі әмбеге аян. Біз «Гамлет» трагедиясынан тек ағылшын корольдігінің басына үйірілген бұлтты ғана көреміз десек, ол таяздық болар еді. Бұл – ұлтқа бөлінбес, адамзаттық тақырыптағы найзағай рухты шығарма. Сондықтан да мен «Гамлет» арқылы өз ұлтымның өзекті мәселелерін сөз еткім, қазақтың болмысын көрсеткім келді. Спектакльдің «Ханзада» деп қазақшалануы да содан. Әзірге айтарым осы. Қойылымның бұдан да өзге жаңалығы көп. Оны қазір жайып салғым келмейді. Барлығына премьера күні өздеріңіз куә болып, бағасын берерсіздер, – деп сауалымызға қысқа ғана жауап берген режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай үзіліп қалған репетициясын әрі қарай жалғап, өз жұмысына кірісіп кетті.

Ал біз актерлердің дайындығымен таныспаққа сахнаның артқы жағына қарай өттік. Мұнда да бірі киім ауыстырып, енді бірі күбір-күбір репликасын қайталап, дайындалып жүрген әртістердің қызу қарбаласына жолықтық. Әсіресе, бүгінде кино мен театрдың жарық жұлдызына айналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметовті король Клавдий рөлінде көріп қуанып қалдық. Бұған дейін дәл осы театр төрінде жарқырата сомдаған У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Петручио бейнесі әлі күнге дейін талғампаз көрерменнің жадынан шыққан жоқ. Театрсүйер қауымды үздіксіз қуантып келеді. Орайы келіп тұрғанда біз де көп іркілмедік, актерді бірден әңгімеге тарттық.

– Өздеріңіз куә болғандай, Шекспирдің «Гамлетін» сахналап жатырмыз. Режиссеріміз киім үлгісі және стилистика жағынан өзгеріс енгізді. Байырғы дәуірден өзіміздің ата-бабаларымызға жақындаттық. Қойылымда екі образды сомдаймын. Біріншісі – зұлым патшаның рөлі, екіншісі – Гамлеттің қайтыс болған әкесі әруақтың рөлі. Жағымсыз кейіпкер дейміз ғой. Жағымсыз кейіпкердің рөлін сомдау актер үшін қызықты. Қоржынға тағы бір жаңа образ қосылмақ.

Сауалымызға көсіле жауап берген өнер иесі, көңіл түкпіріндегі орындалмаған арманын да айтып қалды.

– Пьесаны оқыған сәттен, студент шағымнан Лаэрт бейнесін сомдағым келетін. Бастапқыда режиссер де сол образды маған беретінін айтты. Бірақ соңында Клавдий рөлі бұйырды.

Көзі қарақты көрерменнің көкейіде: «Әділ Ахметов әрдайым патша, король бейнелерін сомдап келеді. Бұл жолғы патша образының ерекшелігі қандай?» деген сұрақ туындағаны сөзсіз...

–  Әлі күнге дейін үлкен ізденіс үстіндемін. Бүгінге дейін ойнаған патша образдарын жағымды жағынан алып шығатынбыз. Ал бұл жолы зұлым патшаны сомдаймын. Дегенмен, «зұлымды ойнаймын» деп бірден көз алартып, қатыгездікке салғым келмейді. Зұлым адамның да жақсы боп көрінгісі келетіні анық. Жақсы боп тұрып, зұлымдығының бет-бейнесі ашылатын сахналары бар. Яғни, оның бет-бейнесі Лаэртпен бірге Гамлетті өлтіру туралы ақылдасатын кездерінде ашылады, - деді Әділ Ахметов.

Актер Әділ арманындағы рөлін король Клавдийдің жолына құрбан етсе, Шекспирдің Офелиясын ойнауды армандаған жас актриса Назерке Серікболованың қуанышында шек жоқ. Өйткені ол премьера күні арманын ақиқатқа айналдырмақ.

– Кез келген жас әртіс үшін Шекспир секілді ұлы драматургтің шығармасында ойнау  үлкен бақыт, теңдессіз тәжірибе деп білемін. Әрине, бүгінге дейін режиссер, ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай мен әріптестерімнің маған артқан сенімінің, қолдауының арқасында театр репертуарындағы біраз қойылымда басты кейіпкерлерді ойнап келемін. Бірақ, көңіл түкпірінде студент кезімнен ойнасам деген бір бейне болатын, ол – Офелия. Міне, сол тілегім, бұйырса, орындалайын деп отыр. Қатты қобалжу үстіндемін, – деп риясыз сырымен бөлісті актриса.

 

Театр залынан дайындық барысын тамашалаған сәтте Гертруда образына назарымыз ауды. Шекспирдің бұл кейіпкерін «Жастар» театрының жетекші актрисасы Айнұр Рахипова сомдайды. Актрисаның бар ойы мен назары дайындықта болғандығына қарамастан сыр тартуға тырыстық.

– Қойылымға екі айдан бері дайындалып жүрміз. Гамлеттің шешесі, ханшайым Гертруданың қыр-сырын ашу өте қиынға соқты. Өзі ханшайым әрі жесір әйел. Осының бәрін психологиялық паузаларымен қамтып, сомдау қиынға соқты, деп актриса жауабын қысқа қайырды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Әділ Ахметовтың армандап жүрген Лаэрт бейнесін кескіндеу  Данияр Оразаевқа бұйырған екен. Қойылымдағы бас кейіпкерлердің бірін сомдау жас актерге қаншалықты қиынға соққанын өзі айтып берді:

- Лаэрт – Шекспир шығармасындағы басты кейіпкерлердің бірі. Бұл бейне болмаса оқиға желісі басқаша өрілуі мүмкін еді. Лаэртті Шекспир өте орынды, дөп қолданған деуге болады. Пьеса бойынша Лаэрт үш-төрт сахнаға шыққан соң Францияға оқуға кетуі тиіс, бірақ біздің режиссердің трактовкасында бір сахнамен Францияға оқуын жалғастыруға кетеді. Соның өзінде сарайдағы оқиғаға тікелей қатысы бар. Өйткені, әкесі Полоний мен қарындасы Офелия осында қалды. Бұл кейіпкерлер отбасының қамын ойлап, қарақан басын күйттеп жүрген жандар. Осы рөлдің өзіме тиесілі екенін білген соң қатты қобалжыдым. Мәтінді оқып, режиссердің ескертулерінен соң, өнердегі ағаларым – Әділ Ахметов пен Жандәулет Батай сынды театрымыздың сақа әртістерінен тәлім ала жүріп, барымды сала дайындалдым. Нәтижесін көрермен өзі бағалай жатар, -  дейді Данияр Оразаев.

Төрт ғасыр бойы сахна төрінен түспей, темірқазықтай болған қойылымның басты кейіпкері – Гамлет. Бұл образды кейіптеу әрбір әртістің ұлы арманы десек, артық айтқанымыз емес. Ендеше, зұлымдықпен бетпе-бет келіп, қиянатқа қарсы тұрған, «Өлмек пе, қалмақ па – ендігі сауал екі ұдай» деп ішкі сезімдерімен арпалысқа түскен ханзаданың рөлін бұл қойылымда кім сомдамақ?!   Әрине, ол көрерменнің көз айымына айналған, көпшіліктің сүйікті актеры – Дәурен Серғазин. Дайындық кезіндегі қарбаласта сахна сыртындағы Гамлеттің қобалжығанына куә болып, кейіпкерін өз деңгейінде сомдап шығуын уайымдаған актердың терең толғанысын сезіндік. Себебі бүгінге дейін Дәуреннің сан түрлі бейнені жоғары деңгейде ойнағанына қанша куә болсақ та, бұл жолғы рөлінің жөні бөлек, жауапкершілік жүгі ауыр. Дәурен Серғазинның Ханзада образын қалай алып шығатынына премьерада куә болмақпыз.