Сұрапыл соғыс жылдары үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған Иван Кожедубтың атағы жер жарып тұрды. Соғыстан кейін де ерен ерлігі үшін абырой-атаққа бөленді. Ал Кожедубқа авиамеханик болған қазақтың қаршадай қызы Мәдина Ысқақованың ерлігі ше?..
Майдан даласында нағыз ерлерге тән ерлік көрсеткен Мәдина Ысқақова Ақмола облысының Сандықтау ауданына қарасты Зверевка елді мекенінде дүниеге келген. Соғыстан соң сол кездегі Көкшетау облысына қарасты Айыртау ауданының Бірлестік ауылында тұрған. Соғыс және еңбек ардагері еңбек майданында да ақ адал ісімен өзгеге өнеге болған. Балбармақ сауыншы атанған.
Алдымен Иван Кожедуб туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Батыр Украинаның Сумы облысына қарасты Ображиевка атты шағын елді мекенде туған. Соғысқа дейін Шостка химиялық-технологиялық техникумында білім алған. Техникумда оқи жүріп, аэроклубта шұғылданған. Аспанға ғашық бозбала Чугуев әскери авиациялық училищесін аяқтап, бесінші әуе армиясына қарасты 240-шы жойғыш авиациялық полкында қызмет еткен. Соғыстың басында атақты авиаконструктор Семен Лавочкиннің «Ла-5» жойғыш ұшағымен ұшқан. 1944 жылдың мамыр айында Сталинград қаласында тұратын ара өсіруші Василий Конев өз қаражатына ұшақ жасатып, «Ла-5 ФН» жойғыш ұшағын сыйға тартқан екен. Осы ұшақпен 330 рет аспанға көтеріліп, көк аспанның көк тұйғыны тәрізді зұлым жауға шүйліккен. Жаудың 62 ұшағын жойып жіберген. Талай-талай мұздай құрсанған бекіністердің күлін көкке ұшырыпты. Майдан даласында да, елде де сайыпқыран ұшқыштың ерлігі мен ептілігі аңызға айналған. Талай өрімдей жастар дәл Иван Никитович тәрізді ұшқыш болуды армандаған. Ал батыр болса кез келген жауынгердің маңдайына бұйыра бермейтін ғаламат марапат – Кеңес Одағының Батыры атағын үш мәрте иеленген. Осы сұрапыл екпінді сұңқардың ұқыпты да іскер авиамеханигі көкшетаулық ержүрек қазақ қызы Мәдина Ысқақова болған екен. Иван Никитовичтің өзі әскери журналист Сапарғали Жағыпаровпен тілдескен сәтінде Мәдина Ысқақова туралы былайша еске алыпты.
– Мәдина ма? Ол құдды Мэри Пикфорд қой. Тал шыбықтай солқылдаған нәзіктігі, айрықша келбетті сұлулығы, әдемі дауысы әйгілі актрисадан аумайды, – деген екен батыр, – мен тәрізді үш мәрте батыр атағын алмаса да, сондай атаққа еңбегі мен ерлігі әбден лайық еді. Менің ұшағымды ұрысқа дайындап, атағымды асқақтатқан да Мәдина Ысқақова, Виктор Иванов, Мария Раздорскаялар.
Шын мәнінде ұрыс нәтижесі он саусағынан өнер тамған осындай мамандардың тындырымды еңбегіне тәуелді болатын. Мәдина Ысқақова «КП-12» оттегімен жабдықтау құралымен жұмыс істеп, ұшақтың кем-кетігін уақытылы жөндеп отырған.
Иван Кожедуб Мәдинаға нағыз батырдың батыры деп баға берген екен. Шынында да, батыр қыз майданға 17 жасында өзі сұранып барады. Әскери комиссариаттағыларға жасын үлкейтіп көрсетіп, 21-демін деген. Шын мәнінде сол кезде тоғызыншы сыныпта ғана оқыған. Табалдырығын тоздырып жүріп, жас көкіректегі кек оты лаулаған арманына жетіп, 1942 жылдың мамыр айында майдан даласына аттанып кеткен. Әуелі Кемерово қаласындағы авиация мектебінде оқыпты. Осы кезде Мәдинаның үлкен ағасы Әбілқасен Балтық теңізі жағалауындағы қиян-кескі ұрыстарда аты шыққан бомбалаушы ұшақтың ұшқышы екен. Мәдина да батыр ағасының жолын жалғастыруды мұрат тұтқан. Өзі де ұшқыш болғысы келген. Кім білсін, жолы оңғарылып ұшқыш бола қалса, қазақ қыздарының арасынан тұңғыш шыққан батыр атанар ма еді. Әйтсе де ұшқыш болудың оңай-оспақ шаруа емес екендігін айтып, әрең көндірген мектеп басшылары Мәдинаға ұшқыш механигі болып та зұлым жаумен күресуге болатынын түсіндірген. Осылайша Мәдина аталған әскери мектептің екі жылдық оқу бағдарламасын небары алты айдың ішінде бітірген. Кейін өз естелігінде батыр апай майдан даласына қалай барғаны туралы сараң болса да еске алған екен. Алғашқы барғанында әскери комиссар жап-жас қыздың кескінін бір шолып өтіп, «саған қайдағы майдан?!» десе керек. Келесі жолы да дәл сондай жауап қатқан. Күнде-күнде бара берген соң өтінішін қабыл алса керек. Жалғыз емес, 900-дей қыз-келіншек. Қасында Жамантұз ауылынан Райхан Мұхамеджанова, Петропавл қаласынан Зина Уәлиахметова, Көкшетау қаласынан Назқия Ақиева тәрізді құрбылары болыпты.
Оқуды аяқтаған соң 240-жойғыш авиация полкына жолдама алған. Курск, Орел, Белгород қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Көк аспанның көк тұйғыны Иван Кожедубтың жанында. Бірі аспанда – бірі – жерде. Ерлік те егіз, еңбек те ортақ. Аспандағының абыройы асқақтағанда, жердегінің жеңісті жақындатуға деген жансебіл еңбегі де көп еді.
Жеңіс күнін гвардия сержанты Мәдина Ысқақова Прага қаласында қарсы алса керек. Мәскеуде өткен Жеңіс парадына Екінші Украина майданының құрамында қатысқан. Майдан даласындағы ерлігіне орай ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Жеңіс мерекесіне де 75 жыл толып отыр. Ел шетіне жау тигенде азаматтармен бірге майдан даласына өзі сұранып аттанған Мәдина Ысқақованың ерлігі ескерілмей жатыр. Батыр апаның есімін баянды ету жолында нәтижесіз талпыныс та болды. Алғаш рет 2000 жылы ет жақын ағайындары, танып-білген, ерлікті бағалай білетін адамдар мәселе көтерді. Бұл кезде Көкшетау қаласының әкімі Асқар Хасенов еді. Бастамашы топқа облыс орталығындағы №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектеп пен облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымдары да қосылды. Ономастика комиссиясының шешіміне орай Мәдина Ысқақованың есімі Көкшетау қаласының бір көшесіне беріледі деген ұйғарым болған. 2003 жылы желтоқсан айында Көкшетау қалалық тіл саясаты және ономастика комиссиясы отырыстарында осы мәселені қайта қарап, ынталы тарапты қуантып та қойған. Бірақ әлі күнге нәтиже жоқ.
Батыр апамыздың ерлігі бағаланғаны жөн. Ел өз ерін ардақ тұтпаса, өнегені қайдан алмақ?!
Ақмола облысы