Жеңіл атлетикадан 2021 жылы өтетін әлем чемпионаты Токио Олимпиадасы бір жылға шегерілгеніне байланысты 2022 жылы өтетін болып бекітілді. Бұл туралы World Athletics Халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының ресми сайты хабарлады.
Жоспарға сәйкес, жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты 2021 жылдың 6-15 тамызында АҚШ-тың Юджин қаласында өтуі керек болатын. Алайда келесі жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға шегерілген Токио Олимпиадасы ұйымдастырылады.
Сол себепті екі бәсеке бір-біріне кедергі келтірмес үшін жеңіл атлетика бойынша әлем чемпионатын бір жылға шегеруге тура келген. Ал әлем чемпионатының жаңа уақыты алдағы күндері белгілі болмақ.