Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының осы айға жоспарланған екі жолдастық матчы коронавирусқа байланысты өтпейтін болды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков мәлімдеді.
«Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының наурыз айына жоспарланған екі бірдей жолдастық кездесуін өткізуден бас тарттық. Бұл шешімді Армения және Литвадағы әріптестерімізбен келісе отырып қабылдадық. Десе де, әлемдегі және елдегі жағдай бір қалыпқа түссе, аталған құрамалармен маусым айында жолдастық кездесу өткізіп қалуымыз мүмкін» деді Ә.Жақсыбеков.
Айта кетейік, Қазақстан футбол құрамасы 27 наурызда Литва, 30 наурызда Армения құрамасына қарсы жолдастық матч өткізуі керек еді. Кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтеді деп жоспарланған болатын.