Иордания астанасы – Амманда аяқталған Токио Олимпиадасына жолдама беретін бокстан Азия және Тынық мұхит аймағы турнирінде Қазақстанның боксшылары табысты өнер көрсетті деп айтуға барлық негіз бар. Өйткені, айтулы жарыста жерлестеріміз төртжылдықтың басты додасына барлығы 9 жолдама және 8 жүлде жеңіп алды. Тарқатып айтсақ, 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медальді иелендік. Осылайша, жолдама иелену жағынан еліміздің ұлттық құрамасы сары құрлықтағы ең үздік командалардың санатына қосылды.
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы лицензиялық турнирге жаңадан жасақталған және жас боксшылармен аттанған болса да, елге 100 пайыздық көрсеткішпен оралды. Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Амманға аттанар алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Олимпиадаға 8 салмақта, толық құраммен барамыз деген мақсат бар. Ал Амманда алты лицензия ұтып алсақ деп жоспарлап отырмыз», деген болатын.
Әрине, бас бапкер Иорданияға дәл сол уақытта бабында тұрғанымен, халықаралық турнирлерде топ жара қоймаған жас боксшыларды апара жатқан соң да «арықтау» сөйлеген шығар. Абырой болғанда, барлық боксшы Кенжебаевтың сенімін ақтады. Бас бапкердің қай салмақтағы боксшыларға сенімді болмағаны бізге беймәлім болғанымен, біздіңше жеңіл салмақтағы жігіттерден күдіктенген болуы мүмкін. Өйткені, қазіргі таңда Азияда жеңіл салмақта бәсекелестік өте күшті. Өзбекстанды айтпағанның өзінде, Қытай, Үндістан, Тайланд, Моңғолия елдерінің боксшыларының деңгейі жоғары екенін өткен әлем және Азия чемпионатындағы нәтижелер арқылы білеміз.
Сондықтан іріктеу турниріне баратын боксшыларды таңдау Ғалым Кенжебаевқа оңай түспегені анық. 52 кило салмақта бас бапкер жастар арасында көзге түсіп жүрген Махмұд Сабырханға сенім артқысы келгенімен, бапкерлер құрамы жас боксшының орнына тәжірибелі Сәкен Бибосыновтың кандидатурасын қолдаған. Бибосынов – соңғы әлем чемпионатының қола жүлдегері және Президент кубогы мен ел спартакиадасының жеңімпазы.
Аммандағы іріктеу турнирінде Сәкен Бибосынов былтырғы әлем чемпионатымен салыстырғанда бір деңгейде жұдырықтасып шықты. Оның бокстасу мәнерінде ешқандай ілгерілеушілікті байқай алмадық. Алғашқы айналымда қырғызстандық тәжірибелі боксшы Азат Үсенәлиевті жеңгенімен, ширек финалда қытайлық Ху Жинхуадан жеңілді. Қосымша кездесуде Филиппин өкілі Карло Пааламмен құрлықтық турнирдегі соңғы жолдаманы сарапқа салды. Төрешілердің басым дауысымен жеңіске жеткен (3:2) Бибосынов әупірімдеп жүріп Токио жолдамасын иеленді.
Ішкі бәсекелестік өте жоғары саналатын 57 кило салмақта Амман шаршы алаңында 22 жастағы Серік Теміржанов жұдырықтасты. Әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев, ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, Лондон Олимпиадасына қатысқан Ілияс Сүлейменов сияқты серкелерді жолдан ығыстырған Теміржановтың өнерін бас бармақпен бағалауға болады. Ішкі жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткенімен, халықаралық турнирлерде жолы болмай жүр еді. Турнирдің жауапкершілігін сезінген С.Теміржанов Олимпиада жолдамасын жеңіп қана қоймай, жарыстың финалына дейін жетті. Өзінің алғашқы халықаралық турнирі болса да, финалға дейін жету жас боксшы үшін жақсы нәтиже. Дей тұрғанымен отандасымызға финалдық жекпе-жекте тәжірибе жетіспеді. 2019 жылғы әлем чемпионы өзбекстандық Миразизбек Мырзахалиловқа қарсы өткен айқаста жерлесіміз қарсыласына тактика жағынан есе жіберді. Әйтпесе, Теміржанов өзбектен бой жағынан да, қолының ұзындығынан да басымдыққа ие еді. Өзбек боксшысы былтырғы әлем чемпионатының ширек финалында Қайрат Ерәлиевті де жеңіп кеткен еді.
63 килода өнер көрсеткен Зәкір Сафиуллиннің жеңіске деген ерік-жігеріне тәнті болдық. Олай дейтін себебіміз, боксшы ұлттық құрамаға ілінген сәттен бастап өз салмағының үздігі атануға, Олимпия ойындарына баруға тырысты. Сафиуллиннің 18-20 жасынан бергі арман-мақсаты, Олимпиадаға деген үміті міне, 33 жасында ақиқатқа айналды. Зәкірдің көп құрдастары 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан үміттерін үзгеннен кейін қолғабын шегеге ілген. Тек Сафиуллин ғана бір ғажайыптың боларына сенді. Және сенімі алдаған жоқ. Оның үстіне бұл додада отандасымыз Олимпиадаға баруға соңғы мүмкіндік екенін және жеңілсе де аса ештеңе жоғалтпайтынын ескеріп, жоғары деңгейде жұдырықтасып шықты. Тек жарыстың финалында Өзбекстанда туған қандасымыз Елнұр Әбдірайымовпен жұдырықтасып, тең деңгейде өткен айқаста есе жіберді. Әзірше екі боксшы шаршы алаңда бірінші рет жұдырықтасып тұр. Олимпия ойындарында жерлесіміз есе қайтарады деп сенеміз.
«Қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 килода өнер көрсететін әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов жазда екінші Олимпиадасына барады. Дәл қазіргі уақытта Жүсіпов өз салмағында құраманың бірінші боксшысы саналғанымен, іріктеу турнирдегі өнері жанкүйерлерді қуанта қойған жоқ. Отандасымыз жарыс жолынан моңғолиялық, тайландтық боксшыларды шығарып жібергенімен, жартылай финалда үндістандық тәжірибелі боксшы Викас Киршаннан жеңілді. 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері финалда Жүсіповке еш мүмкіндік қалдырмады. Абылайхан Жүсіпов Токио Олимпиадасының жолдамасымен қатар, турнирдің қола жүлдесін иеленді.
Қазақстандық боксшылар арасында әзірше тұғыр биігінен түспей келе жатқан бір боксшы болса, ол – Әбілхан Аманқұл. 75 килода жұдырықтасатын жамбылдық жампоздың барған жарысынан жүлдесіз қайтқан кезі болмаған. Бұл жолы да отандасымыз күміс жүлдені қанағат тұтты. Финалдық айқаста Филиппин өкілі Эумир Марсиальдан жеңілсе де, Әбілхан үшін турнирді жаман өтті деуге болмайды. Ол жарақатына байланысты біршама үзілістен соң қатарға қосылып, Олимпиада лицензиясын еншіледі.
2019 жылғы әлем чемпионатының финалында кубалық қара маржан Ла Крузды жеңген маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетов өзіне артылған сенімді тағы да толық ақтап шықты. Амман төрінде Бекзат қарсылас шыдатпай, алтыннан алқа тағып, өз биігін сақтап қалды. Жалпы, Нұрдәулетов жолы болғыш жігіт екен. Жастар арасында 81 килода жұдырықтасқан Бекзат ересектер дуына қосылған соң, бірден 91 килоға ауысты. Өйткені ол кезде 81 килоның үздігі Бек Нұрмағанбет болатын. Жанкүйер біткеннің бәрі 2020 жылғы Токио Олимпиадасына Б.Нұрмағанбет барып, 20 жылдан соң жерлес ағасы, марқұм Бекзат Саттархановтың жетістігін қайталайды деп сенген-ді. Арада бір жыл өткенде Нұрмағанбет жарақат алып, құрамадан шығып қалған соң, оның орнына әлем біріншілігіне барған Нұрдәулетов айды аспанға бір-ақ шығарды. Сөйтті де құраманың бірінші нөмірі атанып, Олимпиада жолдамасына таласуға мүмкіндік алды. Енді міне, Саттархановтың жетістігін 20 жылдан соң, жерлесі емес, аттасы қайталауға бір табан жақын тұр. Былайша айтқанда, Нұрдәулетов «Құдайы бар» бала екен.
Сондай-ақ құрамадағы тәжірибелі жігіттер де жанкүйерлерді жерге қаратқан жоқ. 91 килода Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленген Василий Левит те алтын жүлде олжалап, Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Ал аса ауыр салмақтағы құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда жолдама мәселесі шешілген соң, келесі жекпе-жекке шыққан жоқ. Бұл жағдайды боксшы жарақатына байланысты деп түсіндірді. Бірақ бұл бапкерлердің шешімі болуы да мүмкін деген ой түйдік. Өйткені жартылай финалда жеңіске жетсе, отандасымыз ежелгі қарсыласы Баходир Жалоловпен жұдырықтасатын еді. Соңғы екі финалдың екеуінде де жеңілген Қоңқабаевты бапкерлер әзірше жабық ұстап, Олимпиадада Жалаловты жамбасқа түсіру үшін қолданған тактика болуы да ғажап емес.
Қыздар бәсекесінде сынға түскен 5 боксшымыздың тек біреуі ғана сенімді ақтай алды. 75 килода жұдырықтасқан Надежда Рябец әзірге жарап тұр. 19 жастағы спортшы өзінің екінші Олимпиадасына барады. Жастар арасындағы Олимпия ойындарында қола жүлде еншілеген отандасымыздың ендігі арманы – ересектер арасындағы Олимпиада чемпионы атану.
Бокстан Олимпия ойындарында Азия құрлығында Қазақстанда – 9, Үндістанда – 9, Өзбекстанда – 7, Қытайда – 6, Иорданияда – 5, Аустралияда – 5, Тайпэйде – 4, Таиландта – 4, Жапонияда – 3, Оңтүстік Кореяда – 2, Филиппинде, Иранда, Тәжікстанда – 2, Жаңа Зеландия, Моңғолия, Вьетнамда 1 жолдамадан бар.