Тректегі велоспорттан Қазақстан құрамасы төртжылдықтың басты додасына үш жолдама жеңіп алды, деп хабарлады ҰОК баспасөз қызметі.
Токио Олимпиадасына ел құрамасынан үш санат (спринт, омниум, кейрин) бойынша екі спортшы бақ сынайды. Төртжылдықтың басты додасына баратын спортшылар тізімін Қазақстан велоспорт федерациясы кейінірек ұсынады.
Айта кетерлігі, спринт бойынша Қазақстан тарихи жолдамаға қол жеткізіп отыр. Себебі осы уақытқа дейін қазақстандық спортшылар аталған санат бойынша Олимпия ойындарына қатыспаған. Қазақстан құрамасына тиесілі жолдаманы алу жолында Артем Захаров пен Сергей Пономаревтің көп еңбегі сіңді. Аталған спортшылар Берлинде өткен әлем чемпионатында үздік ондыққа ілінген болатын.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасында Токиода өтетін жазғы Олимпия ойындарына 41 лицензия бар.