Финляндияның бас шаһары – Хельсинкиде бокстан дәстүрлі Gee Bee турнирі мәресіне жетті. Бір аптаға созылған халықаралық бәсекеде отандастарымыз алты медаль олжалады.
Финалға жолдама алған төрт боксшымыздың тек біреуі ғана бас жүлде иеленді. 91 кило салмақта жұдырықтасқан Сағындық Тоғамбай финалдық сайыста украиналық Роберт Мартонды 4:1 есебімен жеңіп, ел қоржынына алтын медаль салды. Ал 57 килодағы әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев, Асланбек Шымбергенов (69 кг) және аса ауыр салмақтағы Нұрлан Сапарбай финалда жеңіліп, күміс медальды қанағат тұтты.
Сондай-ақ 63 килодағы отандасымыз Ділмұрат Мижитов пен 81 килодағы Бек Нұрмағамбет халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанды. Айта кетейік, Финляндияға еліміздің екінші құрамдағы боксшылары барған-ды.