Бүгін, 2020 жылдың 15 наурызында Алматы қаласы өңірлік коммуникация қызметінің алаңында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтің қатысуымен онлайн-баспасөз конференциясы өтіп жатыр. БАҚ өкілдері тарапынан мегаполистегі билік өкілдеріне қойылып жатқан сұрақтар легі өте көп.
Онлайн-конференцияда белгілі болғандай, тағы 2 адамда коронавирус бар екені айтылды. Алғашқы науқас 1958 жылы туған, бұрын ауруханаға жатқызылған ер адамның жұбайы, олар Мәскеуден Алматыға келген. Олар бұған дейін оқшауланған. Тексеріс нәтижесінде коронавирус жұқтырғаны расталды.
Екінші науқас 1995 жылы туған ер адам 13 наурызда Сеул–Алматы рейсімен келді. Ол борттағы барлық жолаушылар сияқты 14 күндік карантинге арналған провизорлық стационарға бірден оқшауланды.
Науқастармен жақын байланыста болған барлық адам карантинге орналастырылды.
Бұған дейін хабарланғандай, Германиядан келген үш пациент бар. Төртіншісі Мәскеу-Алматы рейсімен келді.
Қазіргі уақытта 4 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, екеуінде дерт ауырлығы орташа. Олардың барлығы бекітілген хаттамаға сәйкес ем алуда, дер кезінде вирусқа қарсы және симптоматикалық терапия басталды.
Қаланың барлық медициналық ұйымдарының коронавирусты анықтау және емдеу үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қажетті қорлары бар екенін атап өту қажет, медицина қызметкерлері қатаң сақтық шараларын сақтап отыр.