Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында қабылданған шешімдердің іске асырылуын бақылау тетігі саналатын жергілікті өзін өзі басқару органдарын одан әрі дамытуды қолдау қажеттігіне баса назар аударған болатын. Сондай-ақ Президент халыққа арнаған Жолдауында жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттырудың маңыздылығына тоқтала келіп, жергілікті атқарушы билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы керек екенін, бірақ «бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отырғанын» атап көрсеткені белгілі.
Халық сенімі – үлкен жауапкершілік
Президент тарапынан айтылған ескертпенің ішкі мәніне тереңірек үңілер болсақ, мәселе жергілікті мемлекеттік басқару жұмысын жандандырумен қатар тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың, яғни жергілікті қоғамдастықтың белсенділігін арттыруға, заңнамалар аясында өңірлердегі маңызды мәселелерді дербес шешуге бағытталған жергілікті өзін өзі басқару қызметін жетілдіруге, тиісті шараларды белгілейтін және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өкілді орган – мәслихаттардың жұмысын уақыт талабына сай ұйымдастыруға да қатысты екені айқын аңғарылады.
Жалпы, жергілікті қоғамдастық, жергілікті өзін өзі басқару қызметі, жергілікті өкілді орган (мәслихат) және жергілікті атқарушы билік төрттігінің үйлесім тауып жұмыс істеуі аса маңызды. Егер олардың арасында үйлесімді жұмыс болмаса, ашықтық, тұрғындардың ой-пікірімен санасу жолға қойылмайды, түйткілдерді анықтау, оны оңтайлы шешу ісі тығырыққа тіреліп, өзекті мәселелер қордалана түседі.
Аталған «төрттіктің» әрқайсысының да өзіндік маңызы зор. Әсіресе жергілікті қоғамдастықты, жергілікті өзін өзі басқару қызметін ілгерілетуде, өзекті мәселелерді атқарушы биліктің назарына дәлелді түрде ұсынуда мәслихаттардың орны ерекше екені даусыз.
Жергілікті халық өзін толғандырған әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы көптеген сұрақтың жауабын негізінен өздері сайлаған, сенім білдірген мәслихаттар депутаттарынан алғысы келеді. Өйткені оларды билікпен байланыстырушы «алтын көпір» санайды. Ал мәслихаттар сенім биігінен көрінбей, тұрғындардың тілегін тыңдап, сөзін сөйлемесе, биліктің ығында кетсе, онда ол әлеуметтің арқа сүйері, проблемаларды қозғайтын күш болудан қалады...
Қазіргі таңда өңірлерде қордаланған мәселелер баршылық. Олардың ішінде қоғамдық, этносаралық келісімге, әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты мәселелер ерекше аталады. Бұл жағдаяттар сөз болғанда бірінші кезекте жергілікті атқарушы билікпен қатар жергілікті өкілді орган – мәслихаттардың жұмысы да сынға алынады. Осы орайда «Жергілікті өзін өзі басқару саласындағы, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы және қоғам сенімін нығайтудағы мәслихаттардың шынайы рөлі қандай?» деген мазмұндағы сұрақ алдымызды кесе-көлденеңдейді.
Иә, мәслихаттардың қоғамдағы рөлі қандай? Бұл сауалға нақты жауап беру қиын. Десек те, мәслихаттардың қызметіне көңілі толмайтындар жеткілікті. Жергілікті органдардың жұмысына сын көзбен қарайтын ағайын депутаттардың өздері сайланған өңірлердің қордаланған мәселелерін күн тәртібіне шығара бермейтінін алға тартады. Бұл жайт мәслихат депутаттарының халықпен етене араласпайтынынан, жұртпен кері байланыс орнатуға жүрдім-бардым қарайтынынан туындайды. Халық арасында олардың жұртпен тығыз байланыс орнатпауының басты себебін депутаттық мандатқа талас кезінде жеңімпаз тұлғалардың көбіне сайлаушылардың емес, әкімдердің қолдауына сүйеніп барып депутат атанып жататынынан іздейтіндер көп. Бұл өз кезегінде кейбір мәслихаттар депутаттарының өз сайлаушыларының емес, тиісті аумақтық әкімдердің ыңғайында жұмыс істеуіне сайлау науқаны кезінен негіз қаланатынын аңғартса керек. Бұл үрдіс тұрғындар үшін атқарушы биліктен «ақырып тұрып теңдік сұрайтын» депутатты жарыққа шығара қоймайды...
Өкілді орган ықпалды институт болуы тиіс
Соңғы деректер бойынша облыстық, қалалық және аудандық жергілікті өкілді органдарды қоса есептегенде елімізде 216 мәслихат бар (17 аймақтық, 36 қалалық және 163 аудандық). Олардың құрамына барлығы 3190 депутат мүше. Түсіне білгенге, бұл әлеуетті күш.
Басқасын былай қойғанда, мәслихаттардың тиісті аумақты дамыту жоспарларын, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту құзыретіне ие болуының өзі олардың қоғамдағы ықпалын көрсетеді... Егер аталған құжаттарды мәслихат екі рет бекітпесе, мәслихат әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе көтере алады. Дәлірегі, мұндай жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және тиiсiнше Президенттiң не жоғары тұрған әкiмнiң алдына оны қызметiнен босату жөнiнде мәселе қоюға құқылы. Әкімге сенімсіздік білдірілген жағдайда, мәслихат сессиясының шешімі Президентке не жоғары тұрған әкімге дереу жолданады. Бір қарағанда бұл үрдістер мәслихаттардың ықпалды институт екенін білдіретін секілді. Алайда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңда: «Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкiм сенімсіздік білдіру туралы мәслихат сессиясының шешiмін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде әкімнің өкілеттігін тоқтату туралы мәселенi қарайды не оған өз мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады», делінген. Заңдағы «оған өз мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады» деген жолдар әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі мәслихат сессиясы шешімінің мәнін жоюы әбден мүмкін. Мұның өзі мәслихаттардың батыл іс-қимылдарға баруына кедергі келтірмей қоймайды.
Тағы бір тоқтала кетер жайт, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдері қызметіне кандидатураларды тағайындауға мәслихат үшінші рет келісім бермесе, облыс әкімі Президентке жазбаша хабарлайды және тиісті мәслихаттың өкілеттігін мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы мәселе қоя алады. Бұл жағдай да мәслихаттардың кең тыныстауына мүмкіндік бермейтін қадам. Айналып келгенде, біз жоғарыда сөз еткен мәселелер мәслихаттардың атқарушы билікке, дәлірегі әкімдерге тәуелділігін күшейтеді.
Осы орайда Орал қалалық мәслихатының №9 округ бойынша депутаты Жантас Сафуллиннің пікірін келтіре кетсек.
– Орнымен пайдалана білсе, мәслихат депутаттарының тәуір құзыреті, пәрмені бар. Олардың негізгі қызметі – мәслихат сессияларына қатысу, өзі өкілі болған облыстың, қаланың, ауданның бюджетін бекітуге араласу. Сол арқылы өзі сайланған аумақтың мәселелерін шешіп, тұрғындардың талап-тілектерін орындауға ұмтылу. Бюджет сессияда бекітілместен бұрын әуелі мәслихаттағы комиссия отырыстарында талқыланады. Мұнда әкімшіліктің сәйкесінше бөлімдері немесе басқармалары дайындаған, әкім құптаған жоба қаралады. Осы талқылауға қатысу арқылы депутат өз өкілетін жүзеге асырады. Әдетте комиссия отырысы сессия жақындағанда өтеді. Депутаттар өз округтеріндегі мәселені айтқанымен уақыттың тығыздығына әрі мемлекеттің қаражатын уақтылы игеру қажеттігіне байланысты ақырында әкімшілік ұсынған бюджетті бекітеді. Бұдан бөлек, мәслихат депутаттары жоғарыдан ұсынылған облыс, қала, аудан әкімдерінің кандидатын мақұлдайды. Заң бойынша кандидатты мақұлдамай, қайтарып жіберуге құзыреті бар. Бірақ біздің еліміздің тәжірибесінде мұндай оқиға болмаған сияқты. Бұл басқару жүйесіндегі үлкен олқылық деп ойлаймын. Мұның астарында көп мәселе жатыр. Мәслихаттар депутаттары арасында «жоғарыдан ұсынылған әкімнің кандидатурасына қарсылық білдіру – жүйеге қарсы шығу» деген ой қалыптасып қалғандай көрінеді, – дейді депутат.
Сондай-ақ Ж. Сафуллин мәслихаттар депутаттарының беделін, жауапкершілігін көтермей тұрған бірнеше себеп бар екенін айтады.
– Біріншіден, облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттар депутаттары депутаттық қызметі үшін еңбекақы алмайды. Бұл жалақы алмаған депутаттар өзіне қоғамдық жауапкершілік алғанымен, құқықтық тұрғыда аса үлкен міндеттеме алған жоқ деген сөз. Екінші мәселе – әдетте депутаттардың бір бөлігі – кәсіпкерлер, бір бөлігі – мемлекеттік қызметпен байланысты тұлғалар болып келеді. Кәсіпкерлердің бәрі де кәсібіне байланысты мемлекеттен рұқсат алады немесе мемлекеттік тендерлерге қатысады. Көп жағдайда ірі кәсіпкер депутаттар қайырымдылық шараларын жасап, қиыншылыққа тап болғандарға көмек беруге тырысады. Ал мемлекеттік кәсіпорын, мемлекет иелігіндегі ЖШС, АҚ басшылары тікелей мемлекеттік жүйенің адамы ретінде осы лауазымынан жалақы алып отырған соң, негізгі жұмысы сол болғандықтан депутаттық жұмысына бел шешіп кірісуге мүмкіндігі бола бермейді. Үшінші мәселе – депутат өзіне шағыммен келген сайлаушыны қабылдап, шағымданушылардың мәселесі бойынша тиісті орындарға хат жібереді. Одан артыққа күші жетпейді. Алғаш сайланған кезінде белсенділік танытып, тиісті орындарға сауал хат жібереді, бірақ біраз уақыт өткен соң оның өзі де көп мәселені шеше алмайтынына көзі жетеді, – дейді мәслихат депутаты.
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Масат Беріктің мәслихаттардың рөлін арттыра түсуге қатысты ұсыныс-пікірін де келтіре кетейік.
– Мәслихаттардың беделі, абыройы мәслихат қызметінің пәрменділігіне, оның әр депутатының белсенділігіне, міндеттеріне деген жауапкершіліктеріне, қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынасына тікелей байланысты. Уақыт, өмір бір орнында тұрмайды. Ол кез келген өміршең мәселелердің өзіне де жаңаша тұрғыдан қарап, дамытып, жетілдіріп отыруды қажет етеді. Осы орайда мәслихат жұмысын одан әрі жетілдіруге қатысты өз тарапымнан бірді-екілі өтініш-ұсыныс білдіргенді жөн көріп отырмын.
Республика мәслихаттарының рөлін көтеру мақсатында олардың өзара әрекеттестігін нығайту, тәжірибе алмасуларын ұйымдастыру, сондай-ақ Парламент депутаттарымен бірлесе іс-қимыл жасау тетіктерін нақтылайтын, жергілікті мәслихаттарға практикалық және әдістемелік көмек көрсетуді жолға қоятын уақыт жетті. Қазіргі уақытта біздің өңірде облыстық мәслихатқа депутаттар сайлау бойынша 35 сайлау округі бар, әр округтегі сайлаушылардың саны 15 мыңнан бастап, 25 мыңнан асып жығылады. Сайлаушылардың шамадан тыс көптігі салдарынан өздерінің тұрақты қызметтері бар депутаттар округ тұрғындарын толыққанды қамтуға мүмкіндіктері шектеулі, тұрғындардың жеке мәселелері бойынша кездесулерін жүйелі түрде өткізе алмайды. Мұндай жағдай басқа да облыстарға да тән деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңға сәйкес барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының санын көбейту керек. Бұл өз кезегінде мәслихаттарға әр өңірде өз өкілдерінің болуына және жергілікті проблемаларды барынша тиімді шешуге мүмкіндік береді, – дейді М.Берік.
Депутаттың айтуынша, мәслихат жұмысының тағы бір маңызды бөлігі – оның жанындағы тұрақты комиссиялар. Осы орайда М.Берік: «Аймақтың тыныс-тіршілігіне қатысты маңызды мәселелер алдымен осы тұрақты комиссияларда қаралады, келелі кеңестер осында өтеді. Сондықтан да болашақта комиссиялардың жұмысын бұдан да ықпалды, пәрменді ете түсу үшін олардың төрағалығына негізгі қызметтерінен босатылған, тұрақты негізде жұмыс атқаратын депутаттар сайланса құба-құп болар еді», деп есептейді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттілікті және демократияны одан əрі дамыту ісінде басқаруды орталықсыздандыруды баса назарға алып, Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасына негіз салып берген-ді. Әрине басқаруды орталықсыздандыру мәселесін сауатты жүргізу маңызды. Дегенмен, орталықсыздандыру үрдісі мемлекеттің жалпы стратегиясына қайшы келмеуі тиіс. Орталықсыздандыру идеясының ішкі мəні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беруді, қоғам мен азаматтарды мемлекеттік шешімдер қабылдау үрдісі мен олардың іске асырылуына тікелей қатыстыруды қамтамасыз ету, яғни жергілікті басқару органдары арқылы халыққа өңірлік маңызы бар мəселелерді өз бетімен жəне тыңғылықты шешуіне жол ашу. Бұл арада мәслихаттардың маңызды рөл ойнайтыны анық. Өйткені жергілікті басқару саласындағы негізгі әрі ерекше құзыретке мәслихаттар ие. Олар – қоғамды басқару жүйесінің басты тетігі, тиiстi əкiмшiлiк бөлiнiстегi тұрғындардың еркiн бiлдiретін, халық сайлайтын, iске асырылуы тиіс шараларды нақтылайтын жалғыз ғана жергілікті сайланбалы өкiлдi органдар. Сондықтан олардың құзыретін уақыт талабына сай кеңейте түсу қажет-ақ.
Сенатор, «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев айтылып отырған тақырыпқа орай:
– Біріншіден, 1985 жылдың 15 қазанында Страсбургте қабылданған Жергілікті өзін өзі басқарудың Еуропалық хартиясын бекіту маңызды. Оның негізіндегі басты постулат – «жергілікті қоғамдастықтарға мүмкіндігінше басқарудың көп міндеттерін сеніп тапсыру керек, ал мемлекеттің араласуына тек онсыз болмайтын кездерде ғана жол беріледі». Аталған хартияға қосылу еліміздің әлемдік аренадағы беделін, еліміздегі жергілікті өзін өзі басқарудың рөлін айтарлықтай көтеруге, сондай-ақ халықаралық-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес оның миссиясын іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп санаймын. Екіншіден, жергілікті қоғамдастықтардың рөлін арттыру, оның ішінде заңнамалық деңгейде күшейту қажет. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңда жергілікті өзін өзі басқару институттары, жергілікті маңызы бар мәселелер, жергілікті қоғамдастық жиналысы секілді ұғымдар айқындалған. Алайда олардың ауылдық округтер деңгейіндегі жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудағы рөлі елеусіз қалып отыр, – дейді.
Сондай-ақ сенатор Т.Мұқашев мәслихаттар қызметінің ұйымдастырушылық-құқықтық қызметін жетілдірудің маңыздылығын айта келіп, бұл бағытта өз ұсыныстарын былайша сабақтайды:
– Алдымен мәслихат депутаттарының санын арттыру: аудандық мәслихатта – 45 депутатқа, қалалық мәслихатта – 50 депутатқа, ал облыстық және қалалық (Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары) мәслихатта 100 депутатқа дейін ұлғайту қажет. Бұл тұрғындардың тіршілік-әрекетінің барлық салаларын қамтитын мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрылуы мен қызметін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, әлеуметтік мәселелер, сондай-ақ қаржы және бюджет бойынша тұрақты негізде жұмыс істейтін лауазымды тұлғалар ретінде облыстық деңгейдегі мәслихаттардың тұрақты комиссияларының төрағаларын бекіту маңызды. Өйткені азаматтардың өтініштері мен мұқият зерттеуді талап ететін мәселелердің басым бөлігі дәл осы тұрақты комиссияларға келіп түседі. Тағы бір ескеретін жайт, мәслихаттар хатшыларының мәртебесін арттыру, оларға өз өкілеттігі кезеңінде мәслихат сессияларын төраға ретінде жүргізуге құқық беру, сондай-ақ Үкіметтің қаулысымен мәслихат хатшысы лауазымына ақы төлеу ставкасын белгілеу керек. Жоғарыда айтылған ұсыныстар қазақстандық қоғамның жаңа міндеттерін шешуде мәслихаттардың және олардың депутаттарының рөлін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймын.
Ал сенатор, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясының төрағасы Әли Бектаев мәслихаттар ең алдымен сайлаушылардың мүддесін қорғап, мұң-мұқтажын жоқтайтын нақты саяси органға айналуы тиіс екенін алға тартады.
– Келесі мәслихаттар сайлауы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына енгізілген өзгерістер негізінде тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өткізілмек. Яғни ендігі мәслихаттар көппартиялық жүйе негізінде қалыптаспақ. Көппартиялылық жүйе конструктивті, ашық саяси бәсекелестік принциптеріне негізделеді. Партиялардың арасында шын мәніндегі ашық бәсекелестік бар жерде саяси шешімдердің сапасы арта түсетініне сенімім мол. Ең алдымен саяси партиялар деңгейінде маңызды шаралар атқарылуы тиіс деп білемін. Заңда әр партияға өкілетті органдарға ұсынатын партиялық тізім қалыптастыру және ұсыну өкілеттігі беріліп, тәртібі бекітілген. Бәсекелестік жағдайында әр саяси партия өз кандидаттарының тізіміне кәсіби әлеуеті жоғары, саяси ерік-жігері мықты тұлғаларды ұсынуға мүдделі болады деп есептеймін. Бұл өз кезегінде мәслихаттардың сапалық құрамының артуына себеп болмақ. Бір сөзбен айтқанда, болашақ мәслихаттардың ықпалын арттыру үшін қоғамда заң аясында тіркелген саяси партиялар үшін күнделікті саяси өмірде және электоралды кезеңде ашық бәсекелестік қалыптастыра алатындай жағдай жасалуы тиіс, – дейді Әли Бектаев.
Сондай-ақ сенатор мәслихаттардың алдағы сайлауында көппартиялылық жүйе қалыптасуы керек деп есептейді.
– Қазіргідей саяси партиялардың арасында бәсекелестік күшейген тұста қай партия үшін болмасын келесі Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы оңайға түспесі анық.
Көппартиялы сайлау жүйесі түптеп келгенде партиялар арасындағы идеологиялық күреске құрылады. Әр өткен сайлау сайын саяси алаңдағы мұндай идеологиялық текетірестің белгілері айқындала түсері анық. Болашақ сайлаудың нәтижесі бойынша мәслихаттардағы партиялық конъюнктура өзгеруі мүмкін. Мәслихаттар құрамына жаңа партиялар енуі ықтимал. Өкілетті органдардың құрамы жаңа партиялармен толығуы тиіс деп білемін. Бұл – қазіргі қоғам үшін өте қажетті өзгеріс. Ол үшін мемлекетімізде заңнамалық алғышарттар жасалды, сайлаушылардың да көзі ашық, көкірегі ояу. Олай болса, көппартиялы жүйе қалыптасуы тиіс, – дейді Ә.Бектаев.
Біз өз тарапымыздан жоғарыда айтылған ұсыныстарға қосымша мына мәселелерді де айтқымыз келеді: мәслихаттар депутаттарының əлеуметтік-құқықтық мəртебесін нығайту үшін оларға мəслихат сессиясында, мəслихат органдарының қызметіне қатысқан уақыттарда жергілікті бюджеттен еңбекақы төлеу жүйесін қарастыру, депутаттардың сұрау салу рəсімін нақты анықтау, депутаттық этика нормаларын сақтау міндеттілігін жүктеуді тиісті құжаттар арқылы енгізу қажет.
Осы арада тағы бір тоқтала кетер жайт, қолданыстағы заңнамаға сəйкес мəслихаттардың қызметі екіжақты сипатта. Дәлірегі, мəслихаттар жергілікті өкілді орган саналуымен қатар, оларға жергілікті өзін өзі басқару қызметі тəн. Сондықтан заң жүзінде төменгі деңгейдегі мəслихаттарды өзін өзі басқару органы ретінде анықтау негізінде олардың құқықтық болмысының ара-жігі ашылуы тиіс.
Иә, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру, оны оңтайлы қалыптастыру – уақыт көшінен қалмай дамудың негізгі жолдарының бірі. Алда-жалда мемлекет жергілікті өзін өзі басқару саласын ілгерілетуге жағдай жасай алмаса, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық үрдістерді өз деңгейінде бақылауға, басқаруға қабілетсіз болады. Қазіргі таңда қоғамдағы барлық мәселелерді бір орталықтан шешудің мүмкін емес екенін өмірдің өзі сан мәрте көрсетіп берді. Сондықтан билік жүйесін тиімді бағытпен орталықсыздандыру үшін жергілікті мемлекеттік жəне өзін өзі басқару органдарын, соның ішінде мәслихаттардың мүмкіндіктерін заң шеңберінде ұлғайта түсу абзал. Бұл қажеттілік биліктің жергілікті тармақтарына тиісті аумақтық бөліністегі мәселелерді шешу барысында дербестік берудің маңыздылығынан туындайтынын да қаперде ұстағанымыз жөн.
Әлеуметтің тілегі – әділ сайлау
Мәслихаттар туралы сөз қозғағанда оларға депутаттар сайлау ісіне қатысты мәселелерді айналып өте алмаймыз. Өйткені жергілікті өзін өзі басқарудың негізі саналатын қағидалардың қатарында жалпыға бірдей жасырын (тікелей) дауыс беру бойынша сайлау ісі бар. Оның орны ерекше. Сайлау жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің мəн-маңызын ашады. Мәслихаттар қызметінің тиімділігі, мәртебесі бірінші кезекте мәслихаттар депутаттарының қаншалықты демократиялық талапқа сай сайланғанына, дәлірегі, жергілікті өкілді органдардың шынайы, әділ сайлау арқылы қалыптасуына байланысты. Сондықтан тек барынша шынайы, ашық жəне объективті сайлау әдісімен түзілген мəслихаттар ғана халық көкейіндегі сауалдарға лайықты жауап беруге, белсенді жұмыс істеуге ынта, қызығушылық танытады.
Сайлау – халыққа берілген мүмкіндік. Ол арқылы халық мемлекеттік немесе қоғамдық түйткілдермен тікелей немесе өкілдері арқылы шұғылдана алады. Сондықтан сайлауларда халық даусына құрметпеу қарау – өте өзекті. Сол үшін Адам құқықтарының Жалпыға бірдей декларациясы, Азаматтық жəне саяси құқықтар жөніндегі Халықаралық пакт, Жергілікті өзін өзі басқарудың Еуропалық Хартиясы сынды халықаралық құқықтық құжаттарда қамтылған сайлау қағидалары басшылыққа алынуы тиіс. Бұл құжаттарда атқарушы биліктің халық алдындағы міндеттемелері, жауапкершілігі, сайлауды әділ өткізу және басқа да демократиялық әдістер көзделген.
Жалпы, заң бойынша мəслихаттар депутаттарын халық жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды. Халықпен етене жүретіні, ел ішіндегі істердің басы-қасында болатыны – мəслихаттар депутаттарының басты ерекшелігі. Оларға жүктелген міндеттемелер де ауқымды. Сондықтан мəслихаттар депутаттарын сайлау – ел Президентін немесе Парламент депутаттарын сайлау секілді өте маңызды. Сондықтан да мəслихат депутаттарын сайлау демократиялық өлшемдерге барынша сәйкес болуы тиіс.
Бүгінгі қоғамда жергілікті өкілді органдар қызметінің тиімділігін көтеру басты міндеттердің бірі екені аз айтылып жүрген жоқ. Бұл міндетті еңсеруде сайлауды шынайы бәсекелестік жағдайында өткізудің маңыздылығы айқындалады.
Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі таңда еліміз бойынша түрлі деңгейдегі барлық 216 мәслихаттағы депутаттардың 97 пайызға жуығы Nur Otan партиясының өкілдері. Ал қалған саяси партиялар мүшелерінің барлығын қоса алғанда олардың мәслихаттардағы үлесі 3 пайыз ғана. Бұл – мәслихаттардың түрлі ұсыныстар, сыни пікірлер ашық айтылатын, жергілікті әлеуметтік-экономикалық түйткілдер батыл қозғалатын алаң болуына негізгі кедергі. Сондықтан мәслихаттарда көппартиялы жүйе қалыптасқаны маңызды. Бұған қоса, мәслихаттарға әлеуметтік топтар өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары және үкіметтік емес ұйымдардың сөзі өтімді, тұрғындар сеніміне ие болған мүшелері сайлау арқылы еніп жатса, құба-құп. Сонда әлеуметтің, қоғамның талабына лайықты жауап бере алатын, қандай да бір мәселелерді тасада қалдырмай талқылауға салатын мәслихаттар қалыптасады.
Осы орайда еліміздегі саяси ұйымдар арасында аграрлық сала қызметкерлеріне және ауыл еңбеккерлеріне, дәлірегі жергілікті қоғамдастық өкілдеріне етене саяси ұйым – «Ауыл» партиясы екенін ескере отырып, оның төрағасы Ә.Бектаевтан «Бүгінде республика бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының қатарында «Ауыл» партиясының мүшелері жоқтың қасы. Мұның себебі неде?» деп сұраған едік. Партия төрағасы бұл сауалымызға: «Біріншіден, қазіргі мәслихаттар құрамында «Ауыл» партиясының өкілдері жоқ емес, бар. 2016 жылғы сайлау нәтижесі бойынша «Ауыл» партиясының 43 өкілі жергілікті мәслихаттарға депутат болып сайланған. Олардың жетеуі облыстық, жетеуі қалалық, 29-ы аудандық мәслихаттарда. Әрине жалпы республика бойынша 17 облыстық және республикалық маңызы бар қалалар мен 199 аудандық және облыстық маңыздағы қалалық мәслихаттар бар екенін ескерсек, мәслихаттарда «Ауыл» партиясының өкілдері өте аз екенін мойындауға тиіспіз. Мұның негізгі себебі: 2016 жылғы сайлау партиялық тізім бойынша емес, мажоритарлы жүйемен өткізілді. Өздеріңізге де белгілі мажоритарлы жүйе барлық саяси партиялардың толыққанды өкілдігін қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан да қазіргі мәслихаттарда жекелеген партиялардың өкілдері әсіре басымдыққа ие. Тіпті көптеген мәслихат жүз пайыз бір партияның өкілдерінен құралған. Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер негізіндегі пропорционалды жүйе алдағы мәслихаттар сайлауларында басқа да саяси партияларға мол мүмкіндік береді деп сенемін. Екіншіден, «Ауыл» партиясы өткен сайлау қарсаңында ғана қайта құрылымданды. Одан бергі 4 жылдың ішінде партиямыз бұл қайта құрылымдану кезеңін тәмамдап, іргесі бекіп, қанаты қатайып, қатары толықты», деп жауап берді
Әрбір аймақтың өзіндік ерекшеліктері, түрлі мәселелері бар. Оның бәрін орталық органдағылар біле бермейді. Ал әлгі ерекшеліктер мен түйткілдер жергілікті өкілді органдарға белгілі. Бұл көп жағдайда жергілікті мәселелерді шешу барысында мәслихаттардың үніне көбірек құлақ асу қажеттігін айғақтайды. Бұл өз кезегінде мәслихаттардың маңызды институт екенін білдіреді. Олай болса, мәслихаттарды әкімдердің ұйғарымдары мен шешімдерін бас изей қолдап қана отыратын құрылым ретінде құрмау керек. Олардың атқарушы билікке мейлінше тәуелсіз болғаны абзал. Тәуелсіз мәслихат әкімдердің жұмысына шынайы бақылау жасай алатын болады. Мәслихаттар беделінің жоғары болуы жергілікті өзін өзі басқару қағидаларына, халықаралық құжаттар талабына әбден сәйкес келеді.
Еске сала кетейік, 2005 жылы түрлі деңгейдегі мәслихаттардың мүддесін қорғау және олардың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық мәселелерді шешу талпыныстарына қолдау көрсету мақсатында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі (РҚБ) құрылған болатын. Бұл бірлестік мәслихаттар жұмысын жандандыруға азды-көпті үлесін қосып келеді. Сенатор, «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашевтың сөзіне қарағанда, мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттыруда осы бірлестіктің қызметін орынды пайдаланған абзал.
– Әр сайлау сайын депутаттар құрамы өзгеріп отырады. Жаңа депутаттар қосылады. Осындайда оларға бағыт-бағдар беретін, жұмысын жүйелеп, ісін ілгері бастыратын бірлестік керек-ақ. Аймақтардағы депутаттардың өзара тәжірибе алмасуы мемлекетіміз үшін аса маңызды. Сонымен қатар бірлестік депутаттардың құқықтық сауаттылығын арттыруды да көздейді. Осы мақсатта «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігімен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Ол бірлестіктің де Қазақстан аймақтарында филиалдары бар. Бірлестікке мүше заңгерлер еліміздегі мәслихаттармен байланыс орнатып, депутаттарға құқықтық, заңнамалық тұрғыда кеңестерін беріп келеді. Депутаттарға құқықтық білім беру ісін жүргізуде. Жаңа заңдарды насихаттап, түсіндіруде. Аталған бірлестікпен осы мәселелерге қатысты арнайы меморандумға қол қойдық. Мәселен, Қарағандыдағы заңгерлер депутаттармен жұмыс істеп, құқықтық білім беруді қолға алдық.
Ашықтыққа бастайтын, заң бұзушылыққа жол бермеуге жетелейтін жергілікті өзін өзі басқару ісін де назарға алдық. Осы арқылы аймақ тұрғындарымен жұмыс істеу мәселесіне қатысты тәжірибе алмасу жұмыстары да жүргізіледі, – дейді бірлестік төрағасы.
Т.Мұқашевтың айтуынша, Сенат пен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» арасында да меморандумға қол қойылған. Аталған меморандум ең алдымен заң саласын жетілдіруді көздейді. Аймақтардағы депутаттардың құқықтық сауаттылығын арттырудың бір мәні осында жатыр. Олар әр аймақ тұрғындарының тұрмыс-салтын, жергілікті жердің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып қабылданатын заңға қатысты талдама жасай алады. Пікірлері мен ұсыныстарын, көзқарастарын арнайы сайтқа жолдайды. Себебі жергілікті жердің жағдайын аймақтардағы депутаттар бір кісідей біледі. Яғни бүгінгі таңда Сенат қызметі мен аймақтардағы депутаттар арасында тығыз байланыс орнаған. «Сенаттағы пленарлық отырыстарды аймақтардағы депутаттар онлайн режім арқылы көріп отыр. Сол арқылы біздің тәжірибемізді танып, қабылданып жатқан заңдарға куә болады. Аймақтардағы депутаттардың құқықтық біліктілігін арттыра отырып, олар қабылданған заңнамаларды тұрғындарға түсіндірсе дейміз. Әсіресе әлеуметтік салаға қатысты қабылданған заңнамаларды тұрғындарға жеткізе білу қажет», дейді бірлестік төрағасы.
Қорыта айтқанда, Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру барысында мәслихаттарға жүктелер жауапкершілік өте салмақты. Бұл міндетті абыроймен орындау үшін мəслихаттардың биік мәртебесі, зор беделі болуы тиіс. Ол үшін бірінші кезекте жергілікті өкілді органдар құрамын халықтың шынайы таңдауы негізінде, ашық бәсеке, демократиялық әділ сайлау арқылы қалыптастырған абзал. Сонда ғана мәслихаттар азаматтық қоғам институттарының бірі – жергiлiктi өзiн өзi басқарудың бірегей институты деген атына лайықты бола алады. Әйтпесе мәслихаттар уақыт талабына сай өз жұмысының тиімділігін көрсетуі неғайбыл.
Айқарма бетті дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»