• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Наурыз, 2020

Ақтөбеде халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары белгіленді

364 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысы мен онымен көршілес Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында коронавирус инфекциясы таралып отыр. Соған байланысты Ақтөбе облысының Бас Мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева пандемияның кеңінен таралу қаупінің алдын алу үшін арнайы Қаулы шығарды. Мұнда тұтастай өңір мен Ақтөбе қаласы аумағында халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жан-жақты қамтылған.

Соған сәйкес 2020 жылдың 31 наурыз күнгі сағат 00.00 ден 2020 жылғы 15 сәуір күнгі сағат 07.00 ге дейін ауқымды іс-шаралар кешені жүзеге асырылмақ. Осы уақыт аралығында тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар таситын көліктерден өзге қозғалыс құралдарының барлық түрлеріне облыс аумағында жүруге тиым салынады. Арнайы материалдар таситын автомобильдер дезинфекциялық тосқауылдармен қамтамасыз етіледі. Үкіметтік, жүктік транзиттік рейстер мен темір жол байланыстары шектеулі мерзім кезінде жүргізілмейді.

Сондай-ақ бұл кезде барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар, ірі сауда орталықтары, барлық әлеуметтік-тұрмыстық нысандар жұмысын тоқтатады. Ал қызмет жасайтын ең қажетті деген нысандардың жұмыс кестесіне шектеу қойылады. Бұған қоса Бас Мемлекеттік санитарлық дәрігердің Қаулысына сәйкес өңірде залалсыздандыру тәртібі мен режимі күшейтіледі. Оның басты жолдарының бірі –көп бейінді антисептикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету болып отыр. Қоғамдық тамақтандыру орындарына қойылатын санитарлық талаптар да күшейтіледі.

Бұған қоса қабылданған құжатта Ақтөбе аймағы тұрғындарының белгіленген сақтандыру шараларын мұқият орындауы қажеттігі көрсетілген. Карантиндік режимнің орындалуын бақылау мақсатында көшелер мен ірі елді-мекендерде патрульдік тәртіп енгізілмек. Covid-19 ошақтары тіркелген жағдайда қала аумағы мен тұрғын үй аумақтарын оқшаулау мен қорғау шаралары жасалмақ. Тұтастай алғанда облыс пен Ақтөбе қаласының карантиндік аймағы толықтай қоршалмақ.

Коронавирус инфекциясының таралуы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау саласының өкілдеріне де жаңа міндеттер жүктеуде. Оның басты тармағы санитарлық-дезинфекциялық жағдай мен эпидемияға қарсы режимді күшейтуден тамыр тартады. Covid-19 жұқтарған науқастар мен олармен қарым-қатынаста болған адамдар инфекциялық стационарға жатқызылып, дереу оқшауланбақ. Індет белгілері байқалған адамдарды ерте анықтау үшін аулаларды аралау белгіленген. Санитарлық лок-бекеттерде температураны өлшеу ісі мұқият әрі толық жүргізіліп, бұл сәтте медицина қызметкерлерінің қорғаныс деңгейін қамтамасыз ету қарастырылған.

-Театр киім ілгіштен басталса, коронавирус инфекциясынан сақтану – тұрғындар арасындағы түсіндіру жұмыстарынан басталады. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар мен барлық мүдделі ұйымдар өкілдері БАҚ-пен әлеуметтік желілерде онлайн режимінде өткізілетін брифингтерде сындарлы болуына белгіленген талаптарды тиянақты әрі түсінікті түрде айтуына баса назар аударғандары жөн. Біздің қазіргі басты мақсатымыз аумақтық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп осы Қаулының жүзеге асуын қамтамасыз ету. Ал оның орындалуын бақылау жөніндегі жауапкершілікті өзіме қалдырамын дейді Ақтөбе облысының Бас Мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева.

Біз осы түйінмен материалымыздың нүктесін қойғанды жөн көреміз.