«Вуэльта» көпкүндігінің бірінші кезеңі «Астана» велосипедшілерінің жеңісімен ашылды
«Астана» велокомандасы Испанияда басталған әйгілі «Вуэльта» көпкүндігінің бірінші кезеңіндегі жеке командалық жарыста жеңіске жетті. Біздің жерлестеріміз Вильянуэва-де-Ароса-Санхенхо қалалары аралығындағы 27 шақырымнан тұратын бұл қашықтықты 29 минут 59 секундта жүріп өтті. Осылайша жарты сағатқа жетпейтін мерзімде көмбеге бірінші болып келген астаналықтар аламанды табысты бастады. Екінші орынға «RadioShack-Leopard», үшінші орынға «Omega Pharma-Quick-Step» командалары жайғасты.

Көпкүндіктің бірінші кезеңіндегі бұл жеңісті «Астана» командасына оның Янес Брайкович (Словения), Винченцо Нибали, Паоло Тиралонго (екеуі де – Италия), Якоб Фульсан (Дания), Андрей Гривко (Украина) және Танел Кангерт (Эстония) сынды велошабандоздары алып берді.
Ал бұрнағы күні екінші кезең мәреге жетті. Ол Понтеведра – Альто до Монте да Гроба елді мекендерінің арасын жалғады. Ұзындығы 177,7 шақырымға созылған қашықтықта Люксембургтің «Saxo-Tinkoff» командасындағы ирланд жүйрігі Николас Роч топ жарды. Алайда, екі күннің қорытындысы бойынша «Астана» командасының мүшесі Винценцо Нибали 5:05:22 көрсеткішімен бірінші орынға шықты.
Енді мынадай анықтама бере кетейік. Испания «Вуэльтасы» (испанша атауы -Vuelta a España) – әлемдегі «Тур де Франс» және «Джиро д’Италия» көпкүндік турнирлерімен бірге алғашқы үштікті құрайтын, үш аптаға созылатын тас жол бойындағы аса танымал веложарыс. Ол жыл сайын (1995 жылдан бері) күзге салым Испания елінің аумағында сөреден шығады. Оның алғашқы жарысы 1935 жылы тіркелген. Тағы екі додасы Еуропаның өзге елдерінің территориясында ұйымдастырылды. Ол 1997 жылы Португалия, 2009 жылы Нидерланды мен Бельгия трассаларында керуен түзді. Бұлардың 2006 жылы өткен турнирінде біздің Александр Винокуров қорытынды есепте бірінші орынды жеңіп алған болатын.
Ал биыл 24 тамызда 68-ші мәрте сөреден шыққан аламан үш ел – Испанияның, Францияның және Андорраның жерлерін басып өтеді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.