Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып жүрген волонтерлермен кездесті. Олар елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күннен бастап полиция қызметкерлерімен бірге қоғамдық тәртіпті қадағалауда.
Байланыс орнату үшін олар арнайы кеудешелермен және радиостансалармен қамтамасыз етілген. Жұртшылықты, соның ішінде еріктілер қозғалысын осы тәртіп сақтауға, іздестіру іс-шараларына және полицияның учаскелік инспекторларына көмек көрсетуге тарту жөніндегі бастама еліміздің барлық аймақтарында енгізілді.
Еріктілер жоғалған балалар мен қарияларды іздеуге, резонанстық қылмыстарды ашуға қатысады, түрлі оқиғалар кезінде көмектеседі. Бүгін, елде төтенше жағдай енгізілген кезеңде еріктілер рейдтік және алдын алу іс-шараларын жүргізуге жұмылдырылған. Олар учаскелік инспекторлармен және патрульдермен бірге карантинге байланысты енгізілген шектеулер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жалпы полиция қызметкерлеріне еліміз бойынша 1200 ерікті көмек көрсетуде.
– Біз бұрын кездеспеген қауіпке тап болып отырмыз. Ішкі істер министрлігінің барлық қызметтері мен бөліністері – полицейлер, құтқарушылар мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған. Бұл күндері азаматтарымыздың тарапынан көрсетілетін көмектің маңызы ерекше. Мен отаншылдық пен азаматтық борышына адалдығын ісімен танытып, полицейлермен бірге қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысып жүрген адамдардың барлығына алғысымды білдіремін. Бірлескен күш-жігердің арқасында біз осы күрделі кезеңді еңсере аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды – Волонтер жылы ретінде жариялағаннан бері еріктілер қатары тек толыға түсетініне сенімдімін, – деді Е.Тұрғымбаев.
Өз кезегінде еріктілер де осындай алдын алу іс-шараларын өткізуде тиімділігін көрсетті. Олар карантин кезінде учаскелік инспекторлармен бірлесіп, азаматтарға бұл кезеңдегі қауіпсіздік шаралары және төтенше жағдай талаптары туралы ескертуде.
Осылайша ІІМ өкілдері жастарды қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдыра отырып, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруда. Сонымен қатар олардың қоғам алдындағы борыш сезімін нығайтып, құқықтық сауаттылықты арттыруды көздеп отыр.