Алматыда өткен «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда отандық және шетелдік балалар дәрігерлері жүзден астам ғылыми жоба ұсынды.
С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған шара жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруды көздейді.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасының ұйымдастыруымен өткен конференцияға Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің мемлекеттік медицина институттарының жас ғалымдары, Нұр-Сұлтан, Семей, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе, Алматы қалаларының медициналық ЖОО докторанттары мен магистранттары, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының, Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу институттарының жас ізденушілері қатысты.
«Біз бұл шараны жастардың ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында үш жыл қатарынан өткізіп келеміз. Ғылыми-зерттеу жұмыстары тәжірибемен ұштасуы керек. Ертеңгі медицина бүгінгі жастардың қолында. Конференция балалар жасындағы ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алудағы негізгі мәселелерді саралап, дұрыс жолды айқындауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Әр дәрігер қай жерде қызмет істесе де, әрқашан өз жұмысын сараптап, зерттеп отыруы керек. Бұл жаңа, тиімді, емдеу әдістерін қолдануға, таңдауға мүмкіндік береді. Осыдан үш жыл бұрын осы конференцияға қатысқан жас ізденушілер – бүгінде магистранттар мен докторанттар. Алдағы уақытта олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамыз деуі көңіл қуантады», дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева.
Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Конференция соңында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама», «Үздік мақала», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды. Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми журналында жарияланады.
АЛМАТЫ