Бұл күндері Алматыда эпидемиялық жағдай күн сайын өзгеріп отыр. Карантинге алынған індет ошақтарынан шектеу шаралары алынып жатқанына қарамастан, олардың қатары қайта толығып жатыр.
Дегенмен, бір жайтқа назар аударған жөн. Алматыда коронавирус жұқтырған тұрғындардың 97 пайызы сырттан жұқтырып келген. Бұл туралы кезекті онлайн-брифингте қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова хабардар етті.
Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің айтуынша, коронавирусқа шалдыққандардың 3 пайызы ғана Қазақстанда жұқтырған. «Осы уақыт аралығында 13 наурыздан бастап індеттің өршуі 3 рет байқалды.
5-ші күні – тәулігіне 9 адам, 15-ші күні – 16 адам, 18-ші күні 10 адам тіркелген. Талдау нәтижелеріне сәйкес 73 адамның 97 пайызы сырттан жұқтырып келгені анықталды. Басқа елден келген 26 адам келесі күні-ақ 45 адамға жұқтырған. Алматыда жұқтырған 2 науқастың ғана байланыста болған адамдары санаулы», дейді бас санитар.
Қалалық бас санитар инфекция көбіне қай елдерден келгенін былайша жіктеді: «Ауырғандардың 40%-ы – Мәскеуден, 23%-ы – Берлин – Алматы рейсімен, 20%-ы – Санкт-Петербург – Алматы рейсімен, 17%-ы Минск – Алматы рейсімен келгендер».
Айзат Молдақасымованың айтуынша ауырғандар жас ерекшелігіне қарай топтастырылған. Олардың көпшілігі – 30-39 жас, одан кейінгілері – 20-29 жас аралығында, үшінші топқа 50-59 жастағы адамдар кіреді. Алматыда коронавирус жұқтырғандардың 62,5%-ы – әйелдер, 37,5%-ы – ерлер.
– Бүгінге дейін Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 73 жағдайы тіркелді, соның жетеуі сауығып, үйіне шықты, – деді онлайн-брифингте қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Дүйсенбі күнгі мәлімет бойынша Қалалық жұқпалы аурулар стационарларында COVID-19-дан емделіп жатқан 66 пациент бар. Жаңадан анықталған 6 адамның төртеуі байланыста болғандар, бір пациент 19 наурызда Минск-Алматы рейсімен және біреуі осы күні Ыстанбұл-Алматы рейсімен ұшып келді. Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 11 жастағы бала бар, қазір ол Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында әкесімен бірге. 58 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, ересек науқастың жағдайы ауыр, 6 ересек адам мен 1 баланың денсаулығы орташа ауыр. Провизорлық орталықтарда 1046 адам бар, оның ішінде 102-сі бала. Алматыдағы провизорлық орталықтар саны алтыға дейін көбейгенін атап өту қажет. Бұған дейін 4 орталық болды. Карантиндік оқшаулау үшін 3 шипажай және бір жатақхана бөлінді.
Қазір 419 азамат карантиндік оқшаулауда жатыр. Бұл шетелден келген адамдар. Олардың барлығы қай елден келгеніне қарамастан, екі күндік карантинге орналастырылуда. Рейстен түскеннен кейін олардан бірден COVID-19-ға талдаулар алынуда. Нәтиже теріс болған жағдайда олар үйлеріне жіберіледі.
АЛМАТЫ