Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов аты жаман вирусқа қарсы күрес кезіндегі облыстың жағдайы туралы айтып, жергілікті телеарнадан брифинг берді. Алдымен ол бойынан короновирус табылған әйелдің оқиғасы және оған байланысты істелген шаралар туралы айтты. Оны біз «Егеменнің» оқырмандарына бұрын жеткізгенбіз.
Әкім тұрғындардың саулығын сақтау шараларының бірі ретінде облыста қонақ шақырып, той жасауға тиым салынатынын да айтты. Одан әрі облыс аумағына көліктің барлық түрлерімен келген жолаушылардың бәрі сауалнама толтыратынын ескертті. «Соның ішінде ЕАЭО елдерінен келген қонақтар бірден карантинге бағытталады. Науқастың белгілері байқалған жолаушылар провизорлық стационарларға апарылады. Қалада барлық ХҚКО-лар уақытша жабылған, мемлекеттік қызметтерді тек интернет арқылы ғана алуға болады. Барлық қоғамдық орындар мен көліктер санитейзерлермен жабдықталған, супермаркеттердің, кафелер мен сауықжайлардың, дүкендердің сатушылары бетпердемен және қолғаппен қамтамасыз етілген болуы керек. Егер ТЖ талаптарын орындалмаса біз кез келген мекемені жабуға қақымыз бар», деді ол.
Бүгінгі таңға дейін ТЖ талаптарын бұзған 17 кафе мен компьютерлік клубтардың қожайындары 5 күннен 10 күнге дейін әкімшілік қамауға алынған екен. Сонымен қатар «Тайга» сауда орнында да ТЖ талаптары бұзылған екен, бірақ онда қазір кемшіліктер жойылған. «Осындай сауда орындарының қожайындарын қатты ескертемін. Егер бұрынғыдай ТЖ талаптары бұзылса 5 пен 10 күн аралығындағы Әкімшілік тұтқындау жазасы қолданылады»,- деді Қ.Ақсақалов. Сонымен бірге ол барлық діни орталықтарда жаппай құлшылық жасауға уақытша тиым салынғанын айтты. Одан әрі әкім: «Қазір облыста бетперде жасаумен 54 тігін ательелері айналысуда. Жергілікті «Радуга» зауыты тәулігіне 7 тонна антисептик шығарады. Облыста дағдарысқа қарсы арнайы жоспар бекітілді. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылар тегін азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алатын болады. Өңірімізде ондайды 3669 адам алады. Азық-түлік қоры бізде жеткілікті. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі бекітілген», деді. Сонымен қатар ол ТЖ байланысты еңбекақылары сақталмай, мәжбүрлі демалысқа жіберілген қызметкерлер мен жұмысшылар категориясы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайын 42500 теңгеден алатынын айтты. Ал жұмыстары қауырт болып кеткен барлық медицина қызметкерлеріне Президенттің тапсырмасына орай бір айлық еңбекақысы көлемінде сыйақы берілетіндігін де жеткізді. Сондай-ақ жалдау ақыларының да 50 пайызға дейін төмендетілетіні айтылды. «Коммуналдық меншікті жалдайтын 100-ден артық шағын және орта бизнес субъектілері үш ай бойы жалдау ақысынан босатылады және үш айға салық төлемдерін айыппұл төлемей кешіктіруіне рұқсат беріледі», деді Қ.Ақсақалов.
Солтүстік Қазақстан облысы