• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 28 Наурыз, 2020

Мектептегі компьютерлер оған мұқтаж мұғалімдер мен оқушыларға беріледі

582 рет
көрсетілді

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Қашықтан оқытуға көшуде техниканың жетіспеушілігі үлкен проблема тудырып отырғаны белгілі. Өйткені тұрмысы төмен және көп балалы отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушыларда жекеменшік смартфонның өзі жоқ. Бұған қоса мұғалімдер арасында да техника тапшылығы бар.

Ведомство басшысы қашықтан оқыту жүйесінде басқа дамыған елдерде де орын алып жатқан кейбір қиындықтардың кездесетінін жеткізді. Яғни мұғалімдер мен оқушылар техниканың тапшылығынан, кейбір отбасында мүлдем жоқтығынан немесе интернет байланысының болмауынан қиындық көруі мүмкін. Ал осындай кедергілерді А.Аймағамбетов әкімдіктермен бірге шешетінін айтты. 

– Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселелер қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысты бастап кетті.

Эпидемиологиялық ахуалға қарай, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде (80-ге жуық бала оқитын) оқытуды дәстүрлі форматта жалғастыру мүмкіндігін қарастырудамыз, тағы бір мәрте атап айтамын – тек қарастырудамыз. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, бұл мәселе каникул аяқталғанша шешіледі. Ал әзірше олар да қашықтан оқытуға белсенді дайындалуда, – деді министр.