Былтыр облыста 12 ауыл жабылды. Ауыл тұрғындарының 8675-і қалаға қоныс аударды. Бұл бір жылғы ғана көрсеткіш. Ал соңғы жиырма жылда «болашағы жоқ» деген қаншама ауылдың іргесі сөгіліп, тұрғындары жайлы жер іздеп, үдере көшті.
Ауыл тұрғындарына керегі жол мен жұмыс. Биыл Арқада қар жылдағыдан әлдеқайда қалың түсті. Қасат қарға қамалып, жол қатынасы үзілген елді мекендер қаншама. Биыл ғана емес, жылдағысы осы. Жол азабы жанына батқан ауыл тұрғындары «осыдан жаз шықсын» деп қопаңдап қояды. Жаз шыққан соң жайлы жер іздемек. Қарайлайтын тұрақты жұмыс орны да кем.
Топырағы құнарлы, әсірелеп айтқанда, «жетек шаншысаң, арба өсіп шығады» дейтіндей жомарт жерде ауыл шаруашылығын өркендетуге әбден болар еді. Игілігін көріп жатқандар да бар. Олар егін шаруашылығымен айналысатындар. Тек бірыңғай егін егудің ауылға қайыры болмай тұр. Әлеуеті мол ауыл шаруашылығы құрылымдары егін егумен қатар, мал шаруашылығына да мойын бұруы керек. Сонда ғана тұрақты жұмыс болады. Екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауыл тұрғындары бірі малшы, бірі сауыншы, енді бірі мал азығын дайындаушы болып жұмыс істер еді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім меңгерушісі Қасым Итқұсовтың айтуына қарағанда, егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың назарын мал шаруашылығына түбегейлі аудару әзірге мүмкін болмай тұр. Осыдан барып ата қонысын қимай отырған ауыл тұрғындарының жыл бойы табыс табатын тұрақты жұмыс орны жоқ. Оның үстіне игерілмей жатқан жер қанша? Өткен жылы облыстық прокуратураның тексерісінен кейін 1 млн 500 мың гектар жердің бос жатқаны анықталған.
Облыстағы Атбасар, Егіндікөл, Ерейментау, Жақсы, Қорғалжын, Целиноград аудандарында жабылған немесе жабылуға шақ тұрған елді мекендер көп. Тіпті табиғаты тамылжыған, облыс орталығының іргесіндегі Зеренді ауданында да дәл осындай келеңсіз көрініс тұнып тұр.
Зерендіге дейінгі жол сайрап жатыр. Одан әрі қарға адым жер мұң. Ауыл арасындағы жол мың шұңқыр мехнатқа айналып, қирап бітіпті.
Жолдағы Викторовка ауылын басып өткеннен кейін жол үстіндегі ойдым-ойдым қазан шұңқырларға кезіктік. Түсіп көреміз, доңғалақты қай жеріне салсақ екен деп. Қазір қай жолға түссең де, түзуін таба алмас едіңіз. Жеңіл көлікке қол емес екен. Тас жолды тастап, дала жолына түстік.
Жыландының қос қапталы ит тұмсығы өтпейтін сыңсыған орман. Жап-жасыл. Көкпеңбек. Көгілдір түс ауадан. Ауаның тазалығынан. Адам көңілі де дәл осындай таза болса ғой. Шоқалақтай мөңкіп, төрт табанына тегіс тиетін жер таппай, бөгелек тиген бестідей тулаған жеңіл машина Жаңатуғанның қотанына келіп, тізгін тарттық. Қотан деген сөз жай әншейін айтыла салған ұғым-дағы. Әйтпесе ауыл шетінде көшкен елдің жұртындағы қарауыл сияқты мұржасының ұшы сорайып жалғыз үй отыр екен. Оң қапталында, сол қапталында қираған үйлердің орны. Әлдекімдер ауылдың үйін де, мал басын да, машина-трактор шеберханасын да бұзып әкеткен. Орнында үйіндісі ғана жатыр.
Ауылдың қақ ортасында Ұлы Отан соғысында қаза болған перзенттерінің аруағына бағышталып қойылған тәп-тәуір ескерткіш бар екен. Төңірегі ұқыпталып қоршалыпты. Аталар аруағына адал кейінгі ұрпақтың қошемет-құрметінің ізі менмұндалап сайрап тұр. Тек күтімсіз. Кей жері жауынның суынан, желдің өтінен тозыңқырап, сыры түскен.
– Осы ат төбеліндей ауылдан қан майданға 70-ке жуық азамат аттанып, түгел дерлік Отан қорғау жорығында опат болған, – дейді осы өлкенің тумасы Ербол Сағындықов, – соғыстан соңғы жылдардың зілмауыр салмағынан ауыл адамдарының қабырғасы қайысса да, туған жерін тастап төрт құбыланы бетке алып тентіреп кетпеген еді. Міне, көрдіңіз бе, жетпіс үй болған Жаңатуғанда жалғыз-ақ үй қалыпты. Жапандағы жалғыз үй...
Бурабай ауданына қарайтын, табиғаты тамылжыған ғажайып өлкеде де іргесі сөгіліп, тарап кеткен ауыл аз емес. Санап көрелік. Алаштың айтулы сан перзенті дүниеге келген Крупская ауылы. Қазір жұрты ғана жатыр. Құстың ұясындай жылылық есіп тұратын 70 үйлі Ұялы ауылында жеті-ақ үй қалған. Бурабай ауданының осы бір тұсы Зеренді ауданымен шектеседі. Зеренді ауданына қарасты Ақтас ауылы қазір жоқ. Алпыс үйлі Қызылқайнарға барсаңыз, қазір орнын сипап қаласыз. Түтін түтетіп отырған бір шаңырақ қалмаған. Осы өңірдегі ең ірі елді мекеннің бірі Қостомарды да өтпелі кезеңнің өкпек желі шамырқанта соғып талай үйдің шаңырағын шайқаған. Қара ормандай қалың 200 үйді елді мекеннен қалғаны елуге жете ме, жетпей ме?.. Ынтымақ-бірлігі мол Қарашіліктің жүз үйінен оншақты шаңырақ қалыпты. Заречный кенті түп орнымен үдере көшкен. ХVІІ партсъезд атындағы сексен үйлі елді мекеннің сұлбасы ғана жатыр.
– Ну орман да қараусыз қалған, – дейді Ербол Сағындықов. – Бір кезде елдің үлкендері осы орманнан рұқсатсыз қамшыға сап та алғызбайтын. Қазір туған жердің баға жетпес байлығы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатыр.
Төңіректің бәрі мәңгі жасыл қарағай, ақ балтыр қайың, ұшар басы зәулім көкке ұмтылған сыптығыр терек. Ауыл тау етегіндегі ығы мол алаңға қоныстанған екен. Бір кезде ортақ қазынаның ырысын еселеуге есепсіз еңбек сіңірген қаншама адамның түтін түтеткен қара қонысы.
– Ел дегенде жүрек дүрсіл қағады, – дейді еңбек ардагері Шабдан Тоқмурзин, – ауылды ұстап тұрған мектеп қана, басқа жұмыс орны жоқ. Мектеп жабылса, ауыл да тарап кетеді. Ата-аналарға балаларын оқыту керек. Ал мұғалімдер мектебі бар жерге қоныстанып, жұмыс істеуі керек. Үкіметке де өкпе жоқ. Алақандай ауылдағы 10-15 оқушыға мектепті ұстап тұра алмайды ғой. Оған қаншама қаражат қажет. Оқушысынан мұғалімі көп. Ал ауылды ыдыратпай ұстап қалу парыз. Қазақта қара шаңырақ деген ұғым бар. Қасиет дарыған, ырыс қонақтаған, ынтымақ босағасына байланған қара шаңырақты иен қалдырмау кейінгі ұрпағына парыз. Біз алдымен ұлтымыздың бойындағы сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан осы сезімді қайта тірілтсек, ауыл да аман қалар еді. Ертеректе отбасының кенжесі шаңыраққа ие болатын, түтінін өшірмейтін. Олай жасамаса, сүйекке таңба.
Ел ағасының айтуына қарағанда, мемлекет тарапынан ауылға жасалып жатқан қамқорлықты тиімді пайдаланып, әсіресе мал шаруашылығын мықтап дамытқан ләзім. Шынтуайтында ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлығын дайындап, арзан бағамен тұтынушыға ұсынып отырған да осы ауылдар емес пе? Оның үстіне солтүстік өңірде ұлттық құндылықтар, тіл мен мәдениет, рухани әлемнің мәйегінің дені жел өтіндегі ауылдарда сақталған.
Тау етегінде, қалың қарағайдың ортасында Әулие бұлақ ағып жатыр. Суы шипа, мың сан дертке ем. Ертеректе Ұлы Отан соғысына боздақтар осы Әулие бұлақтың басына мінәжат етіп, құтысына қасиетті суын құйып алып аттанған. Ағзасы дертке шалынған осы төңіректің адамдары қасиетті бұлақ басына келіп, дертіне дауа тапқан. Ауылға қарайтын қамқор көз, жанашыр жанар бітелгенімен, бұлақ көзі бітелмепті. Мөлт-мөлт етіп ағып жатыр. Құдды адамның көз жасы тәрізді. Жағасын жайлаған қалың ел үдере көшкенде жалпақ жонда жалғыз қалған Әулие бұлақ бауырында өскен перзенттерін жоқтап, жылап жатқан тәрізді.
Ақмола облысы