Соңғы кездері тұтыну тауарларының шектен тыс қымбаттап кеткендігі туралы тұрғындардан шағымдар көп түскен еді. Соны тексеру үшін «Qyzyljar Adaldyq Alan'» сыбайластыққа қарсы ұйымы Республикалық «Алғашқы антикоррупциялық медиа-орталық» және саяси партиялар өкілдерімен бірге Петропавлдың бірнеше сауда нүктелерінде бағаларға мониторинг жүргізді. Олардың айрықша назар аударғандары Тұрақтандыру қорынан бөлінген бағалары рыноктық бағалардан төмен болуға тиісті әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарлары еді. Ол ішінде ұн, нан және басқа да астық өнімдері, күріш, картоп, қант, тұз, жұмыртқа, сәбіз, сарымсақ, сүт және сүт өнімдері бар 19 түрлі тауардан тұрады.
Тексеріс нәтижелері бойынша бағалардың шектен тыс артуы табылған жоқ. Тұрғындардан түскен кейбір шағым дәлелденгенімен оның себебі де табылды. Мысалы, «Северный» сауда жүйесі бойынша бір тұрғыннан түскен шағым бойынша тексерілгенде оның қызметкерлері Тұрақтандыру қорынан жаңа түскен тауарлардың бағасы базаға енгізілгенімен дүкен сөрелеріндегі бағалар әлі өзгертіліп үлгермегенін айтқан. Тек сол себепті ғана баға көтеріңкі болып тұр екен.
Нәтижесі үлкен болмаса да қоғамдық бақылаудың қажеттілігі көрініп тұр. Бағаны шарықтатып жіберетіндер тым болмаса олардың тексеріп жүргенінен жасқанып, бағаны тұрақты ұстауға тырысуда. Мәселе, біреудің қылмысын ашуда да емес қой, тек әйтеуір тәртіп сақталса болды. Қоғамдық бақылаулар соған қызмет етіп жүр.
ПЕТРОПАВЛ