Төлеби ауданы, Леңгір қаласы, Таскешу елді мекенінде тұратын Рысмет Жұмағұловтың үйін бірден таптық. Ардагердің 9-сыныпта оқитын немересі Наурызбай бізді көшеден қарсы алды. Жүз жастағы ақсақалмен жүздескенше асыққанымыз рас.
Ол – осы аудандағы көзі тірі екі майдангердің бірі. Төсек тартып жатып қалмаса игі еді. Әңгіме айтуға жарай ма екен?! Көкейдегі мұндай қауіпті бізді төргі бөлмеге оздырған қонақжай шаңырақтың келіні Ұлбала сейілтті. Мінезі ашық-жарқын келіншек бұйымтайымызды естіген соң көңілдене үн қатты:
– Атама арнайы жолығуға келсеңіз, шамалы күте тұрыңыз. Ол кісі өз бөлмесінде. Мен қазір ескертіп шығайын, – деп келіні келесі есікке кірді. Ұлбала – осы шаңырақтың кенжесі Болаттың келіншегі. Көп ұзамай қайта шықты.
– Шүкір, құлағының нашар еститіні болмаса, ол кісі әлі бақуат. Бұрын таң атпай тұрып алатын. Ал қыс айында асықпай таңертеңгі сағат 10-11-де оянады. Осы үйге келін болып түскеніме отыз жылға жуықтады. Енем Нұрбибінің қайтыс болғанына ширек ғасырдан асты. Қарт адамға ерекше күтім керек. Тамақты режіммен ішеді, сондықтан қалыптасқан күнделікті дағдысын сақтаймыз. Біріміз жұмысқа, балалар мектепке кетеді. Үйде жалғыз қалады.
– Бір өзі зерікпей ме? Немен айналысады? – дедік Ұлбаладан сыр суыртпақтап.
– Ұйқыдан оянған соң түрлі жаттығу жасап, бой жазады. Теледидар жаңалықтарын көріп, тыңдайды. Әсіресе спорт бағдарламаларына құмар. Футбол, хоккей ойыншыларының аты-жөндерін жатқа білетіні соншалық, кейде ұлымен, немересімен сөз таластырады. Қыста ғой үйде отырғаны. Көктем, жаз, күз айларында ерте тұрып, азын-аулақ бақшаға қарайды. Егістікті суарады, арам шөбін жұлады. Әйтеуір тыным таппайды, көп қимылдайды. Бір орында отырғанын немесе төсекте жатқанын сирек көремін. Атамыздың жүз жасқа ауырмай-сырқамай жеткені денсаулығының осындай мықтылығынан шығар.
Орта бойлы қария залға кіргенде арадағы әңгіме үзілді. Орнымнан атып тұрып ақсақалмен амандастым. Қарттың салалы қолдары әлі де қарулы көрінді. «Шалың мықты» деп сүйсініп қоямын іштей. Өзімді таныстырдым. Ұлбаланың ескертуін ұмытып кеттім бе, әлде ғасыр жасаған майдангердің мысы басты ма, сөзімді ұқпады.
– Қаттырақ айт! – деп құлағын аузыма қарай тоса берді. Дауыстап жөнімді қайта айтқан соң диванға жайғасты.
– Біз Жаманқарадан тараймыз, – деді ақсақал әңгімесін әріден бастап. – Өз заманында бай саудагер болып өмір сүрген. Тоғыз перзенті болыпты. Төртеуі аштықтан өлсе, әкем Жұмағұл 1928-1929 жылдары «халық жауы» деп ұсталып, кейін атылып кетті. Ол кезде 9 жасар естияр баламын. Шешем Қырғауыл Қазығұрт ауданы Үшбұлақ ауылынан еді. Елді ашаршылық жайлады. Ауылдың жас-кәрісіне дейін жерді күрекпен аударып, астық тұқымын қолмен себеді. Бидайды орақпен орып, молотилкамен дән бастырады. Жұмыс істеушілерге жалақы жоқ, еңбеккүн ғана жазылады. Тамаққа тек быламық беріледі...
Осылайша бес кластық білімі бар Рысмет Жұмағұлов 1934 жылдан 1942 жылға дейін Көксәйектегі колхозда еңбек етеді. Кейін соғысқа алынады да Сталинград түбіндегі кескілескен ұрыстарға қатысады. Қоршауда қалған неміс басқыншылары өліспей беріспейді. Қатардағы жауынгер Р. Жұмағұлов қол пулеметімен жауға тойтарыс беруге атсалысады. Қасында жәрдемшісі бар. Қарсы шабуылдың бірінде ауыр жараланып, Саратов түбіндегі Болинск қаласында госпитальда ұзақ емделеді. Сөйтіп, елге екінші топтағы мүгедек болып оралады. Майдан даласындағы ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Маршал Г.К.Жуков» медалімен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.
Рысмет ақсақал марқұм зайыбы Нұрбибі екеуі 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені – Ербол 70 жаста. Ұзақ жыл Төлеби аудандық статистика бөлімінде қызмет атқарып, зейнетке шықты. Бекболсыны 66 жастағы зейнеткер. Одан кейінгісі – Ырысай, ал Замирасы Алматы қаласында тұрады. Кіші қызы Жаңыл бертінде қайтыс болды. Биболсын «Леңгір су» мекемесінде есепші болып жұмыс істейді. Жанат базарда сауда жасайды. Шірінкүл – Тоғыс елді мекенінде. Ал Болат осы қарашаңырақтың иесі. Әкесіне қарап қалған ұл осы.
– Жұрт қатарлы біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей өмір сүріп жатырмыз, – деді ақсақал бізбен қоштасар сәтте. – Ас-ауқатымды әзірлеп қамқорлық жасайтын келіндеріме рахмет.
Жақында Төлеби ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Рысмет Жұмағұловқа Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай және де баспана кезегінің келуіне байланысты Леңгір қаласындағы 1 шағын ауданнан 2 бөлмелі пәтердің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді. Майдангер бұған дейін Леңгір қаласы, С.Сәулембаев көшесінің 64-үйінде тұрып келген еді. Әрине үйінің берекесі болып, 4 ұл мен 5 қыз тәрбиелеп өсірген ақсақал үшін жер үйде тиісті жағдай жоқ еді. Бұл биыл 100 жасқа қадам басқан кешегі майдангер үшін туған күніне лайықты тарту болды.
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ
Түркістан облысы