• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 25 Наурыз, 2020

А.Аймағамбетов ата-аналарға хат жолдады

898 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі барлық ата-анаға хат жолдады. Ол өз сөзін оқушылардың көктемгі каникулы 16 наурызда басталғанын және қазір ата-аналардың басым бөлігі үйде болғандықтан балаларға 21 күнге созылатын демалысты қызықты әрі пайдалы өткізуге көмектесе алатынын еске салудан бастаған.

Осыдан кейінгі министрдің хаты былай өрбіген: 

Менің ұлым – төртінші сынып оқушысы. Өзі кітап оқығанды жақсы көреді. Мысалы, оқу жылы басталғалы «Робинзон Крузо», «Том Сойердің бастан кешкен оқиғалары», «Менің атым – Қожа», «Көшпенділер» трилогиясы кітаптарын бірге оқып шықтық. Сүйікті кітабымыз – «Капитан Гранттың балалары». Сондай-ақ ежелгі грек және мысыр мифтері мен аңыздарын қызыға оқыдық.Ата-аналардың балаларды кітап оқуға баулығаны өте маңызды. Егер бала сіздің кітап оқып отырғаныңызды жиі байқайтын болса, өзі де қолына кітап алады.  Маған бала кезімде ғылыми фантастика жанрында жазылған туындылар ұнайтын. Айзек Азимовтың, Рэй Брэдберидің, ағайынды Стругацкийлердің, Клиффорд Саймактың, Роберт Хайнлайнның еңбектері қиялымды оятатын. Осы авторлардың туындыларын оқып, күні бойы хикаялардың мазмұнын ойлап жүруші едім.Осылайша, есейе келе, ғылыми әдебиеттерге деген қызығушылығым артты. Сондықтан, балаларды осы жанрға баулу өте маңызды деп ойлаймын. Бала күнде оқыған сүйікті туындыларыңызды балаларыңызға ұсынып көріңіздер. Ең бастысы, бала үйде кітапты неғұрлым көп оқыса, мектеп бағдарламасын соғұрлым жеңіл меңгеретінін ұмытпаңыздар.Кітап оқудан бөлек, отбасымен танымдық видеоларды қарауға болады. Мысалы, видеосабақтарды, тренингтер мен ғылыми тәжірибелерді, TED-конференцияларын және т.б. Министрліктің сайтынан білім беру ресурстарының тізімін таба аласыздар. Айтпақшы, қазіргі кезеңде білім беруге бағытталған сайттарды пайдалану барысында трафик есептелмейді, яғни тегін болады. Ол үшін біз интернет провайдерлерімен келісім орнаттық. Бұл қосымша білім беру орталықтары, курстар мен секциялар жұмысын тоқтатқан кезеңде өте ыңғайлы болмақ. Сондай-ақ бұл – балаларды онлайн-форматта білім алуға икемдеуге жақсы мүмкіндік, болашақта пайдасы тиетіні де сөзсіз.Ата-аналардың басым бөлігі каникул аяқталған соң, оқу процесі қалай ұйымдастырылатынын уайымдауда екенін білемін. Қазіргі уақытта оқуды қашықтан жүргізуге көмектесетін ақпараттық жүйелерді дайындап, тестілеудеміз. Кейбір сабақтарды телеарналар арқылы өткізуге болады. Бұл формат біздің оқушылар мен ұстаздар үшін үйреншікті емес, сондықтан педагогтердің жұмысына түсіністікпен және құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Олар оқушыларын сағынды және мектепке келер сәтін асыға күтіп жүр.Бұл – министрдің емес, жағдайға байланысты балаларымызда кенеттен пайда болған бос уақытты тиімді өткізуді және осы кезең бізді балаларымызбен жақындастыра түсуді қалайтын әкенің ұсыныстары ғана. Балапандарымыздың бақытты болуы біз бен сізге тікелей байланысты.Өзіңіз бен жақындарыңыз аман болғай!

Ізгі ниетпен,Асхат Аймағамбетов

Ескерту: фото министрдің фейсбуктегі ресми парақшасынан алынды.