• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Наурыз, 2020

90 шақырым бойы полиция сүйреген

173 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстанның ызғырық көктемі сақылдаған сары аяздан кем емес. Сібірдің қара желі өңменіңнен өтіп қана қоймай, қойны-қоншыңа кіріп алса қалтыратып жібереді. 

Сергеев қаласының 72 жастағы тұрғыны Сәлім Сыздықов та осындай қара суықта далада қалған. Петропавлдан келе жатқан жолда оның «Audi» автомобилі Мәдениет селосының маңында тоқтағаннан от алмайды. Қанша әуреленсе де ескі машина сол өшкеннен трассаның бойында тұрып қалады.

Жайшылықта жүргізушілер жол полициясына жолығудан қорқып, айналып кетуге тырысады. Басқа амалы жоқ С.Сыздықов бұл жолы патрульдік полицияның қызметкерлері Юлий Данильченко мен Бекболат Бүркітбайды өзі тоқтатуға мәжбүр болады. Жол қауіпсіздігін бақылап жүрген полицейлер оған бірден көмек қолын созып, 40 шақырым жердегі Николаевка селосына дейін сүйреп апарады. Онымен де шектелмей Шал ақын ауданындағы әріптестерін сол жерге шақырып, Николаевкадан әрі аудан орталығы Сергеевкаға алып баруларын өтінеді.

Сөйтіп, қалған 50 шақырым жерге шалақындық патрульдер Бауыржан Закиров пен Бақтияр Алпысбаев жеткізеді. Екі сағаттан кейін үйіне аман –есен жеткен Сәлім Сыздықов полиция қызметкерлеріне алғысын жаудырды.

Қазір солтүстікқазақстандық патрульдік полиция қызметкерлері үнемі осындай алғыстар алуда. Олар адал еңбектерінің жемісін де көріп жүр. Былтыр осы батальонның барлық 110 сержантына лейтенант пен кіші лейтенант атақтары беріліп, офицер атанды. Содан бері еңбекақылары да артқан.

 

Солтүстік Қазақстан облысы