Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов облысымызда коронавирус жұқтырған бір адамның тіркеліп, көз жұмғанын жеткізді.
–Жүргізілген интенсивті терапияға қарамастан №2 облыстық көпбейінді ауруханасында облысымыздың 64 жастағы тұрғыны коронавирус індетінен қаза тапты. Әйел наурыздың 25-і күні таңғы сағат 7.00-де ауруханаға жедел жәрдем көлігімен өте ауыр жағдайда түсті. Алгоритмге сәйкес, жедел респираторлық вирустік жұқпасы бар деген ескертпе жасалып, коронавируске күдікті ретінде есепке алынды.Облыстық денсаулық сақтау басқармасының және өз атымнан марқұмның туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамын, – деді басқарма басшысы.
Екі өкпесінің қабынуы, тыныс алуының қиындауы, сонымен қатар қант диабеті салдарынан туындаған сепсис, гипертониялық ауру мен атеросклероз ажалға себеп болған. Науқаста пневмония қатерлі індеттің салдарынан пайда болған. Ол шетелге шықпаған және коронавирус жұқтырғандармен байланыста болмаған. Қазіргі таңда марқұммен байланыста болған тұлғалар карантинге жатқызылып, тиісті зерттеулер жүргізілуде. Брифинг барысында басқарма басшысы Сүлен Ілиясов аталмыш жағдайға байланысты қажетті эпидемиологиялық шаралар жасалып жатқанын айтты.
Ақмола облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов елімізде коронавирустен бір азаматшаның көз жұмғаны туралы жедел хабар түскен бойда, Целиноград аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы коронавирустен көз жұмған науқаспен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулағанын айтты. Олардың барлығы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында. Сонымен қатар, марқұмның тұрған үйі де залалсыздандырылады.