Солтүстік Қазақстан облысында да бір адамнан короновирус табылғаны бұрын хабарланған. Осыған орай бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тимур Сұлтанғазиев өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді.
Оның айтуына қарағанда, коронавирус Ресей Федерациясынан 23 наурыз күні кешке пойызбен үйіне келген қыздың бойынан табылған. Ол 24 наурыз күні температурасы 37,6 градус болып, басы айналып тұрғаны жөнінде жедел жәрдемге хабарлаған. Жедел жеткен медицина қызметкерлері қызды тексеріп жібергенде оның вирусты жұқтырғанын анықтаған. Алайда соңғы қорытындыны айту үшін барлық дерек Алматыдағы мамандарға жөнелтілген.
Қазір қызбен сөйлескен, араласқан адамдардың бәрі де анықталып, оқшауланған. Соның ішінде шекаралық бекеттің 13 қызметкері де оқшаулағышқа жеткізілген. Қыз отырған вагонның барлық жолаушылары анықталып, бақылауға алынған. Олардың бойында коронавирустың бар-жоғы тексерілуде. Қыздың өзі үйінде анасымен ғана қатынас жасағаны белгілі болып отыр. Қазір анасы да тексерілуде.
Бүгінгі таңда вирус жұқтырған қыздың жағдайы қанағаттанарлық, бірқалыпты, температурасы түскен. Еш жері ауырмайтын көрінеді. Бірақ ол оқшауланған режімде біраз уақыт болады.
Сонымен бірге Тимур Сұлтанғазиев облыстың індетке қаросы күресі туралы да шағын мәлімет берді. Айтуына қарағанда, қазір инфекциялық стационарда 65 орын оқшауланып, түсіп қалуы мүмкін науқастарды қабылдауға дайын. Сонымен қатар 500 орын карантиндік стационар да жабдықталған. Медициналық қызметкерлердің бәрі вирусты қайтарудың жолдарын оқып-үйренген. Киімдері мен құралдары да сай. Бірақ әйтеуір халық жамандықтың аулақ кеткені дұрыс деп тілеп, тазалықты қатаң сақтаулары керек деп сөзін қорытты ол.
Солтүстік Қазақстан облысы