Еліміздегі SANTO компаниясы Арыс қаласының орталық аудандық ауруханасына заманауи медициналық жабдықтарды табыстады.
Естеріңізге салып өтсек, өткен жылы жазда Түркменстан облысының Арыс қаласында әскери бөлімнің қоймалық орындарында оқ-дәрілер атылып, олардың өртенуі салдарынан бұл мекендерде төтенше жағдай орын алған еді. Жарылыстардың нәтижесінде елді-мекендегі бірнеше тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға зиян келтіріліп, 45 мыңға жуық адам қаладан шығарылды. Қазақстандықтар Арыстағылардың қайғысына немқұрайлы қарамай, елдің түкпір-түкпірінен жапа шеккендерге гуманитарлық көмегін жіберді. Басқа аймақтарда тұратын құрылысшылар аз уақыттың ішінде қаладағы бұзылған үйлерді қалпына келтіріп берді.
Арыстағы қайғыға көңіл бөлгендердің арасында SANTO компаниясының қызметкерлері де болды: олар бір күндік жалақысын аударып, қала тұрғындары үшін бірінші қажеттілік заттарын, соның ішінде жеке гигиена құралдарын жинап берді. Сондай-ақ компания зардап шеккендерге көмек ретінде төтенше жағдай кезінде жедел жәрдем көрсету үшін қажет болатын дәрі-дәрмектер, атап айтқанда, ауруды басатын дәрілер, кардиопрепараттар, антибиотиктер беріп жіберді.
«Бұл жағдай елде жеке фармацевтикалық өндірістің болғаны қаншалықты маңызды екенін көрсетті, – деп айта кетті SANTO бас директоры Ижи Урбанец. – Өйткені төтенше жағдай болған кездерде адамдардың тезірек емделуі ең алдымен дәрі-дәрмектердің қолда болуына байланысты. Төтенше жағдайларда дәрі-дәрмектермен дер кезінде қамтамасыз ету біздің тәуелсіздігіміз бен қауіпсіздігіміздің кепілі».
2019 жылдың соңына қарай SANTO компаниясы Арыс қаласына орталық аудандық ауруханаға қазіргі заманғы медициналық жабдықтар да – автоматтық гематологиялық анализатор, 7 инфузиялық бір арналы сорғыш, 2 оптикалық-полярланған плантоскоп, 7 медициналық сорғыш және 2 дефибриллятор жеткізіп берді.
«Халқымыздың қиындыққа ұшырағандарға асармен көмектесетін жақсы бір дәстүрі бар. SANTO компаниясы да арыстықтарға дәрі-дәрмектермен, аурухана үшін медициналық жабдықтармен тегін әрі баға жетпес көмек көрсетті. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің, қиын жағдайға душар болған адамдарға қарайласудың лайықты үлгісі», - деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова.