• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Үкімет 10 Наурыз, 2020

Биылғы қаңтар-ақпанда экономиканың базалық салаларында оң қарқын сақталған — ҰЭМ

102 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының 2020 жылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов екі айдың қорытындысы бойынша экономиканың жай-күйі туралы баяндады. Оның айтуынша, әлемдік тауар нарықтарында мұнай мен металл бағасының айтарлықтай төмендеуі байқалады.

Биылғы 9 наурыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне $34 құрады. Бұл жыл басымен салыстырғанда екі есе арзан. Оған қоса күн ішінде мұнай бағасы бір барреліне $31 дейін төмендегені байқалды. Металдар бағасы да төмендеуді көрсетті. Мырыш бағасы – 16%-ға түсті, мыс – 12%-ға, темір кені – 4%-ға, ферроқорытпалар – 1,2%-ға төмендеді.

«Әлемдік капитал нарықтарында жоғары құбылмалылық байқалуда. Жыл басынан бері америкалық биржа индекстері 14%-ға, еуропалық индекстер 15%-ға дейін және қытай индекстері 13%-ға төмендеді. Бұл үрдістер сыртқы нарықтардағы жоғары белгісіздікті көрсетеді», — деді Р. Дәленов. 

Ағымдағы кезеңде Қазақстанның кредиттік рейтингі нақтыланды. Халықаралық рейтингтік агенттіктер (Fitch Ratings, Standard and Poor`s) Қазақстанның дербес кредиттік рейтингін растады. Болжам «тұрақты» деңгейде сақталды. Бұл ретте рейтингті Standard and Poor's осы жылғы 6 наурызда, ал Fitch Ratings 21 ақпанда айқындады.

Сыртқы халықаралық сарапшылардың пікірінше, рейтинг болжамы елдегі макроэкономикалық тұрақтылық, ішкі сұраныс резервтері және мұнайлық емес сектордың ұлғаюына байланысты.

Ұлттық экономика министрі атап өткендей, сыртқы конъюнктураны және сыртқы жағдайларды назарға ала отырып, дамудың сценарийлік болжамдары мен тиісті шаралар топтамасы әзірленді. Бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету бойынша тәсілдер қалыптастырылды. Бұл ретте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру толық көлемде орындалатын болады.

«Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары жұмыс істеуде. Еңбек нарығындағы жағдайға мониторинг жүргізілуде. Инвестициялық жобалар пулы іске асырылуда. Аталған шаралар макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған», — деді ұлттық экономика министрі.  

Осы жылғы қаңтар-ақпанда жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,3%-ды құрады. Бұл оң көрсеткіш құрылыс, өнеркәсіп және сауда көлемдерінің ұлғаюымен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 11,6%-ға өсті. Жылдық инфляция 6%-ды құрап, нысаналы дәліздің шегінде қалыптасты. Қаңтар-ақпанда экономиканың базалық салаларында оң серпін сақталды. Құрылыста өсім 11,9%, байланыста – 10,7%, өнеркәсіпте – 5,8%, саудада – 3,6%, ауыл шаруашылығында – 2,2% деңгейінде болды.

«Биылғы қаңтарда сыртқы сауда айналымы $6,7 млрд құрады. Экспорт көлемі – $4,3 млрд, ал импорт – $2,4 млрд құрады. Сауда балансының оң сальдосы қамтамсыз етілді. Өнеркәсіптің өсу қарқыны 5,8%-ды құрады. Бұл ретте  өңдеу секторы (9,4%) кен өндіруге (4,7%) қарағанда екі есе жоғары қарқынмен өсті. 8 өңірде өнеркәсіп көлемдері 5,9%-дан 8,3% аралығында өсті. Өңдеу секторында 9,4% деңгейінде өсімге қол жеткізілді. 5 өңірде орташа республикалық деңгейден жоғары өсу байқалады», — деді Р. Дәленов. 

Осы жылғы қаңтар-ақпанда экономикаға 1,5 трлн теңге инвестицияланды. Құрылыс секторында өсу 11,9%-ды құрады. Жыл басынан бері 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығында шығарылым 2,2%-ға өсті.

Жалпы, ұлттық экономика министрінің айтуынша, биылғы екі айдың қорытындысы бойынша оң қарқын сақталуда. 

Сонымен қатар, сыртқы қауіптердің әсерін төмендету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге назар аударуы қажет:

- сыртқы қауіптерге мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету шараларын қабылдау;

- көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермеу үшін өңірлер қауіптерінің картасын анықтау;

- азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру;

- мемлекеттік ұйымдардың, ұлттық компаниялардың және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті өндірушілердің қатысуын көбейту бойынша шараларды күшейту;

- жағдайдың жедел мониторингін қамтамасыз ете отырып, еңбек нарығындағы тұрақтылық мәселесін ерекше бақылау;

- инвестициялық жобалар пулын іске асыру үшін нақты шаралар қабылдау;

- әлеуметтік шығыстар мен шағын және орта бизнесті қолдайтын шығыстарды басым қаржыландыруды қамтамасыз ету.