• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Наурыз, 2020

«Қояндар» да қоймай жатыр

295 рет
көрсетілді

Індеттің таралуын құрықтаудың бір амалы ретінде жолаушылардың тізімделуін қадағалаған жөн. Құжаттарының тіркелуі қажет болса да кейбір жолсеріктер ескі әдетімен ешқандай тіркеусіз, билетсіз «қояндарды» тасуын қоймай отыр. Алда-жалда осылардың бірі қауіпті вирусты таратушы болса, иесін табу қиын. 

Жолсеріктердің осы жаман әдеттерін әшкерелеу мақсатымен Қызылжардағы коррупцияға қарсы күресетін «Қызылжар - адалдық алаңы» («Антикор» орталығы) тобының мүшелері жолсеріктердің суыққолдығын тексерумен айналысып көрді. Сөйтсе, Қызылжардан Көкшетауға дейін де, тіпті Алматыға дейін де билетсіз ала кетуге ықылас білдірген жолсеріктер бар болып шыққан. Бұлар жол ақысын билеттің құнынан кем алатынын айтып, «жолаушыны» қызықтыра түскен.

«Біз мұндай жолсеріктерді Алматыға дейін жүретін №706 жүрдек пойыздан да, Қызылордаға дейін баратын №076 пойыздарынан да таптық» дейді әшкереу жобасының басшысы Амангелді Сатанов.

Тексеріс нәтижелерін арнаулы қызметтерге жеткізгенде көлік бақылау инспекциясы бөлімінің басшысы Манарбек Ыбыраев өздерінің билетсіз жолаушыны алмауға қарсы үнемі күрес жүргізетінін айтып бақты.

«Үстіміздегі жылдың екі айында ғана біз «Адал жол» жобасын іске асырып, 17 пойызды тексеріп, 15 билетсіз жолаушыны анықтадық. Оларды алған жолсеріктерге 11 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлмен жазаланды. Айыппұлдың жалпы көлемі 84 мың теңгеден асты»  деді ол.

Билетсіз жүретіндерді ұстаудың өзектілігі коронавирусқа қарсы күрес барысында осылайша артып тұр.

 

ПЕТРОПАВЛ