• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Наурыз, 2020

Жамбыл облысының бекеттерінде 33 мыңнан аса жолаушы тексерілді

259 рет
көрсетілді

Ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап Жамбыл облысының республикалық маңызы бар жолдарында санитарлық-карантиндік блок-бекеттер жұмыс істеп келеді.

Онда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, медицина, полиция және прокуратура қызметкерлері жұмыс атқаруда. Олар жолаушыларды коронавирустық инфекция туралы хабардар етіп, көліктер қозғалысын бақылап, тұрғындардың дене қызуын өлшеу бойынша тиісті жұмыстар атқарып отыр.

Күн сайын блок-бекеттер арқылы облыс аумағына мыңдаған адамдар өтуде. Әрбір өтетін адамның мәліметтері сауалнама арқылы жазылып, медицина қызметкерлері тепловизорлардың көмегімен дене қызуларын анықтау шараларын жүргізуде. Алдын алу блоктары Қырғыз елімен шектесетін Қордай ауданында, Қарағанды облысымен шектесетін Мойынқұм ауданында, Түркістан облысымен шекаралас Жуалы және Сарысу аудандарында орналасқан.

Бекеттердегі медицина қызметкерлері автокөлік жүргізушілерінің және жолаушылардың денсаулық жағдайын тексереді және алдын алу іс-шараларын жүргізеді, сонымен қатар деректері бойынша сауалнама толтырады.Осындай санитарлық-карантиндік бекеттер өңір аумағындағы «Айшабибі» және «Қарасу» шекара маңындағы өткізу пункттерінде де жұмыс істеуде.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, 24 наурыздағы жағдай бойынша алдын алу бекеттерінде 11 211 бірлік автокөлік өтіп, 33 409 жолаушы тексерілген. Оларға 25 563 жадынама мен парақшалар таратылған.Өңір тұрғындары мен қонақтары коронавирустық инфекцияның алдын алу және таралуына жол бермеу бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға түсіністік танытуда.Бүгінгі таңда Жамбыл облысы аумағында коронавирустық инфекция тіркелмеген.

 

Жамбыл облысы