Солтүстік Қазақстанда жол жағдайын жақсарту бүгінгі таңдағы басты міндеттердің бірі болып отыр. Көлік апаттарының көбі нақ осы жолдың тайғағынан болуда. Күндіз жылымықта еріп, түнде қататын қарғын суы ертеңгі түске дейін жолды көктайғақ қылады. Сондықтан жолдарды күту міндетін мойнына алған кәсіпорындар үйілген қарды жолдардың бойынан тезірек әкетіп, қалған бөлігінің еріген суы жолда қалмай, ағып кетуі үшін суағар құбырларды үнемі аршып тұрулары керек. Облыстық Полиция департаментінің әкімшілік бөліністері осы тапсырманы үнемі қадағалап, қатаң бақылауына алған. «Жолдың бойындағы қалың қардың тазаланбауы өту жолдарын да тарылтып, жол көлік апаттарының туу тәуекелін тудырады», дейді Солтүстік Қазақстан Полиция департаментінің бастығы, полковник Марат Төлебаев.
Қазір Әкімшілік полициясы жергілікті атқарушы органдар мен жол пайдалану қызметтерін, ТЖ бөлімдерін суағар құбырлар мен суды тоқтататын бөгеттердің дайындығын тексеруге жұмылдыруда. Бүгінге дейін 582 суағар құбырлардың 77 ғана тазартылған. Осы күнге дейін барлығы 207 рет жолдың жағдайлары тексеріліп, олардан 299 кемшілік табылды. Жергілікті атқару органдары мен жолды пайдалану кәсіпорындарына 220 рет ескертпе берді. Кейбір жол учаскелерінің қанағаттанарлықсыз халде болғаны үшін 56 хаттама толтырылған. Ал Петрпавл қаласының ішкі жолдарын күтуде қойылған талаптарды орындамаған 9 кәсіпрорынның басшылары мен атқарушыларына айыппұл салынды. талапты
Қазір жол бөліктері тұрақты бақылауға алынып, ескертпелердің орындалуы ыждаһатпен тексерілуде.