Ақмола облысында коронавирустың алдын алу шаралары барынша күшейтілген. Облыс орталығы Көкшетау қаласындағы ірі сауда нысандары мен ойын сауық желілері жабылды. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар белгіленген тәртіпте жұмысын жалғастыруда.
Көкшетаудағы «РИО» ойын-сауық орталығының жалпы аумағы 15 мың шаршы метр. Бұл жерге айына 400 мыңнан астам адам келеді екен. Қазір уақытша есігі тарс жабылған. Тек бірінші қабаттағы балалар тағамы дүңгіршегі мен дәріхана ғана жұмыс істеп тұр....
– Біз сауда нысандарының жұмыс уақытын қысқарттық. «РИО» ойын-сауық орталығы, Керуен сауда үйі мен Шайба базарын уақытша жабу туралы шешім қабылдадық. Осы нысандар қазір жабық тұр. Бұдан бөлек Орталық базардағы киім-кешек, тұрмыстық заттар бөліміндегі жұмысшылардың жұмыс уақытын тоқтаттық. Қазір тек орталық базардың азық-түлік бөлігі ғана жұмыс істеп тұр, – дейді «Орталық базар» серіктестігінің әкімшісі Нұрия Байсалбаева.
Коронавирус індетінің таралу қаупі жоғары болуына орай қаладағы түнгі клубтар, караоке барлар, монша мен фитнес орталықтары, бассейндер және компьютерлік клубтар өзге де адам көп жиналатын нысандардың қызметі уақытша тоқтатылған.