Кешелі бері елордада 47 адамға коронавирус жұққаны анықталды. Бүгін қалалық әкімдікте өткен брифингте қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова баспасөз мәслихатын өткізіп, тіркелген жағдайларға қатысты мәлімдеме жасады.
Соған сәйкес, елордада 27 наурызда – 15, 28 наурызда 32 коронавирус жұқтыру оқиғасы (КВИ) тіркелген. Солардың 41-і, яғни шамамен 90 пайызы бұған дейін вирус жұқтырғандармен жақын байланыста болған, бұрын оқшауланған және стационарлық бақылаудағы адамдар.
Мониторинг барысында 6 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Олардың біреуі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайы бар елден келген. Қалған 5 адам КВИ науқастарымен байланыста болған.
Бүгін КВИ-дан сауыққан 11 науқас үйлеріне шығарылады. Олар 16-17 наурызда Нұр-Сұлтанның жұқпалы аурулар ауруханасында стационарлық емделді.
«Барлық пациенттер КВИ диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес емдеу схемасын толық аяқтады. Жүргізілген емдеуден кейін 24 сағат интервалымен КВИ-ға зертханалық зерттеу 2 рет жасалып, сараптама теріс нәтиже көрсетті. Олар 14 күн бойы үй карантинінде болады», деді С. Кисикова.