Біз осыған дейін оқушылардың соңғы тоқсанды қашықтан оқитынын хабарлағанбыз. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа форматтың қалай жүзеге асырлатынын айтты.
Қашықтан оқыту туралы қоғамда және мұғалімдер мен ата-аналар арасында көптеген сауалдардың туындағанын жеткізген министр:
– Біз сыни пікірлерді естіп те, көріп те отырмыз. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн. Өкінішке орай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс.
Біз осындай жағдайға тап болған басқа елдердің тәжірибесін алдын ала зерделедік. Іс жүзінде олардың барлығы қашықтан оқу режиміне көшкен: бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда. Барлық мүмкіндіктерді, аспектілер мен тәуекелдерді жан-жақты ой елегінен өткізе отырып, біз де уақытша қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылдадық, – деді.
Ведомство басшысының мәлімдеуінше, қашықтан оқытуды іске асыру екі бағыт бойынша жүргізілмек.
Біріншіден, телеарналар арқылы сабақ өткізу. Бұл – тіпті жаңа формат. Балапан және Еларна телеарналары бізге өздерінің эфирлік уақытын ұсынды. Түсірілім жұмыстары басталып кетті. Негізгі пәндер бойынша 2000-нан астам бейнесабақ түсіру қажет.
– Мен кеше түсірілім жұмыстары жүргізіліп жатқан студияда болдым. Сценарий жазушылардан, режиссерлер мен педагогтерден тұратын жұмыс тобы әрбір шығарылымды мұқият пысықтауда. Біздің ұстаздар тележүргізуші ретіндегі мүлдем жаңа рөлді меңгеріп жатыр. Бейнесабақтар қазақ және орыс тілдерінде жазылуда. Бұл оңай іс емес екенін бірден айтқым келеді, деп жазды А.Аймағамбетов.
Ал екінші бағыт бойынша арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы сабақтар өткізіледі. Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды геймификациялауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасайды.
Министр бұрын мұндай компаниялардың білім беру контентіне қол жеткізу ақылы болғанын, осы кезеңде біздің балалар барлық керек ақпаратты және платформаларды тегін пайдалана алады. Тиісті келісімге қол жеткізіп отырғанын атап өтті. Қоса кетейік, білім беру ресурстарын қолдануға мегабайт алынбайтыны туралы толығырақ бұрынғы материалымыздан оқи аласыз.