Егер оқырман есінде болса, бұған дейін де карантин күшіне енгеннен кейін мегаполисте қоғамдық көліктердің жұмысы кешкі сағат 21.00-ге дейін қысқарған болатын. 26 наурыздан бастап Алматыда автобус маршруттары мен метро кешкі сағат 19:00-ге дейін ғана жүретін болады.
Мұндай шешімді бүгін төтенше жағдай жөніндегі Алматының жедел штабы қабылдады.
Кезекті рет қоғамдық көлік жұмысының мониторингі мен талдауы жолаушылар ағынының 70%-ға төмендегенін көрсетті. Осыған байланысты төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Алматының жедел штабы қалалық автобус маршруттары мен метроның жұмыс уақытын қысқарту туралы шешім қабылдады. Сонымен, қаладағы қоғамдық көлік сағ. 06:00 мен 19:00 арасында жұмыс жасайтын болады.
Айта кетерлігі, бұған дейін жолаушылар ағынының айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, қала тұрғындарының еркін қозғалуы үшін автобустар жоспарлы 95% шығумен штаттық режимде жұмыс істеуін жалғастырды. Қалааралық және қала маңындағы маршруттардың жұмысы тоқтатылды.
АЛМАТЫ