• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 31 Наурыз, 2020

Азаматын қорғау – елге парыз (Шектеу шараларына байланысты шетелдерден шыға алмай қалған отандастарымыз елге жеткізілді)

459 рет
көрсетілді

Қай кезде болсын әр елдің өз азаматтарын қорғауы, қолдауы – басты міндеті. Еліміз де бұл міндет жүгін әрдайым басты назарда ұстап, оны абыроймен атқарып келеді.

Қазіргі қиын-қыстау кезеңде, әлемді пандемия дерті жайлаған тұста Қазақстан шетелдегі отандастарымызды елге әкелу ісіне ыждағаттылықпен ден қойып отыр. Аталған мәселені шешуге бар күшін жұмылдырған тиісті орындардың, оның ішінде Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің еңбегі ерен. Осы орайда, індеттің жаппай таралуына байланысты шетелде қалып қойған азаматтарымызды елге әкелу жұмыстарына шолу жасауды жөн көрдік.

Елшіліктердің еңбегі ерекше

Жалпы, бүгінге дейін мем­ле­ке­ті­міздің тікелей араласуымен елімізге 7702 азаматымыз оралды. Сондай-ақ 754 отандасымыз елімізге қайтуға кө­мек­тесуге өтініш білдірген. Сыртқы істер министрлігі келтірген деректер­ге сүйенсек, қазіргі таңда шетелдер­де 288 854 азаматымыз тұрады. Олар­дың басым бөлігі елге оралуды кейін­ге шегеруді жөн көрген екен. Қазақ­станның елшіліктері оларға қажетті көмек көрсетіп отыр.

Коронавирустан туындаған қолайсыз жағдайға байланыс­ты Тби­ли­сиден еліміздің 143 аза­маты ел­ге келді. Рейс Қазақ­станның Грузия­дағы ел­шілігінің қолдауымен ұйымдас­тырылды.

Жолаушыларды рейске тір­кеу және отырғызу барысында аза­маттары­мыз сабырлық сақтағанын атап өткен жөн. Кедендік және шекаралық ба­қы­лау рәсімінен кедергісіз өтті. Жо­лау­шылар рейстің кешігуіне тү­сіністікпен қарап, чартерлік рейстің ұйым­дастырылғаны үшін алғыс біл­дірді.

28 наурызда Қазақстанның Лит­­вадағы елшілігінің қол­дауымен Виль­нюс, Каунас және Клайпеда қала­ларында оқитын қазақстандық 15 студент әуелі Минскіге, содан кейін Нұр-Сұл­тан мен Алматыға келіп жетті.

Айта кету керек, наурыз айы­ның ортасынан бастап халық­аралық әуе қатынастары тоқта­тылған-ды. Содан бері елшіліктің қолдауымен осы елде оқитын 50-ден астам қазақстандық үйлеріне аман-есен оралды. Олардың ара­сында литвалық жоғары оқу орындарында білім алып жүр­ген қазақстандық студенттер, «Бо­лашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтушілер бар.

Сондай-ақ 28 наурызда Қа­зақ­станның 44 азаматы «Belavia» әуекомпаниясының рейсі­мен Барселона әуежайынан Минск арқылы Нұр-Сұлтан мен Ал­матыға ұш­ты. Олардың көпшілігі студент. Ара­сын­да кәмелеттік жасқа толмағандар да бар.

Мұндай қадам Мадридтегі Қа­зақ­стан елшілігі және Бар­село­надағы консулдық қызмет­кер­лерінің тиімді жұмысының нә­тижесінде мүмкін болды. Елшілік қыз­меткерлері Испаниядағы аза­мат­тарымызға күнделікті көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.

Испанияда пандемияның жылдам таралуына байланысты және рейстердің басым көпшілігі тоқтатылғандықтан, Қазақстанның Испаниядағы ел­шілігі Мадридтегі Беларусь елшілігі және «Belavia» әуеком­паниясының басшы­лығымен Барселонадан ұшуға билетті сатып алған барлық қазақстандық жолаушыны елге әкелу үшін әуе кемесін үлкенірек түріне ауыс­тыруға келісті.

Бірнеше күн бойы қазақ­стан­дық дипломаттар отандастарын еліне ұшудың нақты жолдары туралы «қолма-қол» хабардар етіп, тез арада билеттерді сатып алуды, жағдайды болжау қиын кез­де ұшуды кешіктірмеу керек екені туралы ақпараттандырып, мүм­кіндікті пайдалануға шақырды.

Бүгінгі таңда қазақстандық дипло­мат­тардың көмегімен 150-ден астам қазақстандық Испаниядан түрлі рейстермен елге жетті. Испанияға емделуге келген және кәмелетке толмаған Қазақстан Республикасының азаматтарына ерекше көңіл бөлінеді.

Чехия да «қарт құрлықта» тараған індеттен жапа шекті. Осыған байланыс­ты аталған мемлекеттегі Қазақстан елшілігі отандастарымызды елге жеткізу мәселесін басты назарда ұстап отыр. Мәселен, елші Марат Тәжиннің тапсырмасымен дипломаттарымыз осы елде Прагадан 120 шақырымда орналасқан кішігірім Бехин қаласында орта мектепте білім алатын қазақстандық балаларды эвакуациялауды жүзеге асырды. Елшілік қызметкерлері басқа қалалардағы отандастарымызды да жинап, елге жеткізумен айналысты. Өз кезегінде, Қазақстанға оралған азаматтар елшіге және дипломатиялық миссия өкілдеріне зор алғысын білдірді.

Бұдан бөлек, қазақстандық дипломаттар Біріккен Араб Әмірлігіндегі 800 қазақстандыққа елге оралуға көмек көрсетті.

Covid-19 пандемиясы аясында БАӘ халықаралық әуе рейстерінің көпшілігін уақытша тоқтатты. Сондай-ақ елде дезинфекциялау жөніндегі іс-шараларға байланысты автокөлік қозғалысы да шектелді. Соған байланысты 20-28 нау­рыз аралығында Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі, Дубайдағы Бас консулдығы және Әмірліктердің мемлекеттік ор­га­н­дарының көмегімен 801 отандасымыз елге жетіп алды.

Азаматтарымызды шетелдерден қайтару жөніндегі шаралар аясында Қазақстан Республикасы Қорғаныс ми­нистрлігі мен Сыртқы істер министр­лігінің, сондай-ақ Тәжікстанның мем­ле­кеттік органдарының бірлескен күш-жігерімен 28 наурызда осы мемлекеттен отандастарымыз елге жеткізілді.

Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің әскери-көлік авиациясының қолдауымен 24 азамат елге аман-есен келіп қонды. Бұл азаматтар Тәжікстан аумағында бол­ған және тәжік билігі қатаң шектеу шара­ларын енгізгеннен кейін шыға алмай қал­ған еді. Сонымен қатар осы борт арқы­лы Тәжікстанның 23 азаматы өз ота­нына оралды.

Швейцарияда 16 наурыздан бастап тө­тенше жағдай енгізілгеннен бері осы елдегі елшілігіміз 26 азаматымыздың Швей­цариядан Мәскеу, Ыстанбұл және Минск арқылы Қазақстанға қайтуына ықпал етті. Олардың ішінде 18 студент бар.

Әйтсе де қазақстандықтардың көп­ші­лігі ұшу кезінде ауру жұқтыру қаупін ескеріп, Швейцарияда қалу туралы шешім қабылдады. Елшілік Қазақстан азаматтарымен үнемі байланыста. Елшіліктің веб-сайты, әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан азаматтары коронавирустық пан­демия кезінде Қазақстан мен Швей­царияда қабылданған шаралар туралы ақпаратты тұрақты түрде алып тұрады.

Дипломаттарымыз Францияда қиын жағдайда қалған қазақстандықтарға да қолдау көрсетіп отыр. Франция COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар саны бойынша әлемдегі бірінші ондыққа кіреді. Отандық дипломаттар азаматтармен тәулік бойы байланыста болып, елге оралуларына жәрдемдесіп келеді.

Франциядағы қазақстандықтар не­гі­зінен жоғары оқу орындарының студент­тері. Соның ішінде «Болашақ» және «Абай-Верн» бағдарламаларымен және жеке бастамамен оқып жүргендер, француз компаниялары мен халықаралық ұйым­­дардың қызметкерлері, жергілікті аза­мат­тар отбасыларының мүшелері бар. Па­риж­ден бөлек, отандастарымыз Лион, Страс­бург, Гренобль, Монпелье, Лилль және басқа да қалаларда тұрады. Олар­ға да елшілік қызметкерлері қолдау көрсетуде.

Екі мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасы тоқтатылғаннан бері (6 наурыздан бастап) елшілік Қазақстанға, негізінен «Белавиа» және «Аэрофлот» компанияларының рейстерімен 50-ден астам отандасымыздың және басқа да елдерден транзитпен келе жатқан бірқатар қазақстандықтың елге оралуына жәрдемдесті.

Франция үкіметі 12 наурызда тұр­ғын­­дардың жүруіне қатаң шектеулер енгіз­генінен кейін елшілік отандастардың сұрақтарына дер кезінде жауап беру мақ­сатында тәулік бойы істейтін «жедел желі» ашып, әлеуметтік желілерде ақпараттық және түсіндірме жұмысын күшейтті.

Отанға оралу немесе Франциядағы қазіргі тұрып жатқан орнында оқшаулану туралы шешімді әрбір қазақстандық жеке өзі қабылдайды. Дегенмен, дипломаттар жеке тәуекелдерін салмақтауға шақырады. Елге қайту жөнінде шешім қабылданған жағдайда дипломаттар шұғыл көмек көрсетуде.

Елшілік қызметкерлері Франциядағы отандастар «санағын» жүргізуін жал­ғас­тырып, оларда туындап жатқан мәсе­лелерді зерделеуде. Осы орайда аталған мемлекетте уақытша немесе тұрғылықты тұрып жатқан Қа­зақ­станның барлық азаматын консулдық есепке тұ­руға шақырған. Бұл халықаралық қағида бі­рінші кезекте төтенше жағдайларда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге бағытталған.

Коронавирустық инфекцияның жылдам тарауына байланысты біздің азаматтарымызды шетелдерден қайтару жөніндегі іс-шаралар аясында 27 нау­рызда Украинадан Қазақстанға 76 отандасымыз сәтті оралды.

Осындай нәтижеге қол жеткізу үшін елшіліктің дипломаттары ауқымды жұмыс атқарып, соның ішінде Қазақ­станға қайтатын азаматтарымыздың тізімін әзірлеп, «Киев – Алматы – Киев» бағытында чартерлік рейс ұйымдастыру үшін тиімді әуекомпанияны анықтау, қазіргі әлемдегі қиын жағдайда логистика мәселесін шешу және басқа да көптеген ұйымдастыру шарасын жүзеге асырды.

 Қиырдағылар да ел қамқорлығын сезінді

Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдеріне барған қазақстандықтар да отанымызға оралды. Коронавирустық инфекцияның қарқынды таралуына байланысты Қазақстанның Мексикадағы елшілігі Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінен отандастарымыздың елге оралуына көмек көрсетті.

Осылайша, 13-25 наурыз аралығында біздің 127 отандасымыз Доминикан Республикасынан, 4 адам Мексикадан, 3 жолаушы Панамадан және 3 азаматымыз Коста-Рикадан оралды.

Аталған мемлекеттердің халықаралық әуе қатынастарды тоқтату мен шетел азаматтарына халықаралық әуежайлардағы транзиттік аймақтардан шығуға ты­йым салуларына байланысты бірқатар қиындық орын алған болатын. Аталған кедергілерге қарамастан, Мехико мен Мәскеудегі біздің дипломаттарымыздың үйлесімді әрекеттерінің арқасында Қазақстанның көптеген азаматын Мәскеу арқылы транзитпен елімізге аман-есен жеткізу жұмысы сәтті ұйымдастырылды.

Коронавирус пандемиясы аясында АҚШ-тағы қазіргі жағдайға байланысты Вашингтондағы Қазақстан елшілігінің және Нью-Йорк пен Сан-Францискодағы Қазақстан Бас консулдықтарының көмегімен АҚШ аумағындағы 55 отандасымыз елге қайтарылды.

Бірқатар халықаралық әуе рейсінің болмауына және шетелдіктер үшін транзиттік аймақтардың жабылуына байланысты біздің көптеген азаматымыз Қазақстанға ұшып шығу мүмкіндігінен айырылды.

Осы жағдайды назарға ала отырып, Қазақстанның АҚШ пен Ресейдегі елшіліктері бірлесіп, отандастарымыздың Нью-Йорктен Мәскеу арқылы транзитпен ұшуын ұйымдастырды. Бұған дейін осы бағыт бойынша еліміздің 33 азаматы аман-есен елге оралған-ды.

Өз азаматтарымызды шетелдерден қай­тару жөніндегі іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасы Қор­ғаныс министрлігі мен Сыртқы істер ми­нистрлігінің, сондай-ақ Сауд Арабия­сының мемлекеттік органдарының бір­лес­кен күш-жігерінің арқасында 24 нау­рызда осы елден біздің отандастарымыз елге қайта­рылды.

Қазақстанның Әскери-әуе күштері әскери-көлік авиациясының атсалысуы­мен Қазақстанның 33 азаматы Сауд Арабиясынан және 2 азаматымыз Ку­вейттен Джидда – әл-Кувейт – Ақтау бағыты бойынша аман-есен үйлеріне оралды. Бұл азаматтар Корольдіктің аумағында болған және Сауд билігі COVID-19 таралуына қарсы шаралар қабылдау аясында шектеу шараларын енгізіп, халықаралық әуе, жер үсті және теңіз қатынастарына толық тыйым салу салдарынан елден шыға алмай қалған-ды.

Қазіргі уақытта Сауд Арабиясының аумағында Қазақстан Республикасының 100-ге жуық азаматы өз еркімен қалды. Олардың көпшілігі келісімшарт бо­йынша Корольдіктің түрлі қалаларында жұмыс істейді. Соның ішінде туристік визамен барған және Мекке мен Медине қалаларында уақытша жүрген 11 адам бар. Елшілік пен Бас консулдық аталған азаматтармен тұрақты байланыста.

Отандастарымызды Қазақстанға қай­тару бойынша қабылданып жатқан шаралар аясында Польшаға отандық SCAT әуе компаниясының арнайы чартерлік рейсі жіберілді.

Польша билігі енгізген режім мен шекарасының жабылуына қарамастан, Варшавадағы Қазақстан елшілігінің күшімен қазақстандық жолаушыларды отанымызға қайтару туралы келісімге қол жеткізілгенін атап өткен жөн.

Біздің дипломаттарымыздың, Ин­дус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қызметкерлерінің, сондай-ақ жергілікті билік пен қазақстандық әуе компаниясы өкілдерінің үйлесімді жұ­мысы нәтижесінде ұшуын бірнеше күн бойы күтіп отырған 207 жолаушы Қа­зақстанға сәтті оралды. Жолаушылардың басым бөлігі Еуропада оқитын қазақ­стандық студенттер.

 Шектеулерге қарамастан елге жеткізілді

18-22 наурыз аралығында Қазақ­стан­ның Бакудегі елшілігінің және Әзер­байжанның мемлекеттік органдарының қолдауымен осы елден Қазақстанға 51 отандасымыз аман-есен жетіп алды.

Осылайша, 19-22 наурыз аралығында Баку портынан Ақтау қаласына паромдық қатынас арқылы 41 адам келді. Қазақстанның 10 азаматы елге Бакуден Мәскеу арқылы Қазақстанның үш қаласы – Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырауға әуе қатынасымен оралды. 23 наурызда Бакуден Ақтау портына еліміздің тағы 13 азаматы пароммен жеткізілді.

Қазақстан дипломаттарының күш-жігерімен Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елінен азаматтарымыз елге оралды. Үндістан билігінің халықаралық рейстерді жүзеге асыруға тыйым салғанына қарамастан, 17-22 наурыз аралығында Делидегі Қазақстан елшілігінің дипломаттары біздің 538 азаматымызға Қазақстанға қайтуға қолдау көрсетті.

17 наурызда қазақстандық «Kompas Tour» туроператорының чартерлік рей­сімен Гоа штатынан Алматыға 204 Қа­зақстан азаматы келді. Қалған 77 жо­лаушы Гоа – Дели – Алматы бағы­тымен елге оралды. Сонымен қатар 204 қазақстандық Шри-Лан­ка­дан «Ту­ристік Қамқор» қоры ұйым­дас­тырған чар­терлік рейспен шығарылды. Тағы екі отан­дасымызға осы елдің астанасы Колом­бодан ұшып шығуға жәрдем көрсетілді. 10 қа­зақ­стандық турист Мальдив Рес­пуб­ликасынан Мале – Мәс­кеу – Ал­маты бағытымен ұшып кетті.

Қазақстанның Малайзиядағы елшілігі біздің азаматтарымызға қандай да бір айыппұл санкцияларын төлемей, билет мерзімін ауыстыруға көмек көр­сетті. Сонымен қатар Малайзиядағы дип­ло­маттарымыздың көмегімен 22 наурызда Air Astana әуекомпаниясының Куала-Лумпур – Алматы бағыты бойынша тұрақты рейсімен 158 жолаушы, соның ішінде Индонезия мен Сингапурдан 80 транзиттік жолаушы оралды.

Елшілік пен Air Astana әуе ком­паниясының қызметкерлері әуежайда атал­мыш жолаушыларға ыстық тамақ ұйым­дастырды. Әуе компаниясының ақпа­раты бойынша Куала-Лумпур – Алматы бағытындағы соңғы рейс 29 наурызға жоспарланған.

Наурыз мейрамы қарсаңында шет­елдерден 800-ден астам отандасымыз үйіне келді. 22 наурызда Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің дипломаттары біздің туристерді Шарм әл-Шейх – Алматы бағыты бойынша чартерлік рейске отырғызуға қолғабыс көрсетті.

Біздің туристер үшін Scat әуе ком­паниясы ұйымдастырған чартерлік рейс­ке дипломаттардың күшімен Каир және Александрия қалаларында уақытша болған (тұрған) азаматтарымыздың ішінен қосымша жолаушылар отырғызылғанын атап өтеміз. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 235 азаматымыз елге оралды.

Сондай-ақ Түркияда қазақ­стан­дық дипломаттар еліміздің 536 азаматын елге жіберуге көмек көрсетті. Олар Ыстанбұл әуежайының транзиттік аймағында жиналған отандастарымызды жөнелту жөнінде айтарлықтай ауқымды жұмыс жүргізгенін атап өткен жөн. Бұдан бөлек, 32 азаматымыз Мажарстан мен Омандағы дипломаттардың қолдауымен елге жіберілді.

Сонымен қатар 20-21 наурызда Қа­зақстанның Дубайдағы Бас консул­ды­ғының (БАӘ) дипломаттары біздің азаматтарымызды отанына қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында туристерімізді Дубай – Алматы (2 рейс) және Дубай – Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша рейстерге отырғызуды жүзеге асырды.

Аталған рейстерге дипломаттардың күшімен ел аумағында жүрген қосымша жолаушылар қосылған. Атқарылған жұ­мыстардың нәтижесінде біздің 463 азаматымыз елге оралды. Бас консулдық қалған отандастармен тұрақты байланыста және оларға қажетті көмек көрсетуде.

Жалпы, отандастарымызды шетелдерден қайтару барысында қазақстандық әскери қызметшілердің де еңбегі ерекше. Олар шетелде түрлі қиын жағдайларда қалған отандастарымызға тікелей көмек көрсетеді.

Қорыта айтқанда, Сыртқы істер ми­нис­трлігі атқарып жатқан шаруа шаш-етектен. Осы орайда, еліміздің дипло­матиялық қызметкерлеріне алдағы жұмысына сәттілік тілегенді жөн көр­дік. Төлқұжатымызда «Паспорт Қазақ­стан Республикасының меншігi болып табылады, ал оның иесi Қазақстан Респуб­ликасының қорғауында болады» деп анық көрсетілген. Яғни қиын-қыстау ке­зең­де қалған әрбір азаматымызды қорғау, көмек көрсету – мемлекеттің басты мін­деті. Бұл тұрғыдан алғанда, Сырт­қы істер министрлігі қызметкерлері бұл міндетті адал атқарып келеді.