Орталық Азия аймағында алдыңғы қатарлы биржалардың бірі саналатын «Қазақстан қор биржасының» Орталық депозитарийінде жеке тұлғалардың есеп шоты 118 773-ті құрап, өткен жылдың бастапқы кезеңімен салыстырғанда 1 949-ға артқан. «Қазақстан қор биржасы» АҚ төрайымының орынбасары Андрей Цалюк журналистермен есепті кездесуінде осындай мәліметтерді алға тартты. Биржа деректері бойынша ақпан айында KASE сауда-саттығының жиынтық көлемі 10 252,9 млрд теңгені құрап отыр. Ал қаңтар айымен салыстырғанда 12,2 пайызға, яғни 1 115,2 млрд теңгеге өскен.
Осы тұста биржасы дамыған елдер тәжірибесіне зер салсақ, көрсеткіштер қор нарығына жеке тұлғалардың 40-50 пайызының қатысатынын айғақтайды. Сондай-ақ жұртшылықты қаржы трейдингіне тартудың өзіндік әлеуметтік ерекшеліктері қалыптасқан. Осы тұста «KASE қазақстандықтарға қандай мүмкіндіктер ұсынады?» деген заңды сауал туады. Бүгінде қор нарығын еліміздің қаржы жүйесінің ажырамас бөлшегі ретінде экономикаға капитал тартудағы тиімді құрал әрі нарықтық жағдайда табыс табу мүмкіндігі ретінде қарастыратын мамандар биржаға қатысуда қаржылық сауаттылық маңызды екенін айтады.
Қазақстандағы қор биржасы осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын ұлттық валюта нарығын дамыту мақсатында құрылған «Қазақстан қор биржасымен» байланысты. KASE басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская өткен ғасырдың 60-80-жылдары қор нарығына енетін компаниялар үшін салық жеңілдіктері қарастырылған Оңтүстік Кореяның озық тәжірибесі отандық қор нарығына тиімді болғанын айтады. Бұл елде арнайы заңнама қабылданғаннан кейін бірнеше жыл бойы IPO жүргізіліп, листингтен өткен компаниялар саны арта түскен.
Н.Хорошевскаяның айтуынша, қазіргі кезде Оңтүстік Корея қор нарығымен қатар экономикасы да дамыған елдердің қатарында тұр. Қазақстан үшін Тайланд қор биржасының да тәжірибесі тартымды. 2000 жылдардан бастап Таиландта жұртшылықты инвестициялау негіздері бойынша қаржылық сауаттылыққа оқыту жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 2010-2015 жылдарда биржада жекелеген инвесторлардың есепшоттары көбейген.
Отандық қор нарығында сондай-ақ Варшава биржасының тәжірибесі ықпалды. Бүгінде қазақстандық мамандар бағалы қағаздар нарығын орталық Еуропалық Хаб-қа айналдырған Польшаның зейнетақы жүйесін де жіті назарда ұстап келеді.
KASE басымдықтарының бірі – қор нарығындағы үрдістердің бұқаралық сипат алуы. Қор, ақша, валюта нарығын біріктіретін MOEX нарығы KASE-ге ұқсас келетіндіктен, Мәскеу биржасының тәжірибесі технологиялық инфрақұрылымды дамытуда тиімді. Қазіргі кезде сауда технологиялары мен есептеулер бойынша Мәскеу биржасы әлемдік биржалардың деңгейінде тұр. ТМД кеңістігінде MOEX алғашқы орында тұрса, КАSЕ екінші орынға ие. Қор нарығында салымшылар үшін қазақстандық компаниялардың акциялары мен облигациялары, сондай-ақ шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары белсенді.
Дегенмен қаржы трейдері Арман Бейсембаев отандық қор биржасы экономикадағы міндеттерін атқара алмай отыр деген пікірде. «Қор биржасы инвестицияларды шоғырландыру көзі болғандықтан, белсенділігі экспортерлер мен импортерлердің, яғни қор нарығы мен нақты сектордың бір-бірімен тығыз байланысынан көрініс табуы қажет. Өкінішке қарай, нақты сектор мен қор биржасы арасында байланыс жоқ», дейді трейдер. А.Бейсембаевтің айтуынша, қор нарығы нақты сектордағы жағдайды көрсететін сергек сала болуы тиіс. Жалпы алғанда қор нарығы дами беруі мүмкін. Ал мұндай жағдайда нақты сектордағы ахуалға кім назар аударады?» деген сауалды алға тарта отырып трейдер мысалы, АҚШ экономикасында қандай да бір өзгерістің КASE индексімен байланыстылығын айтады. Сондықтан да отандық қор нарығының дамуы үшін либерализация қажет. Сонымен қатар Ұлттық банк тарапынан бақылау шараларының күшеюі нарықты тұншықтыра түсуде. Ал кейбір жағдайда «брокер мен инвестордың қолдан жасаған әрекеттері бар» деген негізсіз желеулер де айтылып қалып жүр, дейді трейдер.
Экономист Айдархан Құсайынов қор нарығын либерализациялағанмен, ақша келе қоймайтыны анық екенін айтады. Бұл үшін қор биржасына кезең-кезеңмен дамуға мүмкіндік беру керек деген сарапшы қор нарығының әлдеқашан дамып кету мүмкіндіктерін жекешелендіру жылдарымен байланыстыра отырып, сол кезеңде жеке инвесторларға социалистік меншікті үлестіруде мүмкіндіктердің болғанын айтады. «Осы тарихи кезеңде акциялар кәсіпорындарға иелік етудің бірден-бір формасы болды. Яғни капиталды бөлуде айтарлықтай диверсификация орын алды. Жекешелендіру жаппай жүріп, акциялар кәсіпорындардың қарапайым жұмысшыларына өтіп, ірі зауыттардың акциясын сатып алу бизнесі қарқын алды. Осы кезеңде нарықтағы пакеттер консолидацияланып, страрегтерге немесе кәсіпорын басшыларына өтіп кетті. Халықтық IPO акциядан пайда тауып, табыстың дәмін татып қалған брокерлік және брокерлік конторлар маңына топтасқанда осы бір өтпелі кезеңде қор нарығы қарқынды дамып кететін еді. Өкінішке қарай, олай болмады», дейді сарапшы. Сондай-ақ голланд ауруының да белең алуы экономикаға айтарлықтай салмақ салды. Отандық өндіріс тоқтап, қор нарығына дәстүрлі емес тұрғын үй, құрылыс нарығы, сауда саласы дамыды. Ал капиталдардың шоғырлануы төмен деңгейде қалып қойды.
«Қазіргі кезде тұрғындардың 50-70 пайызы жалақыға тәуелді. Олардың қор нарығына немесе депозитке салатын артық ауыз қоры тапшы. Киер киім мен ішіп-жемді несиеге алып жатқанда акция туралы сөз айтудың өзі артық», дейді А.Құсайынов. Сарапшының айтуынша, кезінде Халықтық IPO жеке инвесторларды тарту мақсатында құрылғаны белгілі. Оны ойластырған кезде жұртшылық миллиондап ақша құяды деген пікірдің болғаны рас. Нәтижесінде бар-жоғы 30-40 белсенді есепшот ашылды. «Кей жағдайда абстрактілі болжамдарға иек артып жатамыз. Қатысуға мүмкіндігі бар, кредиті жоқ, артық табысы барлар әлдеқашан қор нарығына еніп үлгерді. Егер жағдайды жіті бақылайтын болсақ, онда қор нарығында эмитенттің жоқтығына көз жеткізе түсеміз. Ал олигопольды құрылымды экономика жағдайында кәсіпорындар пайда көрмейді», деген ойымен бөлісе келе сарапшы экспортты ұлғайтып, халық санын көбейтсе де қор нарығы қарқынды дамып кетпейтінін айтады. Мысалы, соңғы он жыл көлемінде мемлекет бизнесті қолдап келеді. Субсидия алған өндіріс өнімін белгілі бір сомаға өткізгенімен, әрі қарай дамуға құлықты емес. Осылайша субсидияға иек артқандар алдағы уақытта да мемлекеттің қолдауын күтіп отыра беретіні анық. Тығырықтан шығу үшін тұрғындардың табысын көбейтуді ұсынған А.Құсайынов нәтижесінде тауарларға сұраныс артып, кәсіпорын үкіметтің субсидиясына емес, сатудан түскен пайдаға жұмыс істейтін болады дейді. Сондықтан да мемлекет бизнеске емес, төмен табысты адамдарға қолдау көрсетуі тиіс. Сонда ғана тұтынушы таңдаған кәсіпорын немесе фабрикалар бәсекеге жұмыс істей бастайды.
Ал Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев қор нарығы бар дегенге күмәнмен қарайтынын жеткізді. «Өйткені елімізде толық нарықтық экономика жоқ. Толық нарықтық экономика жағдайында өз акцияларын салатын бәсекеге қабілетті компаниялар көп болуы керек. Кезінде ұрандатып, жария салған Халықтық IPO-дан не ұттық?» дей келе сарапшы IPO кезінде қымбат акцияларды сатып алу үшін қор нарығының төңірегінде элитамен қатысы бар компаниялардың шоғырланғанын айтады. «Меніңше, бұл бір театр қойылымына ұқсайды. Бүгінгі қоғамда көпшіліктің акция сатып алатын мүмкіндігі жоқ. Қаржылық сауаттылығы төмен», дей келе Д.Сәтпаев қаржы әліппесі мен табыс табуды мектеп жасынан оқыту қажеттігін айтады. Ал қарапайым жұртшылықтың қаржы сауаты артатын болса, бүгінде бармағын тістеп жүрген көпшілік ең болмағанда, несие рәсімдеу барысында банкпен келісімшарттың байыбына барған болар еді.
«Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма мүшесі, Бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директор Қайрат Тұрмағамбетов барлық тәуекелдерді өз жауапкершілігіне алып отырған отандық қор нарығының белсенді екенін айтады. Бүгінде дамуды көздейтін биржа жолдарын іздестіріп, заңнамалық, нормативтік базасына мән беріп келеді. «Уақыты келгенде жаңа қаржы инструменттері пайда болады. Қазіргі кезде аймақтарға жиі шығып, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз», дейді Қ.Тұрмағамбетов. Сонымен қатар «Бұл жерде мемлекеттің экономикалық саясатының жоғары рөлге ие», деп атап өтті. Ал әзірге Қазақстанда қарапайым жұртшылықты айтпағанда, кәсіпкерлердің қаржылық сауаты төмендігін алға тартқан Қ.Тұрмағамбетов KASE мамандарының өңірдегі түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына назар аударды. Бүгінде кәсіпкерлер үшін биржаға шығудың өзіндік талаптары бар. Сонымен қатар KASE компаниялар үшін банк несиесіне балама мүмкіндіктер ұсынады.
Қ.Тұрмағамбетовтың айтуынша, жеке тұлғалардың коммерциялық банктердің депозитінде жартылай теңгемен рәсімделген салымы 24 млрд долларды құрайды. Бүгінде табыс көзін іздеп жүрген жеке тұлғаларға қор нарығына келудің мүмкіндігі мол. Бұл үшін биржада жаңа компаниялар пайда болуы қажет, дейді сарапшы. Нарықта доллармен 1 теңгемен 10 пайыз тартымды инструменттер – еурооблигациялар бар. Жеке тұлғалардың құнды қағаздарды таңдауы өз еркінде. Мысалы, құнды қағаздар Халық банк депозитінде 1 пайызбен болса, биржада нарықтың жағдайына қарай еурооблигациялар 4 пайыз болуы мүмкін. Қор нарығында сонымен қатар мемлекеттің салық жағынан преференциясы қолданыста. Мысалы, акцияны 100 теңгеге сатып алып 1000 теңгеге сатқан жағдайда, арадағы 900 теңгеге салық салынбайды. Жыл соңында алатын дивидендтер де салықтан босатылған.
Мамандар пікіріне қарап, биржа әлемінің қарайым жұртшылық біле бермейтін жай-жапсары көп екеніне көз жеткізе түсеміз. Десек те сала мамандары жеке тұлғалар қор нарығына белсенді қатысу арқылы ел экономикасын дамытумен қатар қаржылық мүмкіндіктерге қол жеткізе алады деп сендіреді.
АЛМАТЫ