Қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арлан Қалуетов мегаполистегі кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысы туралы, бетперделер мен азық-түлікті жеткізу, олардың баға саясаты туралы мәлімдеді.
Қалада қарапайым бетперденің бағасы 87 теңге деп бекітілсе, көмір фильтрлі бетперде 111 теңгемен сатылуда. Ол үшін Алматыда 48 дәріхана белгіленді. Барлығына бейнебақылау орнатылды. Бейнебақылаудағы жазба бір айға дейін сақталатын болады. Айта кету керек, бүгінде қалада фитнес, спа-салондар, сұлулық салондары мен қоғамдық моншалар жұмысын толық тоқтатты. Бағаның негізсіз көтерілуі анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арлан Қалуетов мәлімдеді. Айтуынша, мегаполисте монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
- Біздің департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді шараларды қолға алды. Бетперденің бағасын негізсіз көтеру фактілері бойынша департамент тарапынан нарық субъектілеріне қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл бойынша бізге келіп түскен шағымдар көп, – деді ол.