Нидерланд астанасы Амстердамда футболдан Ұлттар лигасының 2020/2021 жылғы маусымының жеребесі тартылды. «С» лигасының 4-тобына түскен Қазақстан ұлттық құрамасы Албания, Беларусь және Литва құрамаларымен ойнайтын болды.
Былтырғы маусымда «D» лигасында өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасы турнирдің жаңа ережесі бойынша биыл «С» лигасында ойнауға мүмкіндік алды. Бізге қарсылас атанған жоғарыдағы үш құрама да қазақстандық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Себебі әр жылдары Қазақстан құрамасы Албания, Беларусь және Литва футболшыларымен жасыл алаңда кездескен. Енді қарсыластарымызға жеке-жеке тоқталып, мүмкіндіктерін саралап көрейік.
Жеребеге сәйкес, Қазақстан Ұлттар лигасындағы алғашқы ойынын сырт алаңда Балтық жағалауында орналасқан Литва құрамасымен өткізеді. Екі елдің футболшылары бүгінге дейін бір ғана матч өткізген. Оның өзі – жолдастық кездесу. 2014 жылы Анталияда өткен ойында екі құрама 1:1 есебімен тең тарқасқан. Матчтың 5-минутында Гедиминас Вичюс есепті ашса, 69-минутта Нұрбол Жұмасқалиев гол соғып, ұлттық құраманы жеңілістен құтқарып қалды. Сондай-ақ бұл матч сол кездегі Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Красножан үшін де алғашқы ойыны еді.
Сондай-ақ жерлестеріміз 2020 жылғы алғашқы ойынын дәл осы болашақ қарсыластары Литва құрамасына қарсы жолдастық кездесу өткізуден бастайтынын айта кеткен жөн. Матч 27 наурызда Алматыдағы Орталық стадионда болады. Қазіргі таңда Литва құрамасы ФИФА рейтингінде 131-орында тұр. Қарымта ойын қарашада Қазақстанда өтеді.
Беларусь пен Қазақстан құрамасының футболшылары бүгінге дейін жасыл алаңда үш рет жолықты. Оның екеуі ресми матч болса, біреуі – жолдастық кездесу. 2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде бір топта сынға түскен екі құраманың ең алғашқы «таныстығы» 2009 жылы басталды. 1 сәуірде Алматыдағы Орталық стадионда өткен ойынның бірінші таймында жерлестеріміз 1:0 нәтижесімен есепте алда тұрған-ды. Екінші таймда біздің футболшыларды не қырсық шалғаны белгісіз, айналдырған 16 минутта 4 гол өткізіп алды. Матч аяқталар тұста қонақтар тағы бір гол салып, 5:1 есебімен жеңіп кетті.
Сол жылы қазан айында Берстте өткен қарымта кездесуде біздің футболшылар алаң иелеріне еш қарсылық көрсете алмай, тағы да ірі есеппен жеңілді. Бұл жолы Беларусь құрамасы біздің қақпаға жауапсыз 4 гол соқты. Екі жеңілістен кейін жерлестеріміз тек 2011 жылы Анталияда өткен жолдастық кездесуде ғана тең ойнады. Матчтың маңызы болмаса да, әзірге осы кездесудегі тең есепті көңілге медеу қыламыз. Ойынның 45-минутында Вячеслав Глеб пенальтиден гол соқса, 90-минутта Сергей Остапенко ұлттық құрамаға тең нәтижені сыйлады. Қорытынды есеп – 1:1.
Ұлттар лигасындағы екі құраманың алғашқы ойыны 7 қыркүйекте Қазақстанда өтсе, қарымта матч қазан айына жоспарланған. Беларусь құрамасы ФИФА рейтингінде 87-орында тұр. Ұлттар лигасының 2018/19 маусымында Беларусь футболшылары «D» лигасында бірінші орын алып, биылғы Еуропа чемпионатына жолдама беретін ойынға қатысуға мүмкіндік алды.
Топтағы соңғы қарсыласымыз – Албания құрамасы. Әзірге екі елдің футболшылары тарихта екі рет кездескен. Қазақстан мен Албания 2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында бір топқа түскен. Бұл Қазақстан құрамасының 2004 жылы УЕФА құрамына кіргеннен кейінгі алғашқы халықаралық турнирі еді. 2004 жылдың қазан айында Алматыда өткен ойында қонақтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. 2005 жылы сырт алаңдағы кездесуде де жерлестеріміз қарсыластарына жол берді. Бұл жолғы матч 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Қазіргі таңда Албания ФИФА рейтингінде 66-орында тұр. Рейтинг бойынша топтағы ең үздік құраманың бірі. Ұлттар лигасындағы екі құрама арасындағы бірінші матч қазан айында Қазақстанда, қарымта ойын қараша айында Албанияда өтпек.
Жалпы біздің топта бірінші орын үшін талас Қазақстан, Албания және Беларусь құрамалары арасында өрбімек. Сондай-ақ Қазақстан – Беларусь арасындағы матчта «Астана» сапындағы беларустық Иван Маевский мен Макс Эбонгтің рөлі үлкен болмақ. Өйткені екеуі де Қазақстан чемпионатында ойнайды және алғашқысы біздің футболшылардың мүмкіндігін жақсы біледі. Сонымен қатар қазіргі таңда Ұлттық құраманың бас бапкері Михал Билек «Астананы» да жаттықтыратыны белгілі. Әйтсе де Билек мырза күзге дейін «Астана» сапындағы «тыңшы» футболшыларына бар тактикасын жайып салмай, бір бармағы бүгулі жүретіні анық.
Биылғы ереже бойынша, Ұлттар лигасының финалдық матчы тек «А» лигасының жеңімпаздары арасында ғана ойналады. Өткен жылғы бәсекеде Португалия құрамасы Ұлттар лигасының тұңғыш жеңімпазы атанды. Финалда Нидерланд құрамасына қарсы ойнаған Пиреней түбегі елінің футболшылары 1:0 есебімен жеңіске жеткен-ді.
2014 жылы елордада өткен УЕФА-ның XXXVIII конгресінен кейін аталған ұйым футболдан Еуропа чемпионатының 60 жылдығын тойлау мақсатында осындай жаңа турнир енгізді. Ұлттар лигасының мақсаты – жолдастық кездесулерді ресми ойындарға ауыстыру арқылы ұлттық құрамалардың деңгейін дамыту, сонымен қатар деңгейі тең ұлттық құрамаларға бір-бірімен ойнауға мүмкіндік беру.
Еске сала кетейік, Ұлттар лигасының алғашқы маусымына Қазақстан құрамасы да қатысқан болатын. «D» лигасында Грузия, Латвия және Андорра құрамаларымен бір топта бақ сынаған жерлестеріміз алты ұпай жинап, екінші орын алған болатын. Ал топ жеңімпазы атанған Грузия құрамасы наурыз айының соңында Еуро-2020 турниріне жолдама беретін жарысқа қатысуға мүмкіндік алды.