Оңайға түспеген орасан әрекеттердің арқасында Қытайда коронавирустың таралуы ауыздықталды десе де болады. Қытай ғалымдары наурыз айының соңына дейін нөлдік нәтижеге жету үшін шекараны қатаң бақылауға алып, ДССҰ ұсыныстары мен кеңесін қатаң сақтайтын болады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, эпидемия құтырынып тұрған кезде күн сайын 3 мыңнан астам вирус жұқтыратын болса, соңғы күндері жиырмаға да жетпейтін адамда ғана коронавирус бар екені анықталып отыр. Бір айдың ішінде індет 98 пайызға жеңілді.
Күн сайын Хубэй провинциясынан тысқары жерде жұқтыру оқиғалары азайып келеді. Жаңа жұқтыру оқиғалары тіркелген жағдайда да – олар басқа мемлекеттерден келгендер. Көптеген қала мен провинцияларда коронавирустың анықталуы нөлдік деңгейге жетті. Ал бұл індеттен сауыққан адамдардың саны айтарлықтай өсіп отыр.
«Жұқтыру мен өлім-жітім деңгейін барынша азайту үшін Қытай елі жанкештілікпен және орасан күш-қуатын жұмсады. Төраға Си Цзиньпин бір ай бойы эпидемияны тоқтату мен күресу тақырыбында сегіз бірдей ірі отырыс өткізді.
Мемлекеттің барлық аймағынан 330 санитарлық отряд пен 41 600 медициналық қызметкер Хубэй провинциясына көмектесуге аттанды. Бар болғаны 10 күннің ішінде Ухань қаласында 2 арнаулы аурухана салынып, 20 мыңнан астам оқшауланған төсек-орын дайындалды.
1,4 миллиард қытай саналы түрде үйінен шықпай отырды. Бірінен кейін бірі пайда болған ғаламат цифрлар Қытайдың эпидемиямен күресудегі күші мен шешімталдығын дәлелдеп, халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары баға алды» дейді Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Гэн Липин.