• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 27 Наурыз, 2020

Қадірлі қария болғыңыз келсе...

1780 рет
көрсетілді

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген тәмсілді жиі қолданамыз. Бірақ сол қазынамыздың қадіріне жете білдік пе? Төрімізде отырып төрелік айтатын төрешілерімізді төмендетіп алған жоқпыз ба? Алатаудай ақылшыларымыз аласарып қалған жоқ ба? Олардың бүгінгі бедел биігі өз деңгейінде ме? Атаның айтқанына, кейуананың кеңесіне құлақ түріп, құп алатын жастар бар ма? Үлкендердің үні, бағыт-бағдары – бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Себебі, мың жерден заман дамыды десең де, ғаламтор ғажайып десең де оның да білмейтін тұстары жетерлік.

Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөлген екен. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, өсек айтатындарды қарт-шал деген. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айбынын асырып отырған жанды ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген адамды абыз деп атаған.

Иә, батыр Бәукең айтқан абыздар арамызда қалды ма, қалмады ма ол жағы Аллаға аян. Дейтұрғанмен, ұлттың рухын асқақтатып, дәреже даңқын асырып, кішісіне кісілікті үйретіп, үлкеніне үлгі көрсететін алдыңғы толқынның алар орны айрықша екені айтпасада түсінікті. Дәстүрлі әннен дәм татырып, елдің ықыласына бөленіп жүрген Ерлан Рысқали абыз-ақсақалдардың негізгі міндеті халықтың ауызбіршілігін сақтау дейді.

«Жалпы қазақтан сөз қалмаған ғой. «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» дейді. Тұтастай алғанда қазақ қоғамы үшін қарт, қария, үлкендердің маңызы өте зор. Неге десеңіз, ол кісілер өздерінің өмір тәжірибесінен көргенін, көңілге тоқығанын, оқығанын кейінгі буынға зекімей, дөрекілік танытпай, парасаттылық деңгейінде жеткізе білетін адамдар. Білмегенді жөнге салады. Тентекті ақылмен тия біледі. Қалай болғанда да бұл кісілердің басты ұстанымы елдің арасындағы ынтымақты ыдыратпай, береке бірліктің бұзылмауына бар күшін салу. Сонымен қатар, өздерінен бұрынғылардың жөн жоралғыларын жоғалтпай, тәлім-тәжірибелерін өкшесін басқан өскелең ұрпаққа аманаттайтын жандар ғой. Ал енді біреу қателесіп қалса, оған зекіп, ұрсып, ақыл айтқанын бұлдап, мен-мендікке салынатын болса, ол қандай қария. Ондай адамды қазақы ұғымда қария деп айтуға келмейді. Кейде мешіттердің алдында қайыр сұрап тұратын үлкендерімізді кездестіріп жатамыз. Олардың басындағы жағдайды толық түсіну әрине қолымыздан келмес. Оның барлығы жүректердің әміршісі Алла Тағалаға ғана аян. Бәлкім өзінің жастық шағында балаларына дұрыс тәрбие бермегенінен болуы мүмкін. Мүмкін балаларының қатыгездігі. Жалпы айтқанда қиындықтардың көбісі адамдардың өмірге деген талпынысының төмендігінен болады. Адам өзін-өзі қолға алып, шама келгенше біреуге масыл болмауға тырысу керек. Туған-туысқандарының, ауылдасының, тіпті танымайтын адамның басында қандай да бір қиындық орын алған болса, оған біздің қарт-қарияларымыз бей-жай қарамаған. Жылу жинап жәрдемдесіп, халықты бірлікке, бауырмалдылыққа бағыттап отырған. Асарлатып көмек көрсетуде көнекөз қариялардың қалыптастырдан даңғыл жолы. Бұл үрдіс әлі күнге бар. Бірақ аз», дейді Е.Рысқали.

Аз уақыт болсада Англияда тұрып келген Ерлан Рысқали ол жақта жас, қария деп бөліп қарамайтынын алға тартты.

«Ол жақта бәріне бірдей құрмет көрсетіліп, бәріне бірдей қарым-қатынас жасайды. Айлық-жалақылары да, зейнетақылары да жоғары. Зейнетке шыққан үлкендері тек ел аралап, саяхаттаумен жүреді. Олар өздерінің түсінігі бойынша баласы кәмелетке толғаннан кейін оларға қарамайды. Өздерінің күнін өздері көру керек деген ұстанымдары бар. Осы жағы біздің танымымызға келінкіремейді. Себебі, қазақтың қариялары зейнетке шыққан соң немеремді бағайын деп солар үшін бәйек болып жүреді. Зейнетке шыққан соң жарытып зейнетақы алмайтындары да жасырын емес. Біріне жетсе, біріне жетпей күн кешуде. Жалпы айтқанда жаһандану дейтін үздіксіз қарқын алған үдеріске, әлемдік ақпарат ағынына төтеп беретін қазақтың иммунитеті әлсіз. Оны күшейтетін жоғарыда айтқан үлкендердің тәрбиелік мектебі», деп сөзін түйіндеді өнер иесі.

Ертеректе бір елдің ханы: «Қартайған әке-шешелеріңді айдалаға апарып тастаңдар. Ит пен құс жеп қойсын. Кәрі кісілерден ештеңе күтуге болмайды. Қоғамға пайдасы жоқ. Олар бізді ескілікке жетелейді», дейді. Бәрі патшаның бұйрығын орындайды. Бір жігіт әкесін қимай, сандыққа салып тығып қояды екен. Бір күні хан жалындаған жас сарбаздарды жинап алып, бәрін қырып тастаймыз деп жорыққа аттанады. Әлгі жігіттің әкесі баласына: «Сендер жассыңдар ғой. Бір қателік жіберулерің мүмкін. Мені де білдірмей алып жүрші», деп өтінеді. Аттанған әскер аяқ асты адасып, жол таппай, соңында сусыз, шөл далаға тап болады. Енді не істейміз деп даурығады. Содан жігіт әкесіне барып мән-жайды айтады. Сонда әкесі, «Шөлдеген өгізді жіберіңдер. Олар тоқтаған жерді иіскеп, кейін тарпиды. Сол жерді қазсаңдар су шығады», деп кеңес береді. Соның бәрін жүзеге асырғанда олар бәледен құтылады. Бір уақытта жаңағы әскер келе жатып дарияға кез болады. Қараса дарияның түбінде гауһар жатыр екен. Қасында үлкен ағаш өсіп тұр. Сарбаздар бірінен соң бірі секіреді. Гауһарды таппайды. Әлгі жігіт әкесіне қайта барып, мән-жайды түсіндіреді. Әкесі, «Дарияның жанында не бар?» деп сұрайды. Баласы үлкен бәйтерек тұрғанын, оның басында ұя барын айтады. Сонда әкесі, «Гауһар сол ұяның ішінде жатыр. Соның сәулесі суға түсіп тұр», дейді. Жігіт әкесінен естігенін ханға жеткізеді. Хан бұйрық беріп, ұяны аштырса шынымен ішінде гауһар бар екен. Хан жігітке қарап, «Бізді екі бірдей тығырықтан шығарып, ақыл таптың. Бұны қайдан білдің», дейді. Жігіт сонда бұл ақыл-кеңесті өзінің тығып асыраған әкесінің айтқанын білдіреді. Содан бастап хан қарияларды сыйлап, оларға өле-өлгенше қызмет етуін, сондай-ақ қандай ел болмасын қарт кісілердің ақыл-кеңесі арқылы түзелетінін жар салады. Иә, отаудың емес, Отанның қамын ойлап, іргелі істерде ірілік танытып жүретін қарияның орны қашанда бөлек. Абыздығымен аңыз болып қалған ақсақалдардың терең тәлімі мен тектілік тәрбиесі үзілмесін дейміз.