Волонтерлердің республикалық фронт-офисі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан 500000 дана бетперде алды.
BIRGEMIZ ұранымен 150-ден астам ұйымды біріктіретін фронт-офис волонтерлері алдағы уақытта бұл бетперделерді балалар үйлеріне, ауруханаларға және халықтың әлеуметтік осал топтарына беруді көздеп отыр. Бұл жұмыстар басталып та кетті.
Мәселен, «Ұлттық волонтерлер желісінің», «Мейірімділер клубының» және «Астана жастарының» волонтерлері «Нұрлы жүрек», «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында және елордадағы балалар үйінде болып 14,5 мың бетпердені таратып үлгерді. Қалған бетперделер Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы мұқтаж азаматтарға үлестіріледі. Бұл ортақ іске әр отандасымыз өз үлесін қоса алады.
Өз кезегінде еліміздің барша волонтерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа волонтерлік қозғалыстың құрметті елшісі ретінде осындай игі акцияға қатысып, мұқтаж жандарға бетперде ұсынғаны үшін шынайы алғысын білдіруде.