Осыған байланысты қала әкімдігі жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық жедел штаб қосымша шектеу шараларын бекітті. Бұл шектеу 28 наурыздан сағат 00.00-ден бастап 2020 жылдың 5 сәуірі сағат 23.59-ға дейін енгізілмек.
«Коронавирустың таралуына қатысты жағдай біз ойлағаннан да ауыр болды. Қауіпті бағаламау –жауапсыздық әрі заң бұзғанмен бірдей. Біз вирусты оқшаулап, оның таралуын болдырмау үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асырудамыз. Бізге тек сіздердің қолдауларыңыз қажет», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бекітілген хаттамаға сәйкес, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардан бөлек, барлық ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмысы 30 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін уақытша тоқтатылады. Бұл санатқа қалалық басқару органдары, азық-түлік, медициналық және ветеринарлық нысандар, қаланың тыныс-тіршілігі мен қауіпсіздігін үздіксіз қамтамасыз ететін қызметтер мен БАҚ кірмейді. Қажеттілік болмаса қалада адамдар мен жеке көліктің жүруіне тыйым салынады. Азық-түлік және дәрі-дәрмектер алу үшін үйдің қасындағы дүкен мен дәріханаға баруға болады. Сондай-ақ үй жануарларын серуендетуге рұқсат етілген.
«65 жастан асқан тұрғындардың көшеге шықпауын сұраймын. Бұл ретте мұқтаждарға әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер қажетті көмек көрсетеді. Қалада кәмелетке толмағандардың ересектерсіз жүруіне болмайды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар, қоғамдық көліктің жұмыс кестесі сағат 06.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қысқартылды. Бұларда барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталуы тиіс. Қоғамдық көліктегі жолаушылар 40%-дан аспауы тиіс. Сонымен қатар, қауіпсіздік және жүргізушілердің коронавирусты жұқтыру қаупін азайту мақсатында жүргізушілерге қоғамдық көліктің алдыңғы есіктерін ашуға тыйым салу туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, қаланы дезинфекция жүргізілгеннен кейін ауқымды жұмыстар жүзеге асырылатын болады. Әрбір аудан бойынша аумақты өңдеудің жалпы кестесін аудан әкімдіктерінің аппараттары және дезинфекциялық өңдеуге тартылған басқа да ұйымдар жүргізіп, реттейді. Дезинфекция жүргізілгеннен денсаулыққа зиян тимес үшін 5 сағаттай далаға шықпау керек.
«Қоғамдық көлік өз жұмысын таңғы сағат 06.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жалғастырады. Азық-түлік, дәрі-дәрмек және бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізу қызметтері сағат 9.00-ден 22.00-ге дейін қолжетімді болады. Барлық ұйымдар, кәсіпорындар мен қалалық қызметтердің жұмысшылары санитарлық қорғау тәртібін күшейтеді», — деді Б. Сағынтаев.
Төтенше жағдай кезінде туыстарға барып, қонақ шақыруға тыйым салынады. Жерлеу рәсіміне қатысатындар 10 адамнан аспау керек. Қала көшелерінде құқық қорғау органдары мен ҚР Ұлттық гвардиясының өкілдері тәулік бойы бақылайтын болады. Тәртіпке бағынбағандарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.
«Бұл шаралардың барлығы қоғамның денсаулығын қорғап, әл-ауқатын көтеру үшін жүзеге асырылуда. Бұл күндері әрқайсымыз жеке бастың әрі ұжымдық жауапкершілікті таныта білуіміз тиіс. Әркім өзінің гигиенасын сақтап, өзін-өзі оқшаулау арқылы коронавирус індетінің таралуын болдырмауға септігін тигізбек. Бірлесе біз бұл қиындықты еңсереміз», – деді Бақытжан Сағынтаев.