Бабаларымыздың тасқа қашап жазған сөздерінің бірі «Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік» еді. Осы жалғыз ауыз сөзден көк түріктердің рухының биіктігі көрінеді. Сол көк түріктер біздің бабаларымыз емес пе? Әрине одан бергі мың жылдан аса уақытта кәрі тарихтың беті шым-шытырық, иыр-қиыр жазуларға толды.
Халқымыз да талай тағдырлы оқиғаларды бастан кешіп, осы күнге жетті. Тіпті осы соңғы бір ғасырдағы оқиғалардың өзін салыстыра айтқанда нәубеттің, ақтаңдақтардың таразысы ауыр екен. Сондықтан ең алдымен еліміздің тәуелсіздігіне шүкіршілік айтамыз. Тәуелсіздіктің отыз жылында талай істер атқарылды. Қазір енді қоғамымыз өзгерістің қарсаңында тұр. Отыз жылда бір буын өзгереді. Сол өзгеріс келді. Біз қандай да бір өзгерістерден жақсылық күтетін халықпыз. Өзгерістер жақсы жағына қарай болса екен деп тілеймін!
Дәл қазіргі жағдайда ел басына біраз ауыртпалықтар түсіп тұр. Мұндайда қазақ «көппен көрген ұлы той» дейді. Сабырлылық танытып, әрқайсысымыз жауапкершілік алсақ, бұл нәубеттен де құтылармыз. Бастысы, еліміз аман болып, халқымыз жан тыныштығын қайта тапса екен. Табиғаттың жаңарып, түлеп жатқан әдемі кезеңіндегі ең ұлы мереке – Наурыз мейрамымен бірге әрбір шаңыраққа қуаныш, бақыт, береке бір-бірін жетелей кірсін! Ұлыс оң болсын, еліміздің ырыс-несібесі мол болсын!
Әнес Сарай,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты