Наурыз айы ұлттық кинематографиямыз үшін табысты басталды. Отандық жас режиссер Рамазан Қалиолланың қысқаметрлі «Домбыра» фильмі осы айда қос бірдей халықаралық фестивальға жолдама алды.
Атап айтсақ, наурыздың 12-15-і күндері аралығында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Sensus Халықаралық кинофестиваліне қатысып, кино мамандарының жоғары бағасын алса, 14 наурыздан 28 наурызға дейін жалғасатын XIX Халықаралық Kids First кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына іріктеліп, дәл қазір сол байқауда бақ сынауда. Аталған кинофестиваль өз көрермендерін әлемнің ірі студиялары, жекеменшік компаниялар мен жас киногерлер түсірген балаларға арналған фильмдермен таныстырады. Kids Firs байқауына қатысатын туындылар 50-ден астам алаңдарда көрсетіледі.
«Домбыра» фильмін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі түсірген. Картинаның желісі домбыраның құлағында ойнап, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандаған Әсет есімді баланың өмірін баяндайды.
Айта кетсек, аталған кинотуынды былтыр Алматыда өткен IV Халықаралық Baiqonyr ISFF кинофестивалінің конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіліп, «Бродвейдің таңдауы» сыйлығын алған. Сондай-ақ, бұл фильм Нью-Дели қаласында өткен VIII Халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалінде (Delhi Shorts International Film Festival) «Үздік фильм» жүлдесін де қоса жеңіп алды. Еліміздің абыройын әлемдік деңгейде асқақтатып жүрген отандық кинотуындының түсірілім тобына тек сәттілік тілейміз.