Азамат Қасым – «Егеменнің» елдегі елгезек тілшілерінің бірі. Шұғылалы шығыстан жолдаған шұрайлы мақалалары газетімізде жиі жарияланып тұрады. Кейбір кесек дүниелері тіпті, жоғары жақтың назарына ілігіп, көтерген көкейкесті мәселесі бойынша іле-шала тиісті шешімдер қабылданған кездер де болды.
Қазақ Ұлттық университетінде журналистік оқу тауысқан талапты оғлан жастайынан танылып, «Алматы ақшамы», «Алаш айнасы», «Дала мен қала», «Заң», «Жас қазақ үні», сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар»газеттерінде жемісті жұмыс істеді. Соның нəтижесінде Президенттің Алғыс хатын алып, «Жылдың жас журналисі» атанған. Бұйырса, бұл əріптесіміздің алар асулары əлі алда деп білеміз.
Осы жуырда ғана оның «Ел – əңгімеші» атты кітабы жарық көріп, оқырманға жол тартты. Иə, ұлы Мұхтар Əуезов айтқандай, «Жер əңгімеші, жер əңгімеші болған соң ел – əңгімеші». Жалпы ұлан-ғайыр қазақ даласының қай пұшпағы да қасиетті. Тарихи-танымдық тағылымдарға тұнып тұр. Әйтсе де, Абай, Шəкəрім, Мұхтар сынды даналарды берген Шыңғыстау өңірінің әрине жөні бөлек. Сол киелі топырақта туып-өскен Азамат ініміздің сана саңылауы ертерек ашылып, ел ішіндегі есті сөздерге құмарлана құлақ түргені анық.
Жып-жылы жинаққа енген ой-толғамдар, очерктер, сұхбаттар көзі ашық, көкірегі ояу көпшіліктің көңілінен шығарына шек келтірмейміз. Бір байқағанымыз, орда бұзар отызды енді ғана орталаған қаламгер ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға қал-қадерінше құлаш ұрады. Этнографиялық этюдтерге толы «Аюды арқандаған Шойтабан», «Тарпаңдарды тырп еткізбейтін Тəттімбет» жəне басқа мақалалары оқырманды еріксіз баурайды. Қазір саятшылық, атбегілік сияқты мынау қазақтар қалаланған заманда таңсық тақырыпқа айналған «ескілік қалдықтарынан арыла алмай» жүрген этно-журналистер онша көп емес. Сондықтан Азамат Қасымның қан сонарға түскен аңшыдай қанжығасын майлауға асыққан ізгі ізденістеріне сəттілік тілейміз.
Кітапта сіз бен бізді бейжай қалдырмайтын басқа да мəйекті мақалалар баршылық. Оларды өздеріңіз оқығандарыңыз дұрыс болар.