«Ауыл» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының өкілдері Петропавл қаласында тұратын 15 балалы отбасын көктем мерекесімен құттықтады. 20 жыл бұрын үйленген Павел мен Таьяна Култышевтар балаларды жақсы көретін болғандықтан осынша сәбиге өмір берген екен.
Сегіз ұл мен жеті қыздың ең үлкені 18 жастағы Инна. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді» деген емес пе, музыкаға қабілеті бар Иннаның жолын артындағы үш сіңлісі де жалғастыруда екен. Иннаның өзі фортепианода ойнаса, Лена флейтада, Ира мен Таня скрипкада ойнайтын көрінеді. Ал ұл балалар орыстың халық аспабы - балалайка мен акккордеонда жақсы тартады екен, сөйтіп, отбасылық ансамбль де құрып алыпты.
Темірғали Текебасұлы бастаған «ауылдықтар» тобы осы отбасын көктем мерекесімен құттықтап, туған Отандарына адал қызмет етіп, көргенді азамат болуларын тіледі және апарған бағалы сыйлықтарын тапсырды.
«Қазақстан Республикасының барлық азаматы тең құқықты, мемлекет бәріне бірдей қамқорлықтар жасауда. Ертең-ақ сендер де Отанымыздың білікті де білімді азаматы боласыздар. Сол күнге аман жетіңіздер!» деді ол балаларға.
Келгендер балалардың бәрі жақсы тәрбие алып келе жатқандығының куәсі болды. Бәрі де оқуға ынталы, адамгершіліктері де жақсы, тәртіпті балалар екені көрініп тұр. Кезбелік, қаңғыбастық деген бұл үйдің балаларына жат қылық екен. Бәрі де келген қонақтарға құрмет көрсетіп, сұраған сауалдарға ыждаһатпен жауап беріп жатты.
Балалардың анасы Татьяна Култышева кішкентайларды ойнату, тамақтандыру, киіндіру жұмыстарына үлкендердің көп көмек беретінін айтты.
«Үлкен балаларым көмектеспесе бәріне үлгеру қиын. Қыздарымның алды үй жинау, тамақ пісіру, кір жуу жұмыстарына да көмектеседі. Тіпті, іс тігу сияқты жұмыстарды да солар атқарады» деді ол.
Павел Култышевтің өзі он қолынан өнер тамған шебер көрінеді. Ол автомобиль жөндеу, дәнекерлеу жұмыстарын жеңіл атқара беретін көрінеді. Қазіргі тұрып жатқан үйлерін де өз қолымен кеңейтіп алған екен. Үлкен ұлдар бұл істе әкелерінің сенімді көмекшісі бола білген.
Қазір Култышевтерге қалталы азаматтар үлкендеу микроавтобус та алып беріпті. Алайда бұл отбасы біреуден бірдеңе сұрап, талап етіп, қол жаятын адамдар емес. Бәрін де өз мүмкіндіктерімен жасағысы келетін көрінеді.
Солтүстік Қазақстан облысы