«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аппарат басшысы Нұралы Бөкейханов пен Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Шыңғыс Темір төтенше жағдай кезіндегі кәсіпкерлерге арналған штабтың жұмысы бойынша түсініктеме берді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 16 наурызда арнайы жедел штаб құрды. Оған 3 күн ішінде 6 мыңға жуық өтініш түскен. Елдегі жағдайға байланысты компаниялар жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр. Кәсіпкерлер шикізаттың жетіспеушілігінен әрі күрт қымбаттауынан зардап шегіп отыр. Соған орай Үкіметтен ғимарат және жер жалдау ақысын төлеу мерзімін ұзартуды, салықтан уақытша босатуды сұрайды.
– Бұл қиындықтардың дені шекараның жабылуы мен арнайы қауіпсіздік шараларын енгізу салдарынан туындап отыр. Жалпы өтініш жіберген компаниялардың 85 пайызы – шағын бизнес, 13 пайызы – орта бизнес, 2 пайызы – ірі бизнес өкілдері. Өтініш жасаған компаниялардың жартысы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына тиесілі, – дейді Н.Бөкейханов.
Кәсіпкерлердің 60 пайызы қаржылай қиындыққа тап болған. Сондықтан кәсіпорындар еңбек ресурстарын сақтауға өтемақы беруді сұрап отыр.
– Айтылған ұсыныстар мемлекеттік органдарға жіберілді. Олармен арнайы шаралар жүргізіліп жатыр. Ең бірінші қолданылатын шара – кәсіпкерлерді салықтан босату. Алдағы жаңалықтарды кәсіпкерлер atameken.kz порталынан біле алады, – деді Ш.Темір. Оның айтуынша, кейбір банкте тұтынушыларына жеңілдіктер жасаған. Олардың несие бойынша міндеттемелерін 90 күнге кейін шегеріпті. Бүгінде бұл жұмыстарды басқа да банктер қолға алуда.
Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы толықтай онлайн режімге көшті. Соған сай кәсіпкерлерге арнайы call-центр ұйымдастырған. Кез келген кәсіпкер 1432 нөміріне хабарласып, көкейдегі сұрақтарына жауап ала алады.