Қала аумағынан тыс жерде тұратын Полиция департаментінің 700-ге жуық қызметкері карантин кезінде вирус таралмас үшін Алматы қаласының жатақханаларына орналастырылды.
– Қала карантин режимінде болғандықтан, кез келген тұрғын жұқпалы аурудың қоздырғышы болуы ықтимал. Төтенше жағдайда құқық қорғау жүйесінің жұмысы күшейіп, полиция қызметкерлерінің халықпен байланысы – жұмыстың ажырамас бөлігіне айналады. Полиция жұмысының ерекшелігіне байланысты қала сыртында тұратын тәртіп сақшыларын уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Мемлекет есебінен біздің қызметкерлерге барлық жағдай жасалды. Карантин кезінде Алматының барлық полиция қызметкерлері казармалық режимде – қалада болады, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Абдуали Нашарбеков.
Тәртіп сақшылары тұратын жатақханаларда тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Полицейлердің пікірін тыңдап көруге болады. Бұл туралы тәртіп сақшылары да ашып айтуда.
– Үйде үш балам, әйелім және анам қалды. Әрине, біз сағынамыз. Бірақ бұл – қызмет. Туысқандар алдындағы жауапкершілік бар, өзімізге жүктелген міндеттер бар, бәрін түсінеміз. Тұрғын үй жағдайларына қатысты шағым жоқ, бәрі бар деуге болады. Қажет болған кезде казармада, шатырлы лагерлерде де тұрамыз, ең бастысы – еліміз тыныш болса, азаматтарымызға қауіп төнбесе болды, – дейді Метрополитендегі Полиция басқармасының қызметкері Қуат Байшуақов.