• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Наурыз, 2020

Көкшетауда бірнеше мәрте пайдалануға жарайтын маскалар шығарылады

155 рет
көрсетілді

Елдегі төтенше жағдайға байланысты жекелеген кәсіпорындардың жұмысы шектелген. Сәйкесінше жұмысшылардың жұмыс кестесі де өзгертілуде. «Тыныс» кәсіпорны жұмысшылар алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті бірінші кезекке қояды.

Зауытта еңбек заңдылықтары қатаң сақталған. Цехтар жұмысы да қалыпты кестеге сәйкес жүргізілуде. Санитарлық ережелерді сақтау мәселесі кіре берістен-ақ талап етіледі. Есіктің тұтқалары барлығы санитарлық талаптарға сай тазартылып отырады. Санитайзерлер орнатылған. Маска киіп жүру мәселесін медбикелер қатаң бақылауға алған. Қолды дезинфекциялағаннан кейін барып қана жұмысқа кірісуге болады. 

–Бәрін бақылап тексеру жүргіземіз. Барлық санитарлық талаптар сақталады. Бізге антисептиктер, сұйық сабындар берілді. Біз оны құрылғыларға құйып, шашыратқыштар қойып қойдық,–дейді «Тыныс» акционерлік қоғамы медицина бекетінің меңгерушісі Любовь Прощинская.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі төтенше жағдай кезінде  барлық кәсіпорындар меншік нысанына қарамастан, қашықтықтан жұмыс істеуге көшу керектігін айтты.  Бірақ, барлық жұмысты онлайн режиміне ауыстыру мүмкін болмайтын жағдайлар бар. «Тыныс» зауыты қалыпты жұмыс кестесі бойынша еңбек етуде.  

–Жұмыс уақыты өзгерген жоқ. Барлық санитарлық нұсқаулар қатаң сақталады,–дейді «Тыныс» акционерлік қоғамы кәсіподақ ұйымының төрағасы Бейбіт Нұрахаев.

Еңбек Кодексінің 70 бабы жұмыс берушіге қысқартылған жұмыс уақытын белгілеуге құқық береді. Яғни, жұмыс сағаты азаяды. Бірақ, зауытта мұндай қажеттілік жоқ. Ұжым толығымен жұмыс істеп жатыр.  

–Біздің цех бұрынғыдай жұмысын жалғастыруда. Таңғы сағат 8-ден кешкі 17.00-ге дейін. Түскі ас 12.20-дан 12.40-қа дейін. Зауыт басшылығы көптеген антисептиктер мен тазартқыш құралдар сатып алған. Шеберханалар мен бөлімдерде жеткілікті. Маскалар барлық жұмысшыларға таратылды. Әр бөлімнің кіре берісіне шашыратқыш тазартқыштар орнатылған. Әрбір ауысымның алдында цехтар мен бөлмелер тазартылады,–дейді құю-балқыту цехының жетекшісі Нұржан Сейтенов.

Зауыт бірнеше мәрте пайдалануға арналған маскалар шығара бастады.  Өнімге деген сұраныс күн санап артуда.

– Біз «Тыныс» зауытына маска сатып алу үшін келдік. Біз алдын-ала төлем жасап, жұмысшыларымыз үшін тапсырыс бердік. Қалада бірнеше күн бойы дәріханаларда маска табу қиын болып тұр.  Бізге шамамен 200 дана керек. Маска тігуге арналған шикізат Ресейден сатып алынады. Бұл мата мен резеңке жолақтар. Масканың сатылымдағы бағасы 270 теңге. Әзірге «Алтынтау-Көкшетау» кәсіпорны 60 мың маскаға тапсырыс берген,–дейді «Голд аеg» серіктестігінің өкілі Ержан Ғалымұлы. 

– Бүгінгі таңда 8 мың маска тігілді. Бұл құқық қорғау органдарына, әлеуметтік мекемелерге арналған. Тағы 3 мың маскаға жетерлік материал бар. 90 мыңға жуық маскаға тапсырыс берілді. Жетіспеушілік бар, бірақ біз шикізатқа тапсырыс бердік, үш-бес күн ішінде жеткізіледі. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты шекарадан  қалай өтеді деген мәселе туындап тұр,–дейді «Тыныс» акционерлік қоғамы сату бөлімінің жетекшісі Айбек Қабиев.

Елдегі төтенше жағдай кезінде ең әуелі ірі өндіріс орындарындағы жұмысшылардың жұмыс кестесіне ерекше назар аударылады. Себебі, азаматтардың алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай жасалуы тиіс. Биылдан бастап ҚР «Әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңына өзгертулер енгізілген. Егер қызметкер жұмыстан босатылса, себебіне қарамастан 6 ай көлемінде мемлекеттік сақтандыру қорынан әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. Төлем мөлшері жалақының 40 процентін құрайды.   Ол үшін жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Мұны қашықтықтан рәсімдеуге де болады.  Бұдан әрі әлеуметтік төлем онлайн түрде рәсімделеді.

Көкшетау қаласы