Үстіміздегі жылдың басынан бастап Шортанды ауданында gazvolonteer.kz сайтында тіркелген «Сенім» волонтерлер орталығы жұмыс істейді. Дақпырты мен даңғазасы көп ашылу салтанаты өткізілмеген, төңірегіне жасалған қамқорлықтарын көп айтып жарнамалап та жатқан жоқ. Бір айта кетерлігі, бұл орталық «Волонтер жылы» жария етілердің алдында құрылған.
Аудандық аймақтық жастар орталығының жетекшісі Іңкәрім Қабылханның айтуына қарағанда, пейілі кең, жүрегі жомарт, жанашыр жандардың басын қосып отырған жалғыз мақсат – жалғызбасты жандарға қамқорлық көрсету. Сөйтіп тағдыр тәлкісіне түскен адамдардың жүрегін өздерінің ізгі де ізетті, парасатты іс-қимылдарымен жібіту, әр көңілде сенім ұялату. Біздің қоғамда мейірімділіктің мол екенін, қажет кезінде ешкімнің де қамқорлықсыз қалмайтынын ұқтыру.
Орталықта жалпы отызға жуық адам бар. Олардың басым бөлігі студенттер мен жоғары сынып оқушылары. Жұмысшы жастар аздау.
– Біз енді осы бағытта да жұмыс істеуіміз керек, – дейді Іңкәрім Қабылхан, – құрыш қолды жұмысшы жастардың өзге замандастарымен бірге замана талабына орай қозғалыстың бел ортасында жүргені жақсы ғой. Ал орталықтың негізгі бағыты аудандағы волонтерлер қозғалысының алдыңғы легінен табылып, егде, жалғызбасты, көп балалы отбасыларына көмек қолын ұсыну. Сондай-ақ ел назарын аудару үшін қызғылықты іс-шараларды өткізуді де ойластыруда. Жалғыз қол күшін қажет ететін істі ғана тындырмай, рухани демеу болатын мазмұнды дүниелердің мәнімен замандастардың көкірегіне жарқын сәуле құйсақ, – дейді.
Биылғы қыс қатал болды. Аязынан бұрын қары қалың. Тіптен еріктілердің ерік-жігерін таразы басына тартпақ болғандай. Қайырымды жандар Шортанды ауылындағы көптеген көшенің, күрек ұстауға шамасы жоқ жандардың аулаларын тазалап шықты. Көмір үйді, отын жарды, су тасыды.
Волонтерлердің бірі – Шортанды №3 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Еркін Жарқынбеков. Ернардың айтуына қарағанда, «Сенім» орталығы туралы хабар құлағына тиісімен бірден жеткен. Өйткені, көңілі қалайтын, жүрегіне жақын шаруа екен. Отбасында да қайырымдылық қағидаттары туралы ес білгелі айтылып келеді.
– Мұндай жан жадыратар жанашырлық шаралары бір мезеттік немесе бір жылдық болмауы керек, – дейді Еркін Жарқынбеков. Мысалы, мен бұрын бөгде, егде адамдарға көмек беруге қымсынатын едім. Бір түрлі ұят тәрізді болып көрінген. Менің ақ адал пейілімді дұрыс ұқпай қала ма деп ойлайтынмын. Сондықтан бастама көтерілген кезде көкейімде жүрген көрікті ой өз арнасын тапты. Үлкендердің айтуына қарағанда, батадан бағалы ештеңе жоқ. Халқымызда «баталы құл арымас» деген әдемі сөз бар ғой.
Елгезек Ернар мектепті бітірген соң да жалғызбасты жандарға көмектесе бермек. Осы қасиеттен бойымда күш-қуат барда арылмаймын дейді. Оның сыныптасы Айжан Қойлыбай Ернарға қарағанда волонтерлер қозғалысы туралы сәл ертерек естіпті. Айжан өз құрбыларының бойында өзгеге деген жанашырлық қасиеттің көптігіне қуанады. Оның ойынша, жас толқын жақсылық жасауға ынтық болса, өздері де пейілі кең, көңілі таза адам болып қалыптаспақ.
Бізді бір қуантқаны, жастар кәдімгі өмір көрген, тәжірибе жинақтаған егде адамдар тәрізді пайымдайды екен. Зайыры жақсылық жасау жасқа қарамайды екен ғой. Ең бастысы білім ошағында елгезек Ернар мен ақ ниетті Айжан тәрізді оқушылар көп.
Орталық жетекшісі Іңкәрім Қабылханның басшылығымен жыл ішінде атқарылатын жоспар түзіліпті. Әрине қатып қалған нәрсе емес. Қажеттілігіне орай толықтырылып, байытылып отырмақ. Қатары күннен-күнге өсіп келе жатқан жанашыр жастардың бойындағы жақсылықтың жалыны жан дүниеңе жарқын сәуле түсіреді.
Ақмола облысы,
Шортанды ауданы