• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Наурыз, 2020

Жанашырлық жақындастыра түседі

641 рет
көрсетілді

Олар таныс емес еді. 85-ті алқымдаған ақ жаулықты ана мен жүрегі мейірімге толы жас жігіт. Қарттарға жанашырлық пен қайырымдылық көрсеткен қарапайым көкшетаулықтың игі әрекеті бүгінде көпке үлгі боларлықтай.

Адамдардың бір-біріне деген адал көңілден туған жанашырлық пейілі тіршіліктің ақ бас толқынымен алысып, тауы шағылуға жақындаған пенденің көңіліне дем бергендей. Тіпті қос қолтығынан періштедей көтеріп, желеп-жебеуі нағыз адамгершіліктің айқын мысалы деп айтсақ, артықтығы болмас. Біздің кейіпкеріміз Дамир Мария Зелинскаямен кездейсоқ танысқан. Тоқсанды алқымдап қалған апайдың өмір жолын естіп-білгеннен кейін бір адамға болса да көмектессем деген ниет туындады. Азық-түлік пе, күнделікті керек-жарақтар ма, бәрін әкеліп береді. Бір-бірімен бауырласқан  әдемі сәт жалғыз мәрте жүздесуден кейін туындап отыр. 

Жалғыз тұратын қарттарға материалдық көмек қажет-ақ. Мұны түсінген Дамир аз да болса, бұл игі іске өз үлесін қосып келеді. Бір-бірімізге көмектессек,  жүрегімізге мейірім толады дейді Дамирдің өзі.

– Бүгінде адамдар жеке басының мәселесін күйттеп кеткен. Мен көмектесіп жүрген Маша әже өз қолынан келгенше маған да қолдау көрсетуде. Ол  маған қашан да жанашыр екенін білдіреді, әрдайым тілектес болып жүреді. Өз ақыл-кеңестерін де аямайды. Әженің көргені көп, – дейді қала тұрғыны Дамир Әбілов.

Бүгінгідей сын сағатта жанындағы жалғызілікті адамға жан нұрын себезгілеу адам бойындағы асыл қасиет. Қарттарымыз қиналып қалмасыншы екен деп бойында күш-жігері бар жас толқын жанашыр болып жүрсе жарасымды.

– Дамир екеуіміздің танысқаннан кейін, бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Ол менің балам сияқты. Маған қамқор болып жүреді. Осындай сәтте маған сонау 1955 жылдар есіме түседі. Сол жылдары бізді тың игеруге алыс сапарға жіберді. Сонда, солтүстіктің қазақтары бізді туғандарындай құшақ жая қарсы алған еді, – дейді тыл еңбеккері Мария Зелинская, – осындай қамқорлық тағы да қайталанып отыр. Қиын сәтте құшағына алып, жүрегіңді жылытатын қазақ халқына мың алғыс.