Қаржы министрлігі елге азық-түлік кіргізу шараларын барынша жеңілдетті. Импортталатын азық-түліктерді жеткізу үшін «жасыл дәліз» жұмыс істейді. Кедендік кедергілер жойылып, тексерістер мен тауарлардың құнын бақылау рәсімдері алынып тасталды.
Сондай-ақ 2020 жылғы 22 наурыздан бастап Үкімет жекелеген тауарларды Қазақстаннан шығаруға тыйым салды. Олардың қатарында қарақұмық, ұн, қант, картоп, сәбіз, шомыр, қызылша, пияз, орамжапырақ, күнбағыс дәні, күнбағыс майы бар.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұл тауарларға экспорттық кедендік бақылауды күшейтіп, «АСТАНА-1» электронды декларациялаудың ақпараттық жүйесінде оларды экспорттауға тыйым салды.
Қаржы министрлігі, Шекара қызметі және Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен шешіміне сай, әдеттегі жүйе бойынша жұмыс істейтін жүк өткізу бекеттері белгіленді.
Осылайша, Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасында «Нұрлы жол» және «Достық» өткізу бекеттері (автокөліктер үшін) жұмыс істейді.
Барлық халықаралық шекара бекеттеріндегі өткізу пункттерінде санитарлы-карантиндік бақылау күшейтілген. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары жұмылдырылған, өткізу бекеттері жылу сезгіш құралдар және пирометрлермен жарақтандырылған, науқас адамдар анықталған жағдайда, оларды уақытша оқшаулауға арналған ем-шаралық бөлмелер қарастырылған.